Мектеп • 13 Желтоқсан, 2023

Мектепте – ұлттық тағам

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектептегі тамақтануға ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамның бірі. Осы мақсатта Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» қанатқақты жобасын жүзеге асырып келеді.

Мектепте – ұлттық тағам

Суретті түсірген – Сұлтан СЕЙІТ

– Әрбір білім ошағы «саламатты өмір салтын ұстанатын мектепке» айналуға тиіс. Мек­теп­тің кез келген қызметі са­уық­тыру-педагогикалық ба­ғыт­та болады. «Ұлттық мектеп ас­ха­насы» жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүм­кіндік береді. Бұл көп­ға­сырлық дәстүр бойынша жа­сал­ған мәзір, ежелден келе жат­қан тәжірибенің нәтижесі, – деді Бішкекте «Мектептегі та­мақтану – жалпы дамудың ба­ғыты» тақырыбында өткен бірінші халықаралық форумға қатысқан Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.

Биыл қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған еді. Оның ішінде 1,4 миллион бала  – 1-4-сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11-сынып оқушылары. Тағамның сапалы болуын қадағалаған министрлік білім беру ұйым­да­рындағы балалардың тамақ­тану нормаларын қайта қара­ды. Дәлірек айтсақ, ас мәзірі­не өңірлерде өндірілген отан­дық өнімдерді енгізу нормасы қосылды. Бракеражды комис­сиялардың және ведом­ство­ара­лық сарапшылық топтардың мүшелеріне арналған мони­то­ринг­тік топтар қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді.

Тек тағамның сапасы емес, тамақтану мәдениетін қалып­тас­тыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, сани­тар­лық тазалық пен гигиенаны сақтау, дұрыс тамақ­та­нуды насихаттауға көңіл бөлініп жүр. Білім беру ұйымына жеткен бар­лық өнімнің санитарлық дәрі­гер­лер­ден қорытындысы болуы шарт. Ал тамақты бракеражды комиссиялар бақылайды. Олар­дың қатарында ата-аналар, қамқоршылық кеңес мүшелері, сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері бар.