Қоғам • 16 Желтоқсан, 2023

27 отбасы баспаналы болды

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қар­са­ңында Тарбағатай ауданында бірқатар әлеумет­тік нысандар ашылып, 27 отбасы баспаналы болды. Жалпы, жаңадан құрылған бұл ауданда жыл көлемінде көптеген игілікті істер атқарылды.

27 отбасы баспаналы болды

Мерекеге орай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тарбағатай ауданында алты бірдей медициналық пункт ашылды. Атап айтсақ, шекара шебіндегі Ахметбұлақ, Жаңа талап ауылдарында, Қабанбай ауылдық округіне қарасты Шорға мен Қазақстан­да және Шолақорда мен Ақмектеп ауылдарында заманауи медициналық пункттер халыққа қызмет көрсетеді. Заманауи деп отырғанымыз, пункттер қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Ресми деректерге көз салсақ, әр пункттің құны 150 млн теңгені құраған. Сонымен қатар Құйған және Тәуке ауылының амбулаториялары күрделі жөндеуден өтіп, мереке қарсаңында есігін айқара ашты.

Бұдан бөлек, бір­қа­тар әлеу­меттік нысандар тұр­­­ғындар­дың игілігіне табысталды. Күні кеше ғана аудан орталығы Ақжарда «Street Workout» пен балалар ойын алаңы көпшілік жасты қуант­қан. Қуанышты жаңалықтың тағы бірі – Шеңгелді ауылын­да 100 орындық жаңа мектеп-балабақша кешені 11 жыл­дық болып қайта құрылды. Ауданның дамуы деген осы емес пе?

– Тарбағатайдың жеке аудан болып, әлеуеті арта бастағанын көрген тұрғындар қуанып отыр. Дербес аудан болғалы үлкен жұмыстар атқарылды. Ақжар ауылында бес көшеге асфальт төселіп, жиырмадан астам көше жарықтандырылды. Балалар үшін екі футбол алаңы салынды. Игілікті істерді айта берсем көп, – дейді аудан ақсақалы, зейнеткер Ораз Сағатбеков.

Сондай-ақ Шығыс бағдар­ламасы бойынша Тарба­ғатай ауданында бір қабатты 27 бас­пана бой көтеріп, Тәуелсіздік күні қарсаңында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар­ға үлес­тірілді. Қарасу ауылын­­да 4 отбасына баспана кілті бе­ріл­се, Ақжарда 18 үйдің кілті табыс­талды. Маңырақта үш баспана, Тұғылда екі баспана үлестірілді. Бұл – мереке қарсаңында ғана ашылған нысандар. Ал жыл көлемінде қыруар шаруа тындырылды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы