Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде: «Қазір – сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті, арқаны кеңге салмай, бірден іске кірісуіміз керек, босаңсуға болмайды. Осы орайда, ең алдымен қолға алатын бірнеше мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», деп алғашқы жарлығына қол қойғаны есте.
Одан беріде ел Үкіметі 30 жыл бойы еңсесін тіктей алмай келе жатқан ауыл шаруашылығы мен ауыл халқының жағдайын жақсартып, тұрмысын көтеру үшін бірқатар игі шараларды қолға алды. Шаруа табысын арттыратын арнайы тұжырымдама жасап, соның негізінде бірнеше ізгі бағдарламаны іске асыруды бастады. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы жабырқау жұрттың сөнуге жақын қалған үмітін қайта жаққаны анық. Өйткені Мемлекет басшысы жалаң Жарлыққа қол қойып қана қоймай, ауыл-аймақты дамытуға 1 трлн теңге қаражат қарастырылатынын, бағдарлама негізінде ол ақша кезең-кезеңмен игерілетінін де нақты түсіндірген болатын.
Таяуда Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі кеңес өткізгенінен хабардармыз. Онда мәлім болғаны, бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдікпен несие беру үшін облыс әкімдіктеріне республикалық бюджеттен 87,5 млрд теңге аударылыпты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов айтты. «Бас-аяғы 13,4 мың өтінім келіп түсті. Оның жалпы сомасы 78,7 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 9 мыңға жуық адам 51,6 млрд теңге сомасына шағын несие алды. Ең көп өтінім Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарынан болды. Елді мекендердің экономикалық бағдарын анықтау мақсатында «Amanat» партиясы сауалдама түрінде әзірлеген скрининг жүргізу жұмысы жалғасып жатыр. Еліміздегі 1 817 ауылда осындай нақты жұмыс жүргізілді», деді ол.
Иә, аталған бағдарлама Мемлекет басшысы айтқандай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, трлн-ның әр тиыны ауылдан өз орнын тауып жұмсалатын болса, еңкейіп қалған ел еңсесі 2-3 жылда қайта тіктеліп кетеріне еш шүбә жоқ. Бұл жөнінде 30 жылдық еңбегін ауылдағы диқаншылыққа сіңірген кәсіпкер Баһадүр Қарсыбек айтты. Десе де, алдағы жылдан бастап микронесие беру ережесіне бірқатар өзгеріс енгізілетінінен секем алып қалғанын жасырмады. Әсілінде, вице-министрдің шағын несиені беру тәртібіне енгізілетін өзгеріс жөнінде айтқан дұрыс ойын, бұрыс ұққаны аңғарылады. Мәселен, онда диқаншылыққа емес, мал сатып алу үшін микронесие беруге «Ауыл аманатының» жылдық бюджетінен 50%-дан аспайтын қаражат қана көзделеді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндағанда аталған жобаға арнайы тоқталды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Қанатқақты жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазірде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңгені құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272-сі бағдарламада бекітілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды», деген ол.
Ал жыл басында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Ауыл аманаты» жобасын тиімді жүзеге асыру ісі елге үлкен игілік әкелетінін тілге тиек етіп, жөн-жосығын жасырмаған еді. «Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде микронесие беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан аса ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн теңге қарастырылады», деген Премьер-министр, бағдарламаның жаппай барысы Үкіметтің қатаң бақылауында екенін ескерткен.
Вице-премьер Т.Дүйсенова өткізген кеңесте Атырау және Қызылорда облыстарының төмен көрсеткішіне назар аударды. Аталған аймақтарда тек 2 және 18 несие ғана берілді. Осы мәселеге назар аударған ол өңірлердегі «Ауыл аманаты» жобалық кеңселерінің жұмысын жандандыруды және ауылдарды скринингтен өткізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Сөйтіп, кеңес жұмысына қатысушылар «Ауыл аманаты» жобасының кейбір өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы ақпаратты тыңдады. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали өңірде ең көп несие мал шаруашылығы саласында берілгенін мәлімдеді. Яғни 231 азамат жалпы сомасы 1,4 млрд теңгенің несиесін алды. Ал өсімдік шаруашылығы саласында несие тек 1 ауыл тұрғынына беріліп, оған 2 млн теңге аударылды. Ал Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаев өңірде мал шаруашылығы саласында 2,8 млрд теңге сомасына 371 микронесие, өсімдік шаруашылығы саласында 192 млн теңгеге 24 микронесие беру жоспарланғанын хабарлады.
«Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларына «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандары тікелей көмек көрсете бастады. Қаржылық сауаттылық бойынша 80 сарапшы ауылдық елді мекендерде оқыту семинарларын өткізіп жатыр. Бұл ретте, семинарға қатысушылардың басым көпшілігі «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытты. «Тұрғындардың табысы төмен, көп мөлшерде несие берешегі бар. Олар «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнес-жоспар құруға көмек сұрайды. Статистикаға сәйкес, қатысушылардың 68%-ы – әйелдер. Сондықтан ауыл әйелдерінің бизнес-бастамаларын қолдауға арналған Кәмшат Дөненбаева атындағы қор құруды ұсынамыз. Бұл қадам ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытумен белсенді айналысуға мүмкіндік береді», деген еді, кеңесте сөз кезегін алған «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева.
Спикер сондай-ақ сүт өндіру, құлпынай өсіру, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау, мектеп формасын тігу, ешкі сүтінен жасалатын ірімшік өндіру, т.б. жеке қосалқы шаруашылықтар кооперациясының бірқатар үлгілік жобасын ұсынды. Ауылды дамытуға бағытталған осы игі істердің бастамасына қарап, жақсылықтан үміттенеміз.