Қоғам • 19 Желтоқсан, 2023

«Өзбекәлі Жәнібеков көмектесті». София Ротарудың атыраулық құрбысы 55 жылдан кейін сырын ақтарды

1000 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

КСРО Халық әртісі, Украина Батыры әйгілі әнші София Ротарудың құрбысы  Атырау қаласында тұрады.  Қазақстанның Халық әртісі, биші Гүлжан Талпақова 1968 жылы Болгарияның София қаласында өткен жастар мен студенттердің  дүниежүзілік фестивалінде екінші орын иеленді. Осынау айтулы додада өнер көрсетуіне мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековпен қатар  София Ротарудың да сіңірген еңбегі ерен.     

«Одан бері аққан судай зулап  55 жыл өткен екен,  бірақ  конкурсқа тосқауылдан өтіп, тартыспен  қатысқаным   күні кешегідей көз алдымда», дейді Г.Талпақова.  

 

«Өзбекәлі Жәнібеков көмектесті». София Ротарудың атыраулық құрбысы 55 жылдан кейін сырын ақтарды

Фото: Ашық дерекөз

– София Ротарумен сол конкурсқа барғанда таныстыңыз ғой?

– Иә, оған дейін не аудандық, облыстық, қалалық конкурстың   біріне де қатыспаған басым, Мәскеуден бір-ақ шығайын. Өзағам, Өзбекәлі Жәнібековтің табандылығы мен ерен ерлікке пара-пар қайраткерлігінің нәтижесі ғой.  Мәскеуде дайындық кезінде Молодовадан келген София Ротару, Ресейден  опера әншісі Тамара  Синявская  және тағы бір қыз төртеуміз  бір бөлмеде жаттық.  Бір күні түн ортасы ауғанда есігімізді қақты, ашсақ мені іздеп келіпті. Өзін таныстырып «ертеңгі  өнер байқауында сен билемейтін болдың, орныңа Өзбекстаннан келген биші шығады, сайыс өтетін сарайға келмесең де болады» деп кетіп қалды.  Конкурстың шарты бойынша қатысушылардың іріктеуден өтіп, финалдық турға жеткендері  кешігіп қалса, я болмаса ауырса, бірден сызылады, орнына басқа өнерпаз жіберіледі. Ал менде бәрі жақсы, дайындығым да жоғары. Ешқандай  себепсіз  жолым бөгелмек. Етегім жасқа тола жыладым. София Ротару білегімнен тас қып ұстады да: «Кім сенің еліңнен жауапты? Жүр, сол кісіге барамыз», –  деп жатақханадан шығып, жарым түнде Мәскеудің көшесінде жаяу Жәнібек аға тоқтаған қонақүйге қарай тарттық. София маған қарағанда қала көрген, бұған дейін де талай конкурстың отына да, суына  да түсіп ысылған ғой. Ал мен ауылдың ұяң қызымын, «бәрі бітті, осымен жолым  кесілді» деп уайымға салынып ілесіп келем. Әр республиканың  комсомол хатшылары тоқтаған қонақүйде тынығып жатқан Өзбекәлі Жәнібековтің есігін қақтық.  Біздің қобалжыған  түрімізді көріп шошып кетті. Мен көз жасымды көлдете болған  жайтты көмейіме өксік тығылып әзер  жеткіздім. Ағаның түрі бұзылып, қаны басына шауып шыға келді. «Қане кеттік, мен оларға көрсетейін» деп үшеуміз   БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Евгений Тяжельниковтің  бөлмесіне бардық.  Біз София екеуміз есік аузында  қалдық та, Жәнібек аға Евгений екеуі арғы бөлмеде сөйлесті, дауыстары үдеп барады. Өзбекәлі аға әр сөйлеген сайын тарс-тарс етіп столды ұрғаны да естіліп тұрды.  Көп ұзаған жоқ қайта шықты да: «Сен алаңдамай демала бер, ертең билейсің, өнеріңді көрсетесің, ешкім кедергі болмайды», – деп көңілімді басты. Е.Тяжельников те  қамқорлық танытып, ешкім тосқауыл болмайтынын, менің  билейтінімді айтты. Бөлмемізге келген соң қайдан ұйқы келсін, таң атқанша дөңбекшіп шықтым. Егер сол кезде София Ротару  батылдық танытпаса, менің конкурсқа қатыспай қалуым да бек мүмкін еді. 

би

– Конкурста биледіңіз ғой.

– Иә өнерімді көрсетіп, күміс медаль иелендім.  «Айжан қыз» биін бар өнерімді сала биледім.  Сахналық киімімді Өзбекәлі аға  қолы ісмер мен деген шеберлерге тіктіріп берді.  София Ротару эстрада жанры бойынша жеңімпаз атанды,  Тамара Синявская операдан жеңімпаз болды. Жаңа айтқанымдай, бұған дейін не аудандық конкурсқа қатыспаған Талпақованың даңқы бірден дүркіреп ала жөнелді.  Бүкіл одаққа тарайтын  «Огонек» журналының мұқабасына менің суретім басылды. Ауғанстанның журналына да шығарды, басқа да елдердің баспасөзі қазақтың биші қызы Гүлжан Талпақова туралы жарыса жазды. Өкініштісі, пәтеріміз өртенгенде архивімдегі көптеген құнды жәдігерлер   жанып кетті.

Менің жұлдызымның жарқырауына Өзбекәлі аға осылай еңбек сіңіріп,  жолымды ашты.  Конкурстан  күміс жүлде алғаннан кейін даңқым да дүркіреді. 31 жасқа шыққанымда Қазақстанның халық артисі атағы берілді.

– София Ротарумен  сол конкурстан кейін де байланысып тұрдыңыз ба, қазір хат-хабар алмасасыз ба?

– Құрбы атанып араластығымыз бертінге дейін жалғасты.  Соңғы рет Алматыға концерт қойып келгенде жүздестік, одан кейін жолымыз түйіспеді. Екі рет гастрольдік сапармен келгенде Республика сарайындағы концертін тамашаладық. Үйге шақырып қонақ еттік.  Бүгінгі күнде жасыратыны жоқ,  телефонмен де сөйлесудің қисыны келмей кетті. Қазір енді  «байтал түгіл бас қайғы», денсаулығым сыр беріп, аурухананың есігін жиі ашатын болдым.   

Осыдан 55 жыл бұрын өткен  осы конкурста Арменияның халық әртісі  Леонид Енгибаров, балетмейстер Николай Барышников сынды тұлғалармен де танысып дәмдес болғаныма тәубе деймін. Қазақтың би өнерінің өрлеуіне перзенттік үлесімді қосқаныма мақтанамын.