Сенат • 20 Желтоқсан, 2023

Сенатқа жаңа депутат қосылды

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қостанай облысында Парламент Сенатына депутаттыққа өту бойынша сайлау өтті. Нәтижесінде Amanat партиясы филиалының төрағасы Бибігүл Аққұжина аталған аймақтан Сенатқа өкіл болып сайланды, деп жазады Egemen.kz Орталық сайлау комиссиясының сайтына сілтеме жасап.

Сенатқа жаңа депутат қосылды

Комиссия ақпаратына сүйенсек, Қостанай облысынан Сенатқа депутат сайлану үшін үш кандидат үміткер ретінде тіркелген. 

Олардың ішінде Бибігүл Аққұжина 193 сайлаушының дауысын алып Сенатқа өтті.

Ал оның қарсыластары Рудный мәслихатының депутаты Азамат Ысқақовқа – 27, Қостанай аудандық ауруханасының бас дәрігері Әлімжан Мірманов 21 дауыс жинады. «Бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньді 12 адам толтырған.

Сонымен Сенаттың су жаңа депутаты туралы не білеміз?

Аққұжина Бибігүл Беркүтқызы 1971 жылғы 20 қаңтарда Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қостанай мемлекеттік университетінде психология оқытушысы ретінде бастады, жоғары білімін де осы жерден алды.

2000-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің маманы болып жұмыс істеді. 2002-2009 жылдары – Қостанай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы.

2009-2016 жылдары Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болды. 2017 – 2021 жылдары – Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

2021 жылы Amanat партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2022 жылдың желтоқсан айынан осы уақытқа дейін Amanat партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарды.