Ашылу салтанатында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров спортшыларға ақ жол тіледі. «Достастық елдері әскери қызметшілерінің қатысуымен өтетін жарыстар оларға өздерін барынша сынауға және жауынгерлік қабілеттерін көрсетуге молынан мүмкіндік береді. Әскерилер өздерінің күштілігін тек осындай жарыстарда ғана көрсетсін. Ешбір елде қарулы қақтығыс, соғыс болмасын», деді Халық қаһарманы.
Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубы ұйымдастырған жарысқа Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 180-нен аса спортшы қатысты. Ерлер сегіз салмақ дәрежесінде, әйелдер үш салмақ дәрежесінде күш сынасты.
Екі күнге созылған турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау іс-шарасына Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысып, өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығын нығайту мен халық арасында бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлетінін атап өтті. Ол Халықаралық қоян-қолтық жекпе-жек федерациясының президенті Сергей Астаховқа спорттың осы түрін насихаттағаны үшін алғысын білдіріп, спортшыларды байрақты бәсекенің аяқталуымен құттықтады.
– Қоян-қолтық ұрыс – еліміздегі барлық күштік құрылым үшін маңызға ие спорт түрі. Қарулы күштерде әскери қызметшілердің дене шынықтыру бағдарламасы пәндерінің бірі. Бұл әскери қызметшілерді шынықтырып, мықты әрі төзімді ететін жекпе-жек түрі, – деп атап өтті министр.
Халықаралық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Сергей Астахов министрлік басшылығына іс-шараны жақсы ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
ТМД-ға мүше мемлекеттер достық армиялары чемпионатының қорытындысы бойынша командалық есепте Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Ресей командасы еншілесе, өзбекстандық спортшылар үшінші орынға ие болды. Жеке біріншілікте 55 келіге дейінгі салмақта сержант Айдын Нұридинов (Қазақстан), 60 келіге дейінгі салмақта майор Аман Шәкіртов (Қазақстан), 65 келіге дейінгі салмақта аға лейтенант Жәнібек Сәбит (Қазақстан), 70 келіге дейінгі салмақта сержант Андрей Ляшенко (Ресей), 75 келіге дейінгі салмақта сержант Олимжон Номуродов (Өзбекстан), 80 келіге дейінгі салмақта курсант Темірхан Хасанов (Ресей), 85 келіге дейінгі салмақта сержант Азамат Асылбекұлы (Қазақстан), 85 келіден жоғары салмақта лейтенант Руслан Габараев (Ресей) чемпион атанды.
Сонымен бірге ресейлік спортшы Руслан Габараевқа «Үздік техника» аталымы берілді. Ал «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына өзбек спортшысы сержант Шохруз Шарифов ие болды. Әділ төрелік жасағаны және спорттық қағидаттарды мүлтіксіз орындағаны үшін жарыс төрешісі, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің офицері, аға лейтенант Нұрбол Саябаев грамотамен марапатталды.