Фото: Т.Таныбаев
Ерлан Қошанов Қазақстанның 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымында төрағалығы кезеңіндегі басымдықтары жайлы айтты.
«Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына төрағалықты қабылдайды. Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қарашадағы сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан төрағалығының басым бағыттарын атап өтті», деді Мәжіліс спикері.
Басымдықтардың қатарында ҰҚШҰ-ның мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен, соның ішінде БҰҰ, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен серіктестікті тереңдету мәселелері бар. Әскери кадрларды даярлау жүйесін, Ұйымның әскери-ғылыми және бітімгершілік әлеуетін дамыту бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің маңызы зор.
Сондай-ақ қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлескен жұмысты күшейту жоспарланып отыр. ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағындағы төтенше жағдайлардың, киберқылмыстың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі практикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады.
Ерлан Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, ұлттық заңнамасын дамыту мен үйлестіруге қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы қатысушы елдердің парламенттері арасындағы тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде Парламенттік Ассамблеяның тұрақты комиссияларының қызметіне тоқталды.
Е.Қошанов Қазақстанның төрағалығы кезеңінде бірлескен күш-жігермен және ҰҚШҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясының жұмыс органдарының сараптамалық қолдауының арқасында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту ісінде жемісті жұмыс атқарылатынына сенім білдірді.