Бағдарлама бойынша Қазақстан тарапы БҰҰ-ның екі күндік отырысына қатысып, форум аясында жекелеген шаралар мен екіжақты кездесулер ұйымдастырды. Іс-шараның алғашқы күні Э.Әзімова БҰҰ-да Мемлекет басшысының 2022 жылғы адам құқықтары саласындағы реформаларына негізделген Қазақстанның ұлттық міндеттемелерін ұсынды. Осы орайда еліміз бес міндеттемеге баса назар аударып отыр. Олар – Бала құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту мәселелері; әйелдердің, балалардың және басқа да осал топтағы адамдардың құқықтарына баса назар аудара отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды жалғастыру; цифрландыруды ілгерілетуге және қазіргі заманғы технологияларға қол жеткізу үшін қолайсыз жағдайларды азайту және азаматтық қоғамның рөлі мен қатысуын арттыру.
Сондай-ақ ұлттық міндеттемелердің алдыңғы қатарында БҰҰ-ның Жоғарғы комиссары басқармасы бекіткен адам құқықтарын қорғау көрсеткіштерінің Тұрақты даму мақсаттарымен қоса ұлттық іс-қимыл жоспарларға интеграциялануын қамтамасыз ету мәселесі тұр. Өз сөзінде Э.Әзімова Қазақстан әрбір азаматтың тең мүмкіндіктері, құқықтары және қорғалу мүмкіндігі болатын инклюзивті, қауіпсіз, әділ жаһандық қоғам құру шараларын жалғастыратынын атап өтті.
Сонымен қатар қазақстандық делегация басшысы форум аясында өткен «Қазақстанның адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы бойынша міндеттемелері: имплементация және шындық» атты еліміздің құқық қорғаушы үкіметтік емес ұйымдардың арнайы іс-шарасында сөз сөйледі. Жиында Э.Әзімова адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді имплементациялау бойынша мемлекет атқарған жұмысты, оның өзегі болып әрқашан Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қала беретінін атап өтті. Конституциялық сот төрағасы халықаралық сарапшыларды Мемлекет басшысы ұсынған шаралардың үш пакетінің іске асырылу барысы, сондай-ақ Халықаралық адам құқықтары күні қарсаңында Президент Жарлығымен қабылданған Адам құқықтары саласындағы іс-қимыл жоспары туралы хабардар етті.
Сондай-ақ форум аясында Э.Әзімова Еуропалық Одақ делегациясының басшысы – Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкіл И.Гилмор және Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы келісімшарт органдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы К.Фокспен кездесті.