Мәселен, балық шаруашылығы комитеті балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Ерасыл Суықбаевтың айтуынша, Экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен Жайық-Каспий су айдындарында 1 сәуірден 31 мамырға дейін бірлесе өткізілген акцияның мақсаты – бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету. Көктемгі акция кезінде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары табиғат заңнамасын бұзудың 972 дерегін анықтады. Заң талабын бұзған 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Браконьерлікке, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген балық түрлерінің заңсыз айналымына қатысты 36 қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты құқық бұзушыларға 15,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 келі балық, оның ішінде 1001 кг бекіре тұқымдас бағалы балық түрлері алынды. Бекіренің 29 кг қара уылдырығы тәркіленді. 295 балық құралы, 76 су көлігі мен 13 автомашина тәркіленді», деді Е.Суықбаев.
Сол кезде Жайық өзенінің арнасы мен Каспий теңізінің акваториясы тазартылып, су айдындарынан ұзындығы 74 шақырымнан асатын 743 заңсыз балық аулау құралы табылған. Құқық және табиғат қорғау органдары әсіресе Атырау облысының Исатай, Жылыой, Құрманғазы аудандарындағы, Дамбы бағыты мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты секілді криминогендік аймақтарға баса назар аударған.
Аталған акцияның күзгі кезеңі 10 қыркүйек пен 31 қазан аралығында өтті. Бұл кезеңде де құқық қорғау органдарының «қоржыны» бос болмады. Мәселен, полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 17 қазанда бекіре тұқымдас балықты заңсыз сатып, тасымалдады деген күдікпен 48 жастағы тұрғынды ұстады. Тексеру кезінде күдіктінің Дамбы ауылындағы тұрғылықты мекенжайынан салмағы 96,3 кг құрайтын 27 бекіре тұқымдас балық тәркіленді.
Құрманғазы ауданындағы Шарон өзенінде «Бударка» қайығын тоқтатылған. Тексеру кезінде қайықтан 18,5 кг бекіре тұқымдас, 8,5 кг қара балық, 2 аңшылық қару табылды. Қайықта Құрманғазы ауданының 1965 және 1968 жылғы тұрғындары болған. Ал 8 қарашада тағы бір күдіктінің үйінен 282,5 кг құрайтын бекіре тұқымдас балықтың 76 данасы табылды. Күдікке ілінген Атырау қаласының 26 жастағы тұрғыны табиғаттың бағалы байлығын сатып, заңсыз пайда таппақ болғаны анықталып отыр. Бірақ бұл әрекетін іске асыра алмады.
Бекіре тұқымдас бағалы балықтың қорына заңсыз қол сұғу дерегі Махамбет ауданында да тіркелді. Мұнда 30 жастағы жүргізушінің «Lada Kalina» көлігінен 56,6 кг бекіре тәркіленді. Ол бағалы балықты заңсыз сатпақ болған.
Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясынан мәлім еткендей, инспекторлар рейдтік іс-шара кезінде Жайық өзенінің Қызылбалық ауылы маңында «Байда» жүрдек қайығын қуып жеткен. Алайда қайықтағылар заңсыз ауланған балықтар салынған екі қапты суға лақтырып кеткен. Екі қаптың бірінен ұзындығы 90 метр капрон торы, екіншісінен 12 кг 100 грамм бекіре балығы табылған.
Міне, осындай деректер браконьерліктің тамырына оңайлықпен балта шабу оңай емесін байқатып отыр. Өйткені құқық қорғау органдарының талабына бағынбай, заңсыз бекіре аулайтын» браконьерлер айылын жимай жүр.
Атырау облысы