Желтоқсанның үшінші онкүндігінде жұртшылық мерекелік көңіл күйде болады. Көпшілік мерекенің лебін толық сезінуді күн райына да байланыстырып жатады.
Десе де синоптиктер айдың соңғы күндері ел аумағында жауын-шашын, қар мөлшері аз екенін мәлім қылды. 31 желтоқсан күні тек Батыс, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы облыстарында қар жауады деп болжанған.
Маңғыстауда жаңа жыл күні жоғары температура болуы мүмкін. Күндіз +3+8°С, түнде -2+3 °С градус жылы болмақ.
Өзге өңірлерде жауын-шашын түспейді. Термометрдегі температура - 3 - 7 °С градус салқын ауа райы күтіледі.
Ал мегаполистерге келер болсақ, Астана мен Шымкентте жаңа жыл күні қар жаумайды. Бас қала аспаны бұл күні бұлтты, температура көрсеткіші күндіз - 5 -7°С, түнде - 10 -12°С градусты көрсетіп, жылдамдығы 5-10 м/с болатын жел батыстан соғады.
Шымкентте күн құбылмайды. Күндіз 0-5 °С, түнде -2-7 °С салқын болады.
Ал алматылықтар жаңа жылды «ақ ұлпалы атмосферада» қарсы алады. Синоптиктер 31 желтоқсан күні Алматыда қар жауады, ауа температурасы күндіз 0-2 °С, түнде -3-5°С градус төмен болады деп болжап отыр.