Сала мамандары мен сарапшыларынан құралған комиссия жобаларды 5 бағыт бойынша іріктеген. Әр жобаға 500 мың теңге бөлінген. Мұндағы басты мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру үшін аймақтағы 14-тен 35-ке дейінгі азаматтардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Ілкімді істің игілігін көрген жастың бірі – Қуат Жанесеев.
– Мен – Индер ауданына қарасты Елтай ауылының тұрғынымын. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы әлеуметтік желіден байқап, өзімнің бағымды сынап көрген едім. Қатысқан 50 адамның ішінен суырылып шығып, грант иегері атандым. Ұсынған жобам «Бақытты балалық шақ» деп аталады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үйден көп шыға бермейді. Оған себеп көп. Бірі жұрттың көзқарасынан именсе, енді бірі қоғамдық орындардың ерекше жандарға ыңғайланып жасалмағандығынан шыға алмайды. Оларға еркін серуендейтін орын жасап, ал қалған балаларға мұз айдынын ашқым келеді. Гранттан түскен қаражатқа керек құрал-жабдықтарды алып, кәсібімді дамытсам деймін. Ал Индер ауданына қарасты мүмкіндігі шектеулі, ерекше баласы бар ата-аналарға және көпбалалы отбасыларға арнайы конькилерді тегін беремін, – деді кәсіпкер.
Қуаттан өзге, грант иеленіп, жобасы үздік деп танылғандар қатарында Айкөркем Сатымова («Ақылды бала»), Дильназ Ислямова («Тігін шеберханасын ашу»), Шұға Жексемалиева («Бірге»), Нұркөркем Ғабит («NUR Cake»), Айнұр Нұрымбетова («Үздіксіз қуат көзі»), Ақтілек Бисембай («Әлемді қазақша таны»), Нұрсұлтан Нұрғалиев («Құрылыс жабдықтары мен құралдарын жалға беру»), Бақдаулет Өміртаев («3D Engineering»), Ғибадат Мыңбай («Антибуллинг») бар.
Байқауға үміткерлердің өтініштері 30 қарашаға дейін қабылданған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беретін мұндай игі бастама келер жылы да жалғасын табады.
– «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Атырау қаласында биыл алғаш рет бастау алды. Байқауда ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған «Ғылым», еліміздің мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған «Мәдениет», жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған «Ақпараттық технологиялар», экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған «Бизнес», жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған «Медиа» бағыты болды. Алдағы уақытта бұл жобаларды ұтып алған қатысушыларды өзіміз қадағалаймыз. Осы жобаны жылдың аяғына дейін бастауларына мүмкіншіліктері бар. Бүгінде бізде «Тәуелсіздік ұрпақтарынан» бөлек «Сенің бастамаң» сынды басқа да жақсы жобалар бар. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар қатарын толықтыру жоспарланып отыр, – деді қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Эльдар Төремұратов.
Айта кетейік «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы гранты 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастардың жасампаз жобаларын жүзеге асыру мақсатында тағайындалды.