Премьер-министр Әлихан Смаилов атап өткендей, қайта жаңғыртылған «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбыры Атырау және Маңғыстау облыстарының халқы мен кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін тәулігіне қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады. Жоба аясында тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы шамамен 177 шақырым магистралды су құбырының екі учаскесі ауыстырылды. Құрылысқа 500-ден астам адам жұмылдырылған. Соның нәтижесінде «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110-нан 170 мың текше метрге дейін артты.
«Су құбырын күрделі жөндеу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды. Оған тиімді жобалық шешімдер мен жоғары құрылыс қарқыны нәтижесінде қол жеткізілді. Бұл жоба соңғысы емес, өңірде сумен қамтамасыз етуге байланысты басқа да ауқымды жобалар бар», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, екі өңір үшін стратегиялық маңызы зор «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын күрделі жөндеу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталды.
«Оған тиімді жобалық шешімдер мен құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізудің нәтижесінде қол жетті. Бұл осындай жобалардың соңғысы емес. Өңірде сумен қамтамасыз етуге байланысты басқа да ауқымды жобалар бар», деді Ә.Смайылов.
Мәселен, Кендірлі кентінде жалпы қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауыты салынып жатыр. Аталған кенттен Жаңаөзен қаласына дейін ұзындығы 105 шақырымды құрайтын магистралды су құбыры тартылады.
«Біздің мақсатымыз – 2026 жылға қарай елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғындар мен өндіріс орындарын одан әрі тұрақты берілетін сумен қамтамасыз ету. Бұл үшін жаңа гидротехникалық құрылыстар мен су құбырларын салу, қазіргі құбырларды жаңғырту бойынша жобалар іске асырылып отыр. Елді мекендерге су тарату желілері салынып, ал шалғай ауылдарда жерасты су көзінен сорғы модульдері орнатылып жатыр. Алдымызда әлі де көп жұмыс бар», деп атап өтті Үкімет басшысы.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жобаны іске асыру кезінде қазақстандық өнім өндірушілермен іскерлік байланысқа басымдық берілген. Мәселен, телекоммуникациялық және бақылау жабдықтары, катодты қорғау стансалары мен автономды гибридті қондырғылар, сондай-ақ құбыр өнімдерінің бір бөлігі отандық өндірушілерден сатып алынған.
«Маңғыстау облысындағы Кендерлі кентінде салынатын зауытты жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы кезге дейін инженерлік-геодезиялық, инженерлік-геологиялық, батиметриялық іздестіру жұмыстары, зертханалық және камералық жұмыстар атқарылды. Болашақта бұл су тұщыту зауыты «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су желісіне түсетін жүктемені азайтады. Ал қайта жаңғыртылған «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбыры – стратегиялық маңызды нысан. Өйткені Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой ауданының, Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған ауданы үшін жалғыз орталықтандырылған су көзі болып отыр. Құбырмен келген суды Маңғыстау облысы тұрғындарының – 35, Атырау өңіріндегі тұрғындардың 28 пайызы тұтынады. Жыл сайын тұрғындардың су тұтынуы көрсеткіші 4-5 пайызға артып келеді», деді М.Мырзағалиев.
«Астрахан-Маңғышлақ» магистралды құбырына су Еділ өзенінің сағалық саласы Қиғаштан алынады. Ал Қиғаш – Атырау мен Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының шекарасындағы өзен. Қос өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, Атырау облысындағы мұнай-газ өндіру және өнеркәсіптік кәсіпорындардың, сондай-ақ «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан мұнай-химия өндірісі жобаларының тоқтаусыз жұмыс істеуі аталған құбырмен үздіксіз жеткізілетін сумен байланысты болып отыр. Сол себептен «Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбырын қайта құру және кеңейту жобасы белгіленген мерзімінен бір жыл бұрын іске қосылды.
«Жобаға сәйкес енді су құбырының өткізу қуаты тәулігіне қосымша 60 мың текше метрге артады. Құбыр арқылы келген су тұрғындарды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласын сумен тұрақты қамтамасыз етеді. Бұл құбырды жаңғырту жұмысы алдағы уақытта жалғасын табады», деді М.Мырзағалиев.
Инфрақұрылымдық жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығымен «Магистралды су құбыры» ЖШС жүзеге асырды. Отандық мұнай-газ компаниясы былтыр Маңғыстау облысының «Қаражанбас» кен орнында тест режімінде жерасты қабатындағы суды тұщыту зауытын іске қосқанын атап өткен жөн.
«Астрахан-Маңғышлақ» магистралды су құбыры желісінде ұзақ жыл жұмыс істеген ардагер Хамит Қабыловтың айтуынша, енді жаңғырту жұмысын Құлсары қаласына дейінгі, одан әрі Маңғыстау облысындағы бөлігінде жалғастыру қажет. Өйткені тұрғындарға да, өндірістік нысандарға да су тұрақты жеткізілгені жөн.
Атырау облысы