Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2023

Патрульдік полицияға – 96 көлік

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлеріне су жаңа 96 көліктің кілті табыс етілді. Осымен жыл басынан бері өңірде полицияға берілген қызметтік авто саны 148-ге жетті.

Патрульдік полицияға – 96 көлік

«Құқық қорғау органдарының басты қызметі – еліміздегі, соның ішінде облыс аумағындағы тыныштықты қорғау. Осы мақсатта полиция қызметкерлерінің атқа­рып жатқан жұмысы өте белсенді де салмақты. Өңірде өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 25 пайызға азайды. Өкінішке қарай жол-көлік оқи­ғалары азаймай тұр. Тіпті былтырмен салыстырғанда саны арта түскен. Сондықтан полиция қызметкерлеріне осы жеңіл автокөлікті сатып алып беруге тура келді. Биыл біз облыс бюдже­ті­нен былтырмен салыстырғанда полиция қызметкерлерінің жұмысын қам­тамасыз етуге қаражатты 20 па­йызға көбірек бөлдік. Енді алдағы уа­­­қыт­та полиция бұрынғыдан да нә­ти­­желі қызмет көрсетеді деп сене­міз. Құ­қық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын үне­мі жақсартып отыру – президенттің тапсырмасы. Биыл Орал және Ақсай қалаларындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін бей­не­бақылау камераларын сатып алып бердік. Мұндай қолдау алдағы уа­қыт­та да жалғасады», деді салтанатты іс-шарада сөйлеген Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Нариман Төреғалиев.

Полицияның материалдық-техни­ка­лық базасын жақсарту үшін облыстық бюджеттен бөлінген қаржы 5,7 млрд теңге болыпты. Жаңа көліктердің 45-і қалалық, 45-і облыстық патрульдік полиция батальонына тапсырылған. Дәл осы патрулдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері облыс аумағында тонау, қарақшылық, ұрлық бойынша 200-ден астам қылмысты ашқан екен. Жалпы өңірде биыл 190 мыңнан аса жол ережесі бұзылған. Бұл – тіркелген қылмыс.

БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев жаңа көлік­тер­дің өңірдегі жол-көлік оқиғала­рының санын азайтуға септігін тигізе­ті­ніне сенімді. Осы көліктердің ішінде үшеуі ерекше – «кибер-шериф» деп аталады. Өйткені бұл көлікке орнатылған ақылды камера жылдамдық асырған, айыппұл төлемеген, іздеуде жүрген, техникалық байқаудан өтпе­ген, сақтан­ды­рылмаған көліктерді бір­ден анық­тай­ды. Интернетті қажет ет­пей­ді. Өзі анықтаған мәліметті арна­йы орталыққа автоматты түрде жолдай береді екен.

«Бүгін біздің қос патрульдік полиция батальонының жеке құрамы қызметтік көлікпен толық жабдықталды. Биыл 3 дана «кибер-шериф» жабдығын іске қоссақ, алдағы жылы тағы 17 данасын сатып алу жоспарда тұр. Биыл­дың өзінде жыл басынан бері 1 млрд тең­геден астам айыппұл бюджетке өнді­ріл­ді», дейді А.Оразалиев.

«Кибер-шерифтер» негізінен рес­пуб­ликалық және облыстық маңызы бар тасжол бойында жүрмек.

Өткен қараша айында Ақсай қала­сын­дағы бейнебақылау камералары іске қосылған болатын. Содан бері аз уақыт ішінде 1 700 құқық бұзушылық оқиғасы анықталып, 43 млн теңге айыппұл салынған.

 

Батыс Қазақстан облысы