Атадан балаға мұра – атакәсіп, салт-дәстүрімізді жаңғыртудың хас шебері атанып жүрген ақ самайлы қариялар мен ақ жаулықты аналардың қатысуымен Кеген аудандық мәдениет үйінде «Атам, әжем және мен» атты тағлымы мол байқау өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық аналар кеңесі және «Шолпан» ресурстық орталығы қоғамдық қоры» ұйытқы болған іс-шараны өткізудегі басты мақсат – отбасының ынтымақ-бірлігін, ұрпақтар сабақтастығын, өнегелі тәжірибесін үлгі етіп, насихаттау.
Мағынасы зор бұл байқауға 12 ауылдық округтен өмірден көрген-түйгені мол өнегелі аталар мен әжелер немере-шөберелерімен қатысуға ниет білдіріп, белсене атсалысқандығын айрықша атау абзал. Шебер әжелердің қиындыдан қиюластырған құрақ көрпе, зерлі кестелері мен аталардың ат әбзелдерінен бастап, балаларының қолынан шыққан заманауи тұрмыстық бұйымдары көрмеге қойылып, көптің қызығушылығын тудырды.
«Заманына қарай – адамы» деген. Осы күні қолына ине ұстап, іс тігетін келіндер қатары кеміп барады. Ескіні жаңарту, жоқтан бар жасай білу – үлкен өнер. Үйдегі бала-шаға, немерелеріме өткен күнді өсиет етіп айтып, ісмерлікпен қоса, май шайқап, құрт жасауға баулып отырамын. Бүгінгі байқаудан жастар түгілі өзімнің үйренерім көп екен. Біраз дүниені жадыма түйіп барамын. Осыны ұйымдастырған Шолпан Ілікқызына алғысымыз шексіз», – дейді Бөлексаз ауылынан келген ісмер әже Нұржамал Мәтілова.
Шеберлікті паш еткен байқау барысында қолөнер бұйымдары сарапқа салынып, көрмеге қатысушылардың еңбектері бағаланды. Әділқазылар қорытындысы бойынша 1-орынды Бөлексаз ауылдық округінен келген Қозыбаевтар отбасы иеленсе, 2-орын Тасашы ауылдық округінің тұрғыны Мейірмановтар отбасына бұйырды. Ал жүлделі 3-орынды Қарабұлақ ауылдық округінен қатысқан Ұзақовтар еншіледі.
Сондай-ақ жыл бойы қоғамдық істерде белсенділік танытқан аналарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Байқау соңы әсем ән, күмбірлеген күймен қорытындыланды.
Алматы облысы