Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі энергетика стансаларының 60%-ы күйреу жағдайында тұрғанын, оларды жаңартып, жаңа стансалар салу үшін энергия тарифін өсіру керектігін айтқан болатын. Оның сөзінше, осы кезге дейін әлеуметтік тұрақтылықты сақтап отыру үшін жылу тарифі төмен деңгейде сақталып келген. Алайда елдің бірқатар өңірінде болған апаттардан кейін жылу электр стансаларында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа стансаларды салу үшін қосымша қаржылай қолдау қажеттігі белгілі болған. Бұл қолдауды әзірге мемлекеттік бюджет пен станса иелері көрсетіп отыр. Бірақ ол – жеткіліксіз. Министрдің айтуынша, энергетикалық инфраструктураны жақсартуға бағытталған қадамды тариф бағасын көтеруден бастау керек.
Министр тариф бағасы бірден өспейтінін, алдын ала қоғамдық талқылау болып, мемлекеттік қолдауды да есептегеннен кейін ғана компаниялардың тарифті өсіру өтініштері қабылданатынын ашып айтты. Бұдан бөлек, энергетика саласында қызмет ететін жұмысшылардың жалақысы өте төмен. Олардың жалақысын көтеру қазір ең жоғарғы деңгейде талқыланып жатыр.
Бұл шара шекті тариф электр стансасының жұмысын қамтамасыз ете алмауына əкелуі мүмкін. «Атамекен» ҰКП мамандары Энергетика министрлігіне сарапшылық қорытындыны жолдады. Онда бұйрық жобасын қайта қарау жəне оған өзгерістер енгізу жəне «Батыс Пауэр» ЖШС үшін электр энергиясына шекті тарифтерді қолайлы деңгейде белгілеу қажеттігі жазылған.
«Атамекен» ҰКП энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, құрамына Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіретін батыс өңірдің Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен электр байланысы жоқ. Осыған байланысты тапшылық туындаған жағдайда өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігі Ресейден импорт есебінен қамтылады. «Қазіргі жағдайда Орал ГТЭС-200 кəсіпорнының одан əрі жұмыс істеуіне қауіп төніп тұрғанына алаңдаушылық бар. Станса құрылғаннан бастап батыс өңірді барынша электр энергиясымен қамтамасыз етті жəне электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен Ресей Федерациясының электр жүйесінен тəуелсіздігін сақтап қалды», деді Ж.Хайрушев.
Спикер Ұлттық палата Энергетика министрлігіне мəселені шешуде «Батыс Пауэр» ЖШС-ға көмек көрсетуді ұсынғанын айтты. Нəтижесінде, Энергетика министрлігі ұсыныспен келісіп, тарифті қолайлы деңгейде бекітті. «Əділ тариф белгілеу мəселесі бойынша «Атамекен» ҰКП-мен бірлескен жұмыс арқылы бүгінде стансаның жұмысы жаңадан бекітілген тарифпен тиімді болып, компаниядағы қаржылық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
«Орал ГТЭС-200» стансасының тұрақты жұмысы өз кезегінде жалпы электр энергетикасы саласына жағымды əсер етеді. Өйткені Ресей Федерациясынан электр энергиясын сатып алу көлемін азайтуға мүмкіндік береді», деді «Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Марина Балашова.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП мамандары электр энергетикасы саласындағы заңнаманың жетілмегені сөзсіз нормативтік құқықтық актілерге тезірек өзгерістер енгізуді талап ететінін алға тартты. Өйткені электр энергетикасы – тұтастай алғанда мемлекеттің экономикасына үлкен əсер ететін аса маңызды инфрақұрылымдардың бірі.