Күйзелген, қорлығы мен зорлығы қатар өткен кәпірге кіріптар болмай, ыңғайы келсе, иісі мұсылман Иран жеріне жетіп жығылу босқан елдің арман-аңсары еді. Құрманғазы ауған елдің жағдайын зұлматты көзі көрген қариялардан, атасы Қозыбағар мен әжесі Қойсыннан талай рет естіді. Үлкендердің айтуынша, кеңес өкіметі бас сауғалаған елді тоқтатамыз деп, арнайы қарулы әскер шығарып, елді аяусыз қыра бастайды. Өлгені сол жерде жантайып, аман қалғаны құр сүлдерін сүйретіп түрікмен жеріне табан тіреген. Әулеттің үлкені, Құрманғазының бабасы, яғни Шамахан қария жол көтере алмай, кіндігінен тарағандар Иранға аса алмай Түрікменстанға орнығыпты. Шамаханды әулекі коммунистер төсек тартып жатқанына қарамастан ұстап алып кеткен. Бір рудың сөз ұстары, айтарлықтай дәулет иесі болған азамат қол-аяғы кісенделіп айдалып кете барған. Ақыл-парасатының арқасында бір рулы елдің айбынына айналған Шамахан Архангельскіде айдауда жүргенде өмірден өтіп, Хрущевтің «жылымық жылдарынан» кейін ақталады. Әулеттің үлкенін итжеккенге айдатқандар енді оның тұңғышы Қозыбағардың соңына «шам алып» түседі. Түрікменнің сайын даласынан «сайғақ құрлы сая таппаған» ол қашып отырып баяғыда көшке ілесе алмай, Жем бойында қалған туыстарын паналайды. Бірақ қызыл белсенділер оған тыныштық бермейді. Құрманғазының атасы енді қашып отырып, Жамбыл облысындағы туыстарына барады. Алайда бұл жерде де жан-жақтан түртпектеу басталған кезде Арал теңізі арқылы қайта түрікмен жеріне өтіп кетеді. Сол уақытта, 1941 жылы майданға аттанады. Соғыста жараланып, аман-есен елге оралады. Сөйтіп, Қозыбағарды репрессиядан, қуғын-сүргіннен, қашып-пысудан соғыс құтқарады.
Әжесінің ашаршылық жылдарындағы басынан кешкендері туралы айтқан әңгімесінен Құрманғазының жаны түршігетін. Жылқының ноқтасын, үзеңгісін, белдігін, т.б. қайнатып ішіп, кер заманның кермек дәмін татқан. Елі есінен кетпеген әулет 1968 жылы заман түзелген соң түгелімен Жем бойындағы атажұрты – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қаражар елді мекеніне көшіп келеді. «Ұрпағымыз өзге елдің суын ішкенше, өз жерінде тамыр жайсын» деген үлкендер шешімінен соң көштің басын қазақ жеріне бұрған әулетті атамекенде қалған ағайын-туыстар күтіп алады. Кеңестің солақай саясатынан сыртқа кеткен бір атаның балалары аңсаған ата қонысына келіп, үйіріне қосылады. Бұл бүтін бір әулеттің тауқыметті тағдыры, тағзым етер тарихы.
Шамахан әулетінің төртінші ұрпағы Құрманғазы 1983 жылы көктемде әскери қызметін аяқтап, құжаттарын Алматыдағы Театр және көркем сурет институтына тапсырады. Бұл жылы қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, педагог-профессор, Қазақ КСР-ның халық әртісі Асқар Тоқпанов пен КСРО халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсына қабылдау жүріп жатқан. Бағына қарай оқуға түсіп кетті.
1986 жылы 16 желтоқсанда сабақтан кейін Құрманғазы теледидардың кешкі жаңалықтарынан республиканың бірінші хатшысы Д.Қонаевтың зейнет демалысына шығуына байланысты оның орнына Ульянов облысының басшысы Колбиннің сайланғанын естиді. Біреу басынан салып қалғандай, оның тұла бойын буырқанған намыс пен рух биледі. Курстасы Үсіпханды ертіп алып, көршілес ҚазМУ-дың жатақханаларына барып, белсенді студенттерді бір бөлмеге жинап, жағдайды баяндады. Шамалары келгенше үгіт жүргізіп, ертеңіне алаңда кездесетін болып келісті. Сөйтіп, біршама жатақхананы аралап шығады. Олар кездескен, әңгімелескен студент жастардың түгелге жуығы рухы көтеріліп, намыстарын қайрап алған екен. Бұлар тек олардың аттарын ерттеп, ауыздығын салып, үзеңгіге аяқтарын іліндіріп, ерге отырғызғандай еді. Жатақханаларына қайта келгенде Бақтыбек пен Аманбай қатарларына қосылып, ендігі төрттік басқа да оқу орындарын аралап, үгіт-насихат жүргізу үшін қайта шығады. Сол бетімен олар Шет тілдер институты, Медицина институты, Политехникалық институт, АЗВИ, соңы Киров атындағы зауыт жұмысшыларының жатақханасын аралады. Барған жердің бәрінде пленумның шешімін талқыға салды. Ашу мен ыза кеуделерін кернеп, жиналғанның намыстарын жаныды. Түн ауа жатақханаға келе сала жастарды жинап, суретші студенттерге ұран жазғызды. Түнімен абыр-сабыр дайындық, кішігірім жоспарлар. Қашан тұрамыз, нешеде шығамыз, қай көшелермен жүреміз, колоннаны кімдер бастап жүреді, тәртіпті кім бақылайды?.. Тағы сол сияқты мәселелерді пысықтады. Әрі кетсе бір сағаттай ғана көз іліп, 17 желтоқсан күні ертемен тұрды. Жұбын жазбаған төртеу, басқа да белсенді студенттер қосылып, шамамен 150-200 адамды жатақхана алдына сапқа тұрғызып, ұрандарды үлестіріп, әркім өз қызметін атқара жүріп, Космонавтар көшесімен алаңға қарай бет алды. Әр институт жатақханалары алдынан өткен кезде сәл аялдап, «Менің Қазақстаным» әнін шырқайды. Қатарларына жастардың қосылып жатқандары баршылық. Жүріп отырып алаңға да жетті. Қаптап тұрған ішкі істер қызметкерлері олардың алаңға өтуіне бөгет болған жоқ. Түнде барып үгіт жүргізген жатақханалардың жастары алаңға бұлардан бұрын келген екен. «Менің Қазақстаным» әнімен, түрлі ұранмен бәрі шұрқырай табысты. Жастар жан-жақтан келіп қосылып жатыр. Бұлар келе сала өз талаптарын қоя бастады. Бейбіт түрде басталған шерудің соңы қанды қақтығысқа ұласты. Жастарды мұздай құрсанған әскер резеңке сойылмен есінен тандырып, әскери күрекшемен басынан соғып, аудандық ісші істер бөлімдерінің тергеу изоляторларына тоғытты.
Желтоқсанның 20-сынан бастап жігіттерді аудандық ішкі істер басқармасына, прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырта бастады. Қамайтыны анық еді. Төртеудің енді күнде ойлайтыны «не істейміз, қайтеміз?» болды. Қайткенде де бір амал ойлап табу керек. Ұйқысыз түндер басталды. Сол күндердің бірінде төрт жігіттің бірі Бақтыбек «қара «Волга» машинасымен, қара пальто киген адамның келгенін, әрекеттің бәрі соның нұсқауымен болғанын» айтамыз дегенді ойлап тапты, сөздері бір жерден шығу үшін жігіттер ойдан құрастырылған сол адамның суретін салады. Күнде шақыратын тергеуге айтатындары – сол қара «Волгасы» бар адам. Құрманғазы қаңтардың 21-і күні қамауға алынды. Киім-кешегін толықтай шешіндіріп, тінтіп, белбеу мен тағы бірдеңелерін алып қалып, камераға кіргізді. Темір торды алғаш көрген, сарт-сұрт ашылып, жабылған темір есіктер құлағына ерсі естіледі. Ұнжырғасын түсірген оған есігі айқара ашылған үлкен камераның ішіндегі қайсар рухты жастардың қосыла шырқаған әні күш-қуат берді. Он бес күн Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу изоляторында жатты. Күні бойы тергеушіден тергеуші, сұрақтан сұрақ, әйтеуір бітпейтін сауалдар, әбден басын қатырды. Қорқыту, үркіту, алдау. Танымайтын, өмірі көрмек түгілі естімеген адамдардың суретін алдына әкеліп жайып тастайды. «Мынау, мынау Бекежанов, қалай білмейсің, бұрын-соңды мұндай фамилияны естіген жоқсың ба?» дейді. Не деген азапты күндер еді. Құрманғазы үшін азаптың зоры тергеушілердің ұстаздарын, әсіресе ұстазы Асқар Тоқпановты қаралап, ол туралы жалған ақпар беруге мәжбүрлегені болды. Бір күні тергеуші: «На, читай, безмозглый» деп, алдына бес-алты адамның жазып бергендерін тастай салды. Екі-үшеуін ғана оқып үлгерді, тез жинап алды. «Оқыдың ба? Сенен басқасы жазып беріп отыр! Ал сенікі не? Үндемей-ақ қой! Бәрібір біз оларды ұстаймыз! Сенің ұстазың да сотталады, бізді таппайды деп ойлап па едің? Саған барыңдар деген сол кісі, ал сен жасырып отырсың», дейді.Тілін тістеп отырды да қалды. Құрманғазыны есінен тандырған тергеуші көрсеткен ұстаздары туралы жазбалар еді. Оны өзі танитын студенттер мен оқытушысы жазыпты.
Сот та басталды. Соттың соңғы күнінде қорғаушы үзіліс кезінде қайта кіріп, жайдары жүзбен Құрманғазыға қарап, «Құттықтаймын, балалы болдың. У тебя сын родился!», деді. Құрманғазының сол минуттағы жағдайы, көңіл күйі, бір сәт дүние бес тиын ғана сияқты көрінді. Қайда отырғанын ұмытып кетті. Жанындағылар құшақтап, құттықтап жатыр. Бір өкініш, бір үміт. Құрманғазыны төрт жыл бас бостандықтан айырып, жаза қатаң тәртіпті лагерьде өтелсін деген шешім қабылданды.Ульяновскіге, одан кейін Саратов, Сызрань, Рузаевка (Мордва АКСР-і), Зубово-Полянский ауданы Потьма кенті №5 лагерьге бір-ақ келді. Айнала ну орман, нағыз Сібір қысы. Лагерьдің өмірі, жұмыс үш ауысыммен жүреді. 1988 жылдың қаңтарында кездесуге әке-шешесі, әйелі Алма келді. Тұңғышы, алты-жеті айлық ұлы Ақниетті алғаш рет осы жерде көрді. Шешесі жылап көрісті. Келіншегі Алма Құрманғазының қарсылығына қарамастан келер жолы Ақниетті ата-апасына қалдырып, жанына келіп алды. Осылайша, оның айдаудағы өмірі отбасылық өмірмен бірге өрілді. Көп ұзамай Алма зауытқа лаборант болып жұмысқа тұрды. Ол да Құрманғазымен бірге сотталғандай күй кешті. Сын сағатта күйеуінің соңынан іздеп келіп, сүйеу болған Алма Ашықбаева туралы дастан, не хикаят жазылса да артық емес. Кейде жұмыстан қолдары бос кезде орманға барып, жеміс жинайды, ауылды айтады, ұлдары Ақниетті еске алады. Қанша дегенмен ана ғой, арасында «сөйлеп жүрген шығар» деп жылайды. Сөйтіп жүргенде Алманың екінші балаға аяғы ауырлап, зауыттан декреттік демалысқа шықты. 1989 жылы қазанның бесінде Мордва жерінде, тар қапаста Құрманғазының екінші ұлы дүниеге келіп, Алма сәбиді алып елге оралды. Ал қазан айының аяғында ойламаған жерден Құрманғазы бостандыққа шықты.
Азаттықтың қадірін бір білсе, Құрманғазы біледі. Сонау кездегі ата-бабасының жүріп өткен азапты жолын жалғастырған Құрекең бостандыққа шыққан соң да тауы шағылып, тауаны қайтпай, күрескерлік жолға түсті. Желтоқсан мәселесін талдап, қандай да бір шешімге шығаруға қолдан келгенше сеп болу мақсатында 2016 жылы 25 қазанда Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай Құрманғазы бастаған желтоқсаншылар бірлесіп, Астана қаласында халықаралық конференция өткізді. Жиынға шетелдік және отандық белгілі ғалымдар шақырылды. Конференцияға 300-ден астам адам қатысты. Онда 23 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Жиынға қатысқан бүкіл ғалым Желтоқсан құбылысына бір ауыздан «сипаты, барлық параметрі бойынша оқиғаға жатпайды, бұл – көтеріліс» деген баға берді. Конференция өткізу үшін алты айға жуық дайындық жүрді. Оны өткізу жөніндегі көп мәселе қаржыға, қомақты қаржы керек болғандықтан тұйыққа тірелді. «Ұлтым» деген біраз азамат көмектескенімен, ол қаражат жетпеді. Шетелден қонақтар шақырылғандықтан бұл тек желтоқсаншылардың емес, бүкіл қазақ халқының абыройы еді. Ойлануға да уақыт жоқ. Құрманғазы отбасысымен ақылдаса отырып, Астанада өзі тұрып жатқан үйді сатуға бел байлады. Бір түнде баспанасын жарты бағасына сатып, одан түскен ақшаны конференция өткізуге, жан-жақтан келген қонақтардың жолы, қаламақысы, оларды күтіп алу, шығарып салу, жайғастыру, т.б. керек-жараққа жұмсады. Міне, нағыз желтоқсаншының ісі, ұлт қайраткерінің үлгісі.
Саяси репрессия тұзағына түскен бүтіндей бір әулеттің тағдыры осындай. 30-жылдардағы репрессияның қанды шеңгеліне іліккен аталарының басына түскен қасіретін бүгінгі ұрпағы да зардабын тартты. Сол қуғын-сүргін құрбаны, үлкен атасы Шамаханның үшінші ұрпағы – Құрманғазы Айтмұрзаев өзінің достарымен бірге 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды. Құрекең түрменің кермек дәмін де татты, одан кейінгі кезде де күрескерлік ұстанымын көрсетті. Ендеше, ел тәуелсіздігіне қызмет еткен асыл ер Құрманғазы Айтмұрзаев мемлекеттік марапатқа да, құрметке де әбден лайық азамат.
Азаттық аңсаған бүтіндей бір Шамахан әулетінің тағдыр талайы, арман-аңсары – ұлт азаттығы еді. Желтоқсан – бүкіл бодан елдер тәуелсіздігінің бастауы. Қазаққа теңдік тисе, сол тәуелсіздіктен кейін ғана тиді.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты