Бұл сұраққа ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы Жедел-іздестіру тактикасы және арнайы техника кафедрасы бастығының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Тамара Қоржымбаева жауап береді.
– Ішкі істер министрінің жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді бекіту туралы 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына сәйкес жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүру мақсатында самокат жүргізушілері үшін 18 жасқа толуы және кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінің болуы міндетті және жолдың жүру бөлігінде басқаруы кезінде түймеленген шлемсіз айдауына тыйым салынады.
2014 жылғы 17 сәуірдегі Жол жүрісі туралы заңға сәйкес алғашқы көлік жүргізу санаттарын 16 және 18 жастан бастап алуға болады. Жүргізуші куәлігін алу үрдісін шартты түрде мынадай кезеңдерге бөлуге болады:
- көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау орталығын оқып, аяқтағаны туралы куәлік алу;
- медициналық тексерістен өту;
- емтихан тапсыру;
- құжаттарды тапсыру және жүргізуші куәлігін алу.
Жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баждың құны 1,25 АЕК құрайды.