Астана қаласының дамуында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалады. Қала экономикасы бірқалыпты дамып келеді. Жалпы өңірлік өнім 4,1%-ға өсіп, 4 трлн 753 млрд теңгені құраған. Инвестиция көлемі 4,7%-ға артып, шамамен 1,3 трлн теңгеге жеткен. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14,6%-ға көбейіп, бүгінде 230 мыңнан асыпты. Ал бөлшек тауар айналымының көлемі 9,4%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9%-ға ұлғайыпты.
«Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы жылы жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша біз азаматтардың әртүрлі санаттары үшін 5 200 пәтер беру туралы міндет қойдық. Оның ішінде жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік осал азаматтар, сонымен қатар жұмыс істейтін жастар да бар. Қазір құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында кезекте тұрғандар өз үйіне кіреді.
Бүгінде реновация бағдарламасы бекітілді. 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4 710 тұрғынды қауіп алдындағы баспаналарынан көшіру жоспарланған. Алғашқы 3 апатты үйдің тұрғындарын көшіріп те қойдық. Жұмыс әрі қарай жалғасып жатыр. Әйткенмен тығыз құрылыс бойынша жыл басында жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан аса нысан болды. Олардың мәселесін дұрыс жолмен шешу арқылы қаланың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылды. Осы арада айтарым, барлық шешім қала белсенділерінің қатысуымен қабылданды. Шешімдердің 90 пайыздан астамы қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданды. Тығыз құрылыс нысандарының барлығына дерлік оң шешімдер қабылданды: мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сияқты 8 әлеуметтік объект және 9 қоғамдық кеңістік жоспарланды. Қалған нысандар бойынша сот шешімін күтіп отырмыз», деді Ж.Қасымбек.
Жаңа құрылыс аудандарында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы байқалады. Мәселені шешу үшін биыл 7 мектеп пайдалануға берілді, тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып келеді. Ендігі жылы 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның үшеуі – жекеменшік, жетеуі – мемлекеттік және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 15 мектеп бой көтереді. Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Қала басшылығы осылайша 2028 жылға дейін екі ауысымда білім алатын 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен аса мектеп салуды жоспарлап отыр.
«Инвесторлардың қаражаты есебінен 16 жекеменшік балабақша бой көтеріп келеді. Сондай-ақ 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салуды жоспарлап қойдық. Бірінші кезең аясында 2025 жылы жергілікті бюджет және мемлекеттік-жеке әріптестік қаражаты есебінен 10 балабақша салу мақсаты тұр. Балабақшалар мен білім ошақтарымен қатар 2029 жылға дейін жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ мемлекет-жекешелік әріптестік тетігін қолдана отырып, 15 заманауи оқушылар сарайын салуды қала басшылығының алдына үлкен мақсат етіп қойдық. Ең алғашқысы – Тұран даңғылында орналасқан «Сана» оқушылар сарайы осы жылы пайдалануға берілді. Келесі жылдың бірінші тоқсанында қаланың әр ауданында 5 оқушылар сарайының құрылысын бастаймыз. Бұған қоса медициналық инфрақұрылымды дамыту аясында 2024-2027 жылдар аралығында 12 объект салынады, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана, олардың біреуі балалар ауруханасы, 3 мемлекеттік және 5 жеке емхана құрылады. Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген, осынау орынды тәмсілдің талабына сай болуға барымызды салып қызмет етеміз», деді елорда басшысы.
Биыл Астанада бірқатар инфрақұрылым нысаны салынып, пайдалануға берілді. Олар – «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасы, «Тұран» газ жылу стансасы мен ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі және ауызсу стансасы (НФС-3). Астана әкімі жылумен және сумен жабдықтау мәселелері қалай шешілетінін тәптіштеп түсіндіріп өтті.
«Өткен жылыту маусымында 432 Гкал жылу тапшы болды. Биыл үш жылумен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталғандықтан, жағдай керісінше профицитке шығып тұр. Мысалы, қазан айында ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды, оның құрылысы ұзаққа созылған еді. Аталған жылу электр орталығында барлық төрт қазандық жұмыс істейді. Бұл қалаға сағатына 440 Гкал береді. ЖЭО-3 сол жағалаудың бір бөлігін және жаңа салынып жатқан аудандарды жылумен қамтиды. Сондай-ақ жаңа қуаттар жаңа энергия көздері іске қосылды. Бұл газ жылу стансалары (ГЖС) Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары мен «Тұран» бірінші кезеңінің қуаты сағатына 700 Гкал құрайды. Бұл ЖЭО-3 қуатынан екі есе артық», деді Ж.Қасымбек.
«Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасы «Бағыстан», «Мыңжылдық аллеясы» тұрғын үй кешендерін, қаланың сол жағалау бөлігін жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тұран» газ жылу стансасы қаланың сол жағалауында құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды қамтиды. Келер жылы, ең алдымен, «Телман», ал екінші кезекте «Тұран» газ жылу стансасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл қаланы тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, алдағы 5 жыл ішінде резервтік жылу қуатын қамтамасыз етеді.
Биыл Астанада Тәуелсіздік даңғылында көпір ашылды, 70-тен аса көше жөнделді, 400 жаңа автобус сатып алынды. Президент тапсырмасы бойынша кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр. Жүйе жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, кептеліс санын азайтуға, т.б. мүмкіндік береді.
«Тәуелсіздік даңғылы бойындағы жаңа көпір көлік кептелісі жиі болатын орындардағы қиындықты реттеді. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылында көлік кептелісі 20%-ға, Сарайшық көшесі мен Ұлы дала көпірі сәйкесінше 15%-ға дейін азайды. Сондай-ақ Түркістан, Ақмешіт, т.б. көшелердегі кептелістер де айтарлықтай жеңілдеді. Келер жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр көшесіне дейінгі жалғасын салуды жоспарлап отырмыз», деді ол.
Айтматов көшесі ашылғаннан кейін Сығанақ пен Ұлы дала даңғылы арасындағы Тұран даңғылында көлік ағыны біршама төмендеді. Нәтижесінде, көлік кептелісі 12%-ға кеміді деген дерек бар. Сонымен қатар шағын айналма жолдың құрылысы, Кенесары көшесі мен Қорғалжын тасжолының ауданында жаңа көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сол сияқты биыл 70-тен аса көше жөнделді, 400 жаңа автобус сатып алынды, оның 300-ден астамы пайдалануға берілді. Қалғанын 2024 жылдың 1 тоқсанында жеткізу жоспарланған. Жоғарыда аталған барлық шара қозғалысы қарқынды учаскелерге түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға және қаланың жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Осы жылы Астанада 165-тен аса аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Гүлзарлар жасау жұмысы елорданың барлық ауданында жүргізілді. Биыл елорданы көріктендіру бойынша ауқымды жұмыс орындалды. Қ.Мұнайтпасов, Бейбітшілік, «Амман» және «Абылайхан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақтар кластерін өзара байланыстырды. Орталық жағалаудың тарихи көшелері жаңартылды, «Журналистер аллеясы», Салтанат қақпасының жанындағы гүлзар, т.б. абаттандырылды. Көгалдандыру жұмысы да назардан тыс қалмады. Миллионға жуық жасыл желек отырғызылды, олардың бір бөлігі қаланың жасыл белдеуіне егілді», деді Ж.Қасымбек.
Оған қоса ол бұрын көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы жоспарланған 9 орында гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктер ашылатынын атап өтті. «Мысалы, Айтматов-Сығанақ көшесінің қиылысындағы учаскеде 12 қабатты көпфункционалды кешеннің орнына гүлзар жасалды. Роза Бағланова көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында жеке құрылыс салушы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған еді. Нәтижесінде, инвестормен бірлесіп, осы учаскеде қоғамдық кеңістік салынды. Күмісбеков көшесі, 7/1 мекенжайында орналасқан ескі гараждардың орнына қала тұрғындарының демалысы үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орын құрылды. Көктөбе тұйық көшесі, 5 мекенжайында бос жердің орнына спорттық-ойын аймағы бой көтерді», деді елорда әкімі.