Басылымды Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері «Талдау мектебі» жобасына қатысушыларымен бірге дайындаған болатын. Басылым материалдары сарапшылардың еліміз Президентінің кешенді реформаларын іске асырудың тиімді жолдары мен тетіктерін ойласуға қосқан үлесінің бірлескен алғашқы қадамы.
Жинақтың тұсаукесері биыл 21 қарашада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткенін еске сала кеткен жөн.
«Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік органдар қызметінде талдау жүргізу бағытын күшейту қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге әрдайым баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мемлекеттік басқарудың тиімділігі негізінен талдаумен қамтамасыз етудің сапасына байланысты екенін айтты», деп атап өтті Сенат төрағасы тұсаукесер барысында.
Басылымда еліміздің инфляциялық, өңірлік экономикалық саясатының әртүрлі аспектісіне, транзит-көлік әлеуеті саласына, білім беру проблемасын шешудегі бизнестің рөліне, жастар саясатын іске асыру мәселесіне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды инклюзиялық дамытуға және жұмысқа орналастыруға қатысты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің алты бағыты бойынша материалдар қамтылған.
Жинақта шешім қабылдаушылардың, зерттеушілердің және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының заманауи ағымдарына қызығушылық танытқандардың жұмысында пайдалы болатын қазіргі ахуалға талдау, ұсынымдар мен құралдар ұсынылған.