Саясат • 25 Желтоқсан, 2023

Қазақстан – Қатар: Ықпалдастықты кеңейту

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Сма­йылов Қатар мемлекетінің Қазақ­стандағы елшісі Абдулазиз бен Сұлтан Әл-Румейхимен кездесу өткізді.

Қазақстан – Қатар: Ықпалдастықты кеңейту

Үкімет басшысы Қатар Қазақстан­ның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. 30 жыл бұрын дипломатиялық байланыс орнатылған. Ал кейінгі жылдары екіжақты қарым-қатынастар орнықты дамып келеді, оған екі ел басшыларының белсенді байланыстары ықпал етті.

Әлихан Смайылов қазан айында Дохада өткен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының 6-отырысының табысты болғанын атап өтті. Сонымен қатар отырыс аясында екі елдің 150-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен бизнес форум ұйымдастырылды.

«Аталған іс-шаралар біздің сауда-экономикалық байланыстарымыздың кеңеюіне айтарлықтай серпін береді. Айта кету керек, былтыр біздің экономикаға тартылған Қатар инвестициясының көлемі үш есе өсті. Сондай-ақ 10 айда тауар айналымының көлемі шамамен үш есеге өсті. Десе де, сауда және инвестициялық әріп­тес­тікті арттыруға әлі де әлеует бар екені анық. Біз қолда бар мүмкіндіктерді кеңейтуге мүдделіміз. Қазіргі таңда агро­өнеркәсіптік кешенде бірқатар жобаны бірлесіп жүзеге асыру перспективалары бар екенін ерекше ықыласпен атап өткім келеді», деді Премьер-министр.

Әңгіме Ақмола облысында бидай өңдеу зауытының құрылысы туралы болып отыр. Жоба құны шамамен – 200 млн доллар. Қазіргі уақытта оның тұжырымдамасы мен серіктестік шарттары пысықталып жатыр.

«Қазақстанда бизнесті дамытуға қолайлы барлық жағдай бар. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетуге да­йынбыз», деді Әлихан Смайылов.

Абдулазиз бен Сұлтан Әл-Румейхи мыр­за Үкімет пен ел басшылығының жы­­лы қабылдауы мен қолдауы үшін ри­за­­­шы­лығын білдірді. Елші Қатардың екі­жақ­ты қарым-қатынастарды дамыту­ға, биз­нес жо­б­аларды жүзеге асыруға және ин­вес­ти­ция­лық әріптестікті нығай­ту­ға үл­кен қызығу­шылық танытып отырғанын атап өтті.