Көше сыпырып, қаланың тазалығы үшін тыным таппайтын жұмысшыларға Өскемен қаласының еріктілері төртінші күн қатарынан ыстық шай, дәмді тоқаш таратып жүр. «Жылулық сыйла» акциясы аясындағы іс-шараға Өскемен қалалық волонтерлер орталығының жастары құлшына кіріскен. Қақаған аязда қолдан күрек түспей, қаланың түкпір-түкпіріндегі қар мен қоқысты тазалау оңай шаруа емес. Осындайда ыстық шайдан асқан не бар?! Жұмысшыларға буын бұрқыратып шай таратып жүрген жастарға қараған қала жұртшылығы да риза.
– Күннің аязына қарамастан қаламызды тазалап жүрген коммуналдық қызметкерлерге алғысымызды білдіреміз! Кей-кейде жұмыс кабинеті суып кетіп жатса, қосымша жылытқыш қосып мәре-сәре болып жатамыз. Ал бұл кісілер сағаттап далада жүреді. Әсіресе бет қаритын аязды күндері қиын. Сондықтан да қала жастары жылулық сыйлайық деп, ыстық шай таратып жүр, – дейді Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы.
Қала еріктілерінің жыл он екі ай атқарып жүрген шаруалары аз емес. Ал бұл жолғы акциялары шынымен де жылулық сыйлайды. Коммуналдық қызметкерлерге ғана емес, көрген көзге де жылу ұялататындай. Айтқандай, Шығыста апталап тұрған аяздың беті қайтар емес. Мектеп оқушылары қашықтықтан оқуға көшіп, бірқатар қауіпсіздік шарасы да қолға алынған.
ӨСКЕМЕН