Ән • 25 Желтоқсан, 2023

Үздік күйші-термешілер анықталды

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде XIX ғасырдағы жыраулық поэзияның көрнекті өкілі, күйші, композитор Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Қайран, Нарын...» Алматы қалалық күйшілер мен термешілер сайысының марапаттау рәсімі өтті.

Үздік күйші-термешілер анықталды

Сайысқа мегаполистің түрлі оқу орындарынан 30-дан астам студент қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Қазақстанның Халық артисі Айгүл Үлкенбаева, Филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Төлепберген Тоқжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Харипова қазылық еткен байқауда ерекше өнерімен көзге түскен жастар жарыс жеңімпазы атанды.

Атап айтқанда, байқаудың Гран при жүлдесін – Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консеваториясының студенті Қанат Қызылғұлов иеленді.

Домбыра номинациясы бойынша:
1-орын Зинор Нұрайға,
2-орын Нұрәлі Саятұлы мен Қайырбек Сариевке,
3-орын Ләззат Ақиқатқа табысталды.

А.Октябрь

Терме номинациясында жүзден жүйрік деп танылған Аманжол Дауылбаев, Перизат Амангелдиева сынды жас өнерпаздар көрермен ықыласына бөленді.

Жеңімпаздарға кемер белбеу, қалқан, қыздарға арналған ұлттық әшекейлер секілді ерекше сыйлықтар табыс етілді.

Шара аясында Орталық музей ұйымдастырған #Махамбет220 челленджінің қатысушылары марапатталды.
Челленджді Қазақстанның халық әртісі, белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева бастап, Махамбет Өтемісұлы домбырасының дәлме-дәл көшірмесімен «Жұмыр қылыш» күйін орындаған болатын. Өнер иесі челленджді ары қарай өнердегі әріптестеріне, еліміздің өнер ұжымдарына жолдады. Махамбет ақынның рухы бойына сіңген көптеген өнер қайраткерлері, ақындар, күйшілер мен дәстүрлі әншілер, филармониялар меноркестр ұжымдары челленджді ары қарай жалғастырып, бүгінге дейін 27 өнер ұжымынан 1000-нан аса адам атсалысқан.

Орталық музей ұжымының атынан осы бір игі бастамаға қолдау көрсеткен әрбір қатысушы Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.