– Мұрат Талапұлы, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыру қажеттілігі соңғы жылдары жиі айтылып келеді. Оған себеп те жоқ емес. Жағдайды түзеу, алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізуде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқаратыны мәлім. Осы орайда өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керектігін тапсырған болатын. Осы мақсатта учаскелік полицейлерге өз міндеттерін мінсіз орындауда талап күшейтілген. Өкінішке қарай, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі орын алып отыр. Отбасындағы жанжалдан зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Биыл азаматтардың шағымдары бойынша 4 мыңдай қорғау нұсқамасы шығарылды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 106 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл 1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әрекеттерге өзгерістер енгізілуіне байланысты жауапкершілік қатаңдатылды. Тұрмыстағы зомбылықтың көбі мас күйінде жасалады. Осыған байланысты, спирттік ішімдіктен мәжбүрлеп емдеу мекемесіне 60 тұлға жолданды. Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 6 032 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңіріміздің бірқатар елді мекенінде тұрғындар тарапынан ішімдіксіз ауыл сынды игі бастамалар қолға алынып, оң нәтиже беруде. Сол бастама өзге ауылдарға үлгі болып, кеңірек таралса, отбасылық зорлық-зомбылық мүлде азаяр еді.
– Жалпы, облыста қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тағы қандай шараларды қолға алу немесе күшейту қажет деп есептейсіз?
– Өздеріңізге мәлім, Президент Жолдауында заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатынымыз, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажеттігі айтылды. Яғни негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Облыста қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін патрульдік полиция қызметкерлерінің штат санын ұлғайту қажет. Бұл қызметкерлер бірінші кезекте азаматтарға дер кезінде көмекке барады. Сонымен қатар қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады. Ал уақытша бейімдеу және детоксикация орталығын ашу құқық бұзушының қайталап қылмыс жасамауының алдын алады. Сондай-ақ облыстың әрбір ауданында қосымша дағдарыс орталықтарының санын арттыру қажет. Себебі орталық ауыр өмірлік жағдайға тап болған әйелдер мен балалы аналарға психологиялық қолдау көрсетеді, тұрғын үй, тамақ, дәрі-дәрмек және киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының санын азайтады. Сонымен қатар оңалту орталықтарын ашу, жолдарды реттеу, бейнебақылау камераларының санын кезең-кезеңімен көбейту қажет. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алады, қылмыстардың ашылуына және тағы да басқа жағдайларға көмегін тигізеді. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтеді.
Ерекше айта кететін мәселе, биылдан бастап Ұлттық ұлан әскери бөлінісі Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қызмет атқаруда. Бұл – қала тарихындағы өте маңызды жетістік. Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға 120 әскери сарбаз қызмет етуде. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауға 1 405 бейнебақылау камералары қолданылады, күнделікті 100-ге жуық қызметтік автокөлік пен 400-ден аса қызметкер, Ұлттық ұлан сарбаздары шығып, жүйелі түрде рейдтік профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Нәтижесінде, қоғамдық орында жасалған қылмыстар – 30,1%-ға, соның ішінде көшеде жасалғандар –20,8%-ға төмендеді.
– Өңірде тіркелген құқық бұзушылықтардың басым бөлігін қандай қылмыстар құрайды?
– Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстық құқық бұзушылық саны 8,2 %-ға төмендеуіне қол жеткіздік. Негізгі көрсеткіштерді айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар 19,0%-ға, орта және ауырлығы орташа қылмыстар 5,0%-ға төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 78,3%-ды, орта және ауырлығы орташа қылмыстардың ашылымы 69,6%-ды құрап, республикалық көрсеткіштерден жоғары тұрмыз. Негізінде тіркелген қылмыстардың басым бөлігін мүліктік қылмыстар құрайды – ұрлық пен алаяқтықтар.
– Ұрлық демекші, мал ұрлығына қатысты жазаның қатайтылуы жағдайға қаншалықты әсер етті? Мал иелеріне келтірілген шығын қаншалықты өтелуде?
– Иә, қазіргі таңда өңірімізде мал ұрлығы – өзекті мәселенің бірі. Дегенмен жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде, облыс көлемінде мал ұрлығы 25,6%-ға төмендеп, ашылуы 65%-ды құрады. Мал ұрлығы қылмыстарымен айналысқан 18 қылмыстық топ құрықталып, нәтижесінде, 42 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Азаматтарға мал ұрлықтарымен келтірілген шығын 21 млн 258 мың теңгені құрады, қазіргі кезде оның 87,2%-ы немесе 18 млн 546 мың теңгесі мал иелеріне қайтарылды. Жалпы, 169 тіркелген мал ұрлығының 121 фактісі жайылымнан (71,6%), ал 48-і қорадан ұрланған (28,4%). Бұл фактілер азаматтарымыздың малдарын жайылымда қараусыз қалдырып, ұрлыққа қолайлы жағдайлар жасайтынын аңғартады. Осы орайда, мал иелері мен мүліктеріне өздері қарау немесе бақташы жалдау, сондай-ақ чип орнату бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Жалпы, азаматтардың өз мүлкін қорғауға деген жауапкершілігін арттыру керек. Бұл мәселені аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, халық арасында кеңінен насихаттау қажет. Барлық орын алған мал ұрлықтарына біз төтенше жағдай ретінде қарап, ізін суытпай ашуға бағытталған жұмыстарды дер кезінде ұйымдастырудамыз. Аталған қылмыстар бойынша ұсталған күдікті қылмыскерлер міндетті түрде қамауға алынады.
Келесі өзекті мәселе – пәтер ұрлықтары, бұл қылмыстар 45,6%-ға төмендеген, ашылымы 59%-ды құрады. Пәтер ұрлығы қылмыстарымен айналысқан 13 қылмыстық топ құрықталып, нәтижесінде, 31 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өзіңіз білесіз, облысымызда жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің саны артуда. Сол себепті, пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында, құрылыс компанияларына салынып жатқан үйлерге домофон, кодты құлыптар және бейнебақылау камераларын бастапқы кезде орнатуды міндеттеу қажеттілігі туындап отыр.
– Бүгінде елімізде алаяқтық қылмыстардың өршігені жасырын емес. Оның алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Иә, алаяқтық – қазіргі заманда ең көп орын алатын қылмыстардың бірі. Алаяқтық қылмыстарының саны облыста 1,4%-ға төмендеді, ашылуы 87,3%-ды құрап отыр. Мұның ішінде, интернет-алаяқтық қылмысы, яғни жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың ашылуы 40,1%-ды құрады. Аталған қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша биыл маусым айында «Киберпол» арнайы тобы құрылды. Бұл топ құрамына білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалисттер мен ІТ мамандары жұмылдырылған. Алаяқтық қылмыстарымен айналысқан 25 тұлғадан тұратын, 1 312 жәбірленушіге 931 млн теңгеден аса материалдық шығын келтірген, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Қазіргі таңда, азаматтарымыз алаяқтардың құрбаны болмауы үшін, қызметкерлермен бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, жоғары оқу орындарында, базарлар мен сауда орталықтарында кеңінен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу да біздің назарымыздағы мәселе. Бұл латентті, яғни жеке іздеумен анықталатын қылмыстар. Жалпы, осы уақытқа дейін есірткі қылмыстарының 507 жайты анықталған, былтырғымен салыстырғанда 31,0%-ға көп анықтап отырмыз. Заңсыз айналымнан 1 тонна 322 кило есірткі заттары, сондай-ақ 35 мың 912 түп есірткі өсімдіктері тәркіленді. Биылғы жылдың сәуірінен бастап «Трамодол» дәрісін заңсыз сату және сақтауға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаннан кейін, 34 дерек анықталып, 1 149 пластина, 1362 таблетка, 26 капсула тәркіленді. Есірткі және нашақорлықты үгіттейтін ақпараттар мен жарнамаларды анықтау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Интернет мониторинг жұмыстарының нәтижесінде, синтетикалық есірткі тарататын 66 ақпараттық сайт анықталып, Ішкі істер министрлігінің «Киберқадағалау» бағдарламасымен тоқтатылды.
– Өңірде жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Қалай ойлайсыз, оған басты себеп жолдың сапасыздығы ма, әлде жүргізушінің жауапсыздығы ма?
– Жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары жиі орын алғаны рас. Дегенмен республикалық маңызы бар жолдарда ЖКО – 35,6%-ға, қаза тапқандар – 39,1%-ға, зардап шеккендердің саны – 19,3%-ға төмендегенін айта кеткен жөн. Ал облыстық маңызы бар жолдарда ЖКО – 46,8% (171–ден 251–ге дейін), зардап шеккендер – 32,4% (238-ден 315-ке дейін) өскен, қаза тапқандар саны – 13,9% (101-ден 87-ге дейін) төмендеген. Елді мекендерде бұл көрсеткіштер біршама төмендеген. Яғни біздің облыс республика бойынша апаттылығы жоғары деңгейлі өңірлердің біріне жатады. Себебі облысымыздың халық саны 2 миллионнан астам адамды құрайды. Халықтың тығыздығы жоғары және 400 мыңға жуық автокөлік тіркелген, транзиттік түрде өтетін автокөліктердің саны да аз емес. Сондай-ақ жолдардың және оның инфрақұрылымының жай-күйі де апатқа ұшырайтын маңызды себептердің бірі.
Полиция департаменті облыстың жолдарына 3 710 тексерулер жүргізіліп, 12 062 кемшіліктерді анықтады. Оларды жою бойынша 3 726 нұсқама берілді. Патрульдік автомобильдерінде орнатылған жылдамдық режімін автоматты тіркеудің 11 мобильді «Автоураган», «Кибер-Шериф» және «Кордон ПроМ» кешендерін алуға қол жеткіздік. Олармен жыл басынан бастап 100 424 құқық бұзушылық анықталды. Алдағы уақытта 5 дана осындай кешендерді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Осы техникалық құралдардың барлығы жүргізуші тәртібін және жазадан құтылмау қағидатын арттыруда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Сонымен қоса «Қорғау – қауіпті жүргізуші!» бағдарламасының көмегімен 1 400 автокөлік айыппұл тұрағына қойылып, барлық жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Өңір полиция қызметкерлері өз құзыреті шеңберінде, өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз атқару мақсатында жұмыс істеуде. Дегенмен біз үшін азаматтарымыздың заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылуы да аса маңызды.
Әңгімелескен –
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы