Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Мемлекет басшысының бұл пайымы еліміздің тәуелсіздік жылдары қалыптасқан демографиялық жағдайын геосаяси тұрғыдан талдауға негізделгені анық. Себебі 1999 жылғы санақ бойынша 14,9 млн ғана болған халқымыздың қатары кейінгі жылдары біртіндеп қалыңдап, биыл 20 млн-ға жеткенімен, бірқатар өңірдегі бір-біріне кереғар ахуал алаңдатпай қоймайды. Нақты айтқанда, оңтүстік және кейбір батыс облыстарда бала туу деңгейінің жоғарылығы және шетелден атажұртқа оралған қандастардың көптеп қоныстануы есебінен тұрғындар саны үздіксіз өсіп, артық жұмыс күші пайда болды.
Ал солтүстік өңірлерде бала туу азаюдың және тұрғындардың басқа жаққа, әсіресе Ресейге үдере көшіп кетуінің салдарынан халық саны жылдан-жылға кеміп, бүгінде жұмыс күшінің тапшылығы сезіліп отыр. Мұндай теңгерімсіздікке мүдделі мемлекеттік органдардың көші-қон үдерістерін тиісінше үйлестірмеуінің және қандастарды демографиялық жағдайы төмен өңірлерге қоныстануға ынталандыру шаралары жеткіліксіз болғандығының салдарынан жол берілді.
«Отандастар қоры» КеАҚ мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде 1991-2023 жылдар аралығында шет мемлекеттерден қоныс аударған 1 113 196 қандас тұрып жатыр. Оның 560 483-і (немесе 50,3%-ы) – Өзбекстаннан, 358 673-і (32,2%) – Қытайдан, 76 859-ы (6,9%) – Түрікменстаннан, 57 335-і (5,2%) – Моңғолиядан, 17 241-і (1,5%) – Ресейден, 13451-і (1,2%) – Ауғанстаннан, 8 865-і (0,8%) – Ираннан, 7 679-ы (0,7%) – Қырғызстаннан көшіп келгендер.
Атажұртқа оралған ағайындардың 784 783-і (70,5%-ы) климаты жайлы 4 өңірді таңдаған. Соның ішінде Алматы облысына – 310 451 (27,9%), Түркістан облысына – 217 969 (19,6%), Маңғыстау облысына – 163 530 (14,7%), Жамбыл облысына 92 833 (8,3%) қандас ат басын түпкілікті тірепті. Алайда шет мемлекеттерден көшіп келген ағайындар Үкімет айқындаған және тиісті квота бойынша қоныстандырылатын 8 өңірде қазіргі кезде 185 564 қандас (16,7%) қана тұрып жатыр. Мысалы, кейінгі 22 жыл ішінде халқының саны 179,6 мың адамға азайып, 534 мың тұрғыны ғана қалған, демографиялық ахуалы ең күрделі Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 9 919 қандас қана тұрақтапты. Ал Шығыс Қазақстанда – 54 147, Ақмола облысында – 48 746, Қостанай облысында – 33 445, Павлодар облысында – 21 562, Атырау облысында – 13 576, Батыс Қазақстанда – 4094, Абай облысында 75 қандас орнығып қалған.
Бір айта кетерлігі, шетелдегі ағайындар бұрын өздері тұрған аймақтармен шекаралас өңірлерге көбірек қоныстанған. Мәселен, Алматы облысында көршілес Қытайдан көшіп келген 229 092 ағайын (осы өңірдегі барлық қандастың 74%-ы) өмір сүріп жатыр. Түркістан облысына қоныс аударған қандастардың 202 009-ы (93%) – Өзбекстанның тумалары. Маңғыстаудағы қандастардың 80 558-і (49,3%) – Өзбекстаннан, 69 095-і (42,3%) – Түрікменстаннан көшіп келгендер. Бұл ретте демографиялық жағдайы мәз емес облыстардың ішінде тек Шығыс Қазақстанның «жолы болып», кенді Алтай өңіріне Қытайдың көршілес аймақтарынан 41 905 қазақ (77,4%) қоныс аударған.
Шетелден келген қандастарды өңіраралық квота бойынша қоныстандыруда бір ескерілмей келе жатқан маңызды мәселе – солтүстік және шығыс облыстарға Қытай, Моңғолия сияқты елдерден көшіп келген қандастардың орыс тілін білмеуіне байланысты бейімделуі қиынға соғатыны. Мысалы, қазағының үлес салмағы 37%-ға енді ғана жеткен Солтүстік Қазақстанға Қытайдан – 4 474 (45%), Моңғолиядан – 2 352 (24%), Ауғанстаннан 1 059 (11%) қандас қоныстандырылған. Олардың орыстілді ортаға сіңісе алмай, қиналып жүргенін өз ауыздарынан талай рет естідік. Ал Қызылжар өңіріне Өзбекстаннан көшіп келген, орыс тілін біршама білетін ағайындар жергілікті жағдайға тез бейімделіп жүр.
Өкінішке қарай, шетелдегі ағайындардың қазақтардың халық тығыз орналасқан, иесіз бір сүйем жері жоқ, бос жұмыс орындары да тапшы оңтүстік өңірлерге қоныстану үрдісі әлі де үдеп тұр. Сол себепті биыл көшіп келген 19 476 қандастың 2 310-ы, яғни 11,8%-ы ғана Үкімет айқындаған өңірлерге тиісті квота бойынша қоныстанған.
Тәуелсіздік таңы атқанда басталған ұлы көшті тұрғындарының қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқан солтүстік өңірлерге қалай бұруға болады? Осы мақсатпен биылғы 19 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабы мынадай жаңа редакцияда жазылыпты: «Жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін беруден және ұзартудан және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден мынадай негіздер бойынша бас тартады: 5) қандастарды аумақтық-әкімшілік бірлікте қабылдаудың өңірлік квотасының болмауы немесе оларды қоныстандыру үшін ұсынылған аумақтық-әкімшілік бірліктен бас тартуы. Бұл жаңа заң нормасы – қандастарды қабылдау квотасына енгізілмеген немесе қоныстану үшін ұсынылған өңірге барудан бас тартқан ағайындарға қандас мәртебесі берілмейді деген сөз. Мұның өзі олардың Қазақстан азаматтығын алуын қиындатады. Себебі «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 16-1-бабында жеңiлдетiлген тәртіппен, яғни тіркеу тәртiбімен Қазақстан азаматтығына қандастар, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары мен олардың ұрпақтары, сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын ағайындар қабылдануы мүмкiн деп көрсетілген. Демек енді қандас мәртебесін ала алмаған ағайындар өздерінің жаппай саяси қуғын-сүргіннің ақталған құрбандары немесе олардың ұрпақтары екенін айғақтауы талап етіледі.
Әрине, қандас мәртебесін алудың заңнамалық тұрғыдан қиындатылуы қазіргі кезде атамекенге оралып жатқан ағайындардың ренішін туғызды. «Отандастар қоры» КеАҚ-тың Қандастарды ақпараттық қолдау орталығына биылғы жыл басынан бері түскен 4 424 өтініш пен сұрақтың 708-і – Қазақстан азаматтығын алу, 590-ы – қандас мәртебесін алу мәселелерін қозғағандығы – соның айғағы. Осы тақырып аталған қордың жанындағы Қоғамдық комиссияның жақында болған отырысында қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттарының қатысуымен қызу талқыланды. Мәжілісмен Қазыбек Иса қолданыстағы заңнамаға қандас мәртебесіне қатысты соңғы өзгеріс Мәжілістің көші-қон мәселелерімен айналысатын Әлеуметтік-мәдени даму комитеті арқылы емес, басқа комитеті арқылы енгізілгендіктен, өзі сияқты кейбір депутаттар ол туралы білмей де қалғандығын жасырмай айтты. Ол осы мәселені қазір Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ескеруге уәде берді.
Шынтуайтында, қандас мәртебесін берудің қиындатылуы шетелден атажұртқа оралған ағайындардың солтүстік өңірлерге көбірек қоныстануына сәл де болса септігін тигізуі мүмкін, бірақ осы мемлекеттік маңызы бар мәселені түпкілікті шешуі екіталай. Өйткені еліміздің теріскей облыстарына қоныстанғысы келмейтін алыстағы ағайындар енді өздерінің жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары немесе олардың ұрпақтары екенін дәлелдейтін анықтама алуға әрекеттенетіні кәміл. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында атап көрсетілгеніндей, қандастардың солтүстік өңірлерге қоныстануын ынталандырудың оңтайлы моделін құру жұмысын кешіктірмей қолға алу қажет.