Заң • 14 Желтоқсан, 2023

Заң тілі неге күрделі?

250 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Әділет министрлігі Парламентаризм институты мен Заңнама және құқықтық ақпарат институты бірлесіп «Заң шығару үрдісін жетілдіру» атты дөңгелек үстел өткізді.

Заң тілі неге күрделі?

Іс-шараға Әділет министрі Азамат Есқараев, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Әділет вице-ми­нистрі Алма Мұқанова, Сенаттың Кон­с­ти­­туциялық заңнама, сот жүйесі және құ­қық қорғау органдары комитетінің төр­ағасы Нұрлан Бекназаров, депутаттар, мемлекеттік орган өкілдері, жетекші ғы­лыми ұйымдар мен жоғары оқу орын­дарының өкілдері, отандық және шетелдік заңгер-ғалымдар қатысты.

Министр Азамат Есқараев Әділет ми­нистр­лігі норма шығару қызметінің үйлес­тірушісі екенін айтып, нормативтік құқық­тық актілердің «заң тазалығына» жауап беретінін мәлімдеді.

«Біз үшін нормативтік-құқықтық акті­лер жобаларының жоғары сапасын және құқық қолдану практикасында және оны қабылдағанға дейін мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуде көрініс табатын заңнаманың тиімділігін қамтамасыз ету мәселесінде уақыт талабына сай әрекет ету өте маңызды», деді сала басшысы.

Әділет министрі заң шығару үрді­сіне ғылыми және сараптамалық қоғам­дас­тықтарды тарту мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бұл жұмыста өзара іс-қимыл болған дұрыс. «Заңдық нормаларды жазу әдіснамасының болмауы заң тілінің халық үшін түсінікті болмауы мүмкін деген күдік бар. Бұл іс жүзінде күрделі сөй­лемдерден тұратын нормативтік-құқық­тық актілер ережелерінің іске асырылмауына әкелуі ғажап емес. Бұл тұрғыда мемлекеттік және орыс тілдеріндегі құжат­тар түпнұсқаларының мағыналық жағынан теңдігін де есте сақтау керек», деді ол.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова заң жобаларының сапасын және заңна­маның тұрақтылығын арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, норма шығармашылық үрдісінде жүйелі проблемалар бар екендігін алға тарта келе төрт жүйелі мәселелер блогына тоқталды.

Оның сөзінше, бірінші жүйелі блок – норма шығару қызметінің сапалы жобалау-талдау құрамына қатысты мәселелер. Екінші блок – нормаларды заңнамалық және заңға тәуелді деңгейде құқықтық регламенттеу мәселелері. Үшіншісі – заңдар тілінің күрделілігі. Төртінші – нормаларды кодекстерге және шоғырланған заңдарға жүйелеу проблемалары.

«Бүгінгі іс-шарада біз болашақта норма шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша жоспарланған заң жобасын дайындау үшін нақты негіз бола алатын үрдістің проб­лемалық мәселелеріне жауап беретін ең жақсы шешім табамыз деп үміттенеміз», деді Алма Мұқанова.

Дөңгелек үстелге қатысушылар заң шығару үрдісі құралдарын жетілдіру жо­лындағы өзекті мәселелерді талқылап, сарап­тамалық пікірлерімен бөлісті. Соның ішінде: заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлердегі құқықтық регламенттің ара-жігін ажырату, норма шығару қызметті жоспарлау сапасы, халық пен мүдделі топ­тардың норма шығару үдерісіне қаты­суы, заңнаманың тиімділігі мен заңдар­дың орындалу критерийлері, халық пен мүдделі топтардың құқықтық мониторинг­ке қатысуы секілді өзекті мәсе­лелер кеңі­нен талқыға салынды.

Сондай-ақ нормативтік-құқықтық акті­лер мәтіндерінің сәйкестігі мәселелері қа­ралды. Іс-шараға қатысушылар заң тілінің күрделілігіне тоқталып, халыққа құқықтық мәтіндерді жеңілдету және түсінікті ету тәсілі жолындағы өз зерттеулерімен бөліс­ті. Қазақ заң терминологиясын, оның ішін­де дамыту мен стандарттау, сондай-ақ норма шығару үдерісіндегі жасанды интеллекттің рөлін, оның заңнаманы әзір­леуді жақсарту және оңтайландырудағы әлеуетін талқылады.

Пленарлық секцияда сөз сөйлеген ПІБ жанындағы Парламентаризм инс­ти­тутының директоры, заң ғылымдары­ның докторы Қанатбек Сафинов норма шығару функциясын мемлекеттік бас­қару жүйесінің негізгі және маңызды эле­менті ретінде қарастырылуы керек екенін атап өтті. «Заңнаманы жетілдіру мақсаты – мемлекеттің жалпы құрылы­мын оңтайландыру. Бұл үрдісті сәтті жүзеге асыру үшін заң шығаруда нәти­жеге, тиімділігіне, дәлдігіне баса назар аудару керек. Заң шығару үрдісі бастама­дан бастау алады. Әрі қарай заң жобасын әзірлеу, сараптама жасау және оның заң ретінде жүзеге асуына дейін қада­ғалау кезеңдерін қамтиды. Тәжірибеге сүйенсек, бұл кезеңдердің әрқайсысында ұлттық құқықтық жүйенің дамуы мен өзгеруіне кедергі келтіретін түрлі мәселе кездеседі. Бұл проблемаларды шешу елдің прогрессивті дамуын қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін өте маңызды рөл атқарады», деді ол.

Дөңгелек үстел қорытындысында қа­тысушылар заң шығару үрдісін же­тіл­ді­ру­ге қатысты бірқатар ұсыныс берді.