Суицид • 13 Желтоқсан, 2023

"Бұл - ер адамдардың тірлігі": Әскерде көз жұмған сарбаздың анасы ұлының сөздерін есіне алды

13443 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында көз жұмған сарбаздың анасы Толқын Ғалымова биылғы 7 қарашада орын алған қайғылы оқиғаны есіне алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Бұл - ер адамдардың тірлігі": Әскерде көз жұмған сарбаздың анасы ұлының сөздерін есіне алды

Оның ұлы Қонаевтағы әскери бөлімде өз-өзіне қол жұмсаған.

Мgorod.kz-тың жазуынша, әйелдің ұлы Арсен Ишановтың қаза тапқанына бір ай болды.

"Жанымды қоярға жер таппаймын. Ол 2003 жылы дүниеге келген. Екінші балам еді, жалпы төрт балам бар. Балаларды жалғыз тәрбиелеп отырмын, олардың әкесі 2014 жылы жол апатынан қайтыс болды", - дейді Толқын Ғалымова.

Марқұмның анасының сөзіне қарағанда, ұлы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да "қауіпсіздік техникасы" мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ол пәндердің бірінен емтихан тапсыра алмай, кейін оқуын тастап кетіпті. Әскери комиссариатта оқымайды деп тіркелген. Көп ұзамай оған шақыру келген. Жігіт медициналық комиссиядан өтіп, биыл сәуірде қызмет етуге шақырылған.

 "Арсен әуе-десант әскеріне жазылды. Бұл қиын екенін айттым. Бірақ ол әуе күштерін элиталық әскер деп санады да, айтқанынан қайтпады. 4 сәуірде таңертең ұлымды пойызға шығарып салдым. Мамырда оған Алматыға ант беру рәсіміне бардым. Сонда оны танымадым, өзін өте біртүрлі ұстады... көзіме қарамады. Мен одан не болғанын сұрадым. Қатты уайымдадым. Ол кетіп бара жатып, маған ештеңе айта алмайтынын жеткізді, бұл ер адамдардың тірлігі екенін айтты. Кейін мен де кетіп қалдым", - дейді Толқын.

 Әйел ұлымен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын айтады. Уақыт өте келе Арсен одан ақша сұрай бастапты. Ол анасына әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалып, SIM картасы мен батареясын ұрлатып алғанын да айтыпты.

 "Қай нөмірден қоңырау шалса, соған ақша аудардым. Бірте-бірте сомалар өсті. Ол ақшаны қайда жұмсайтынын сұрадым. Ол ыстықта дүкеннен сусындар сатып алатынын, жігіттермен бірге донер, пиццаларға тапсырыс беретінін айтты. Кейінірек оның әпкесінен де жиі ақша сұрайтынын білдім. Іштей уайым болды. Қасында борышын өтеп жүргендердің ата-анасынан ақша мәселесі туралы сұрады. Олар да солай жіберетіндерін айтты. Сонда ғана тынышталып, одан кейін де ақша жібердім", - деп есіне алды әйел.

 7 қарашада командир әйелге ұлы қайтыс болғанын хабарлаған.

 "Ұлыңыз түскі ас кезінде бокста жұмыс істеп жатып, әскери көліктің артына шынжырға асылып қалды" деді. Мен қатты жылай бастадым. Естіген нәрсемнен есімнен танып қалдым. Екі күн тұра алмадым", - дейді марқұмның анасы.

 Сараптамадан кейін Арсеннің денесі Оралға ұшақпен жеткізіліпті.

 "Ол құжаттамамен жұмыс істеп жүріп, қайғылы оқиға болған күні боксқа сұраныпты. Ол сол жерде бірдеңе бояп жүрген, қолында бояудың іздері қалған. Денесінде соққы іздері болған жоқ. Тамағында асылған із қалды", - дейді марқұмның анасы.

 Әйел 2 қарашада ұлымен соңғы рет телефон арқылы сөйлескенін есіне алды. Ол ұлына психологиялық қысым жасалды деп санайды. Марқұмның анасының пікірінше, ұлы мұндай қадамға ақша таба алмағандықтан барды.

"Әскерге дені сау баламды беріп едім, денесін қайтарып берді. Бұл үшін кім жауап береді? Біз мемлекетке сендік. Егер баланың жағдайы дұрыс емес екенін көрсе, неге психологтар сөйлеспеді? Бөлім командирлері қайда? Неліктен әскерде мұндай жағдайлар болып жатыр? Ұлым өте жауапты, сабырлы еді, жақсы оқыды. Әскерден қанша ана баласының табытын құшады? Мен де осындай аналардың қатарында болып отырмын", - дейді әйел.

Арсеннің анасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын қалайды әрі ұлының қандай себеппен суицид жасағанын білгісі келеді.