Фото: ашық дереккөз
«Биылғы жылғы 11 желтоқсанда Парламент Сенатының Төрағасы және Сенаттың бірқатар депутаты Өскеменде облыс басшылығымен және облыстық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізген болатын. Онда Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау ұйымдарындағы күрделі қаржы ахуалына қатысты мәселелер айтылды. Мәселен, облыстағы 13 ұйымда 6 млрд теңгеден астам, оның ішінде еңбекақы төлеу қоры бойынша 1,3 млрд теңгеден астам сомасында несие берешегі туындап отыр», деп сенатор осыған дейін Шығыс Қазақстан тұрғындары көтерген мәселеге тоқталды.
Депутаттың айтуынша, 2023 жылғы 20 қарашадағы жағдай бойынша 619 медициналық ұйымда жалпы сомасы 109,6 млрд теңге болатын несие берешегі бар. Медициналық ұйымдар тиімсіз шығындарды ғана емес, халыққа көрсетілетін қызметтердің көлемін де қысқартуға мәжбүр. Медициналық қызметтердің тарифі нақты шығынды жаба алмайды, бұл медициналық ұйымдарда «тесіктерді бітеу» тәжірибесіне әкеліп соқты.
«Тек есептелген несие берешегінің көлемі 2021 жылдан бастап 2 есе көбейіп кетті, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 100 млрд теңгені құрады, бүгінгі таңда 109 млрд болып отыр. Бұл саланы қаржыландыру көлемінің 2,5 есе өсуіне қарамастан болған жағдай. Сондай-ақ соңғы 3 жылда халықтың қалта шығыны да күткендегідей азая қоймады», деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатор медициналық ұйымдардағы бұл қаржы проблемалары денсаулық сақтауды стратегиялық жоспарлаудағы кемшіліктерге, медициналық қызметтер номенклатурасының болмауына, сондай-ақ шығыстарды бақылау тетігінің аздығына байланысты екенін атап өтті. Ақмарал Әлназарова осыған байланысты жағдайдың себебін талдап, медициналық ұйымдардың несие берешегін төмендету және қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру үшін шұғыл және жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды.