Елдік іс-шараға арнайы келген атом саласының сарапшылары семинарға қатысушыларға электр энергетикасын дамытудың болжамды баланстары, Қазақстанда АЭС салу жоспарлары және АЭС-тің экономиканы көтеруге әсері туралы тереңнен тартып, кең толғап айтып берді.
Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы соңғы кезде анық байқалатыны жөнінде баяндап, АЭС электр энергиясының тұрақты базалық генерациясын қамтамасыз етуге көмектесетінін түсіндірді.
«Қазақстанда АЭС салып, атом энергиясын бейбіт түрде ел игілігіне жарату, отанымызды электр қуатына тәуелділіктен айырумен қатар, оның артылғанын көрші елдерге сатып пұлдауға да жол ашады. Ең бастысы, ауаны ластайтын зиянды шығындыларды мейлінше азайтып, қоршаған ортаның тазалығын жақсартып, азаматтардың саламатты өмір сүруін қамтамасыз етуге де мол мүмкіндік береді. Елдің энергетикаға қатысты келешегін бүгіннен бастап дұрыс бағамдай алмасақ, артта қалған елдердің қатарына түсіп қалуымыз әбден мүмкін», деді Г.Мурсалова
«ҚАЭС» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстанда АЭС салу жобасы, атом стансасының техникалық аспектілері мен экологияға әсері туралы әңгімеледі. Сөз кезегінде «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев елімізде атом энергетикасын дамыту қажеттігін тәптіштеп, АЭС – электр энергиясын өндірудің нағыз экологиялық көзі болып табылатынын айтты.
«Жасылдар партиясы жасыл энергияны, атом энергиясын қолдайды. Біз балаларымыздың болашағын жасыл энергияның көмегімен қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені атом электр стансасында парниктік шығарындылар жоқ. Сондықтан Қазақстанға атом электр стансасын міндетті түрде салған дұрыс деп ойлаймын. Себебі біздің елде электр энергиясының тапшылығы бар. Тағы да қайталап айтайын, АЭС Теміртау, Балқаш, Жаңатас сияқты қалалардағы көмір шығарындыларының мәселелерін шешуге және елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бек көмектеседі», деді ол.
Семинардың салмақты бөлімі пікір алмасуда елдегі бірқатар қоғамдық ұйым мен бірлестіктің жетекшілері, сондай-ақ белсенді өкілдері АЭС-ке қатысты ой-толғамдарының анық қорытындысы туралы ашық айтып, барлығы бір пәтуаға келгендей болды. «Адамзат өркениетінің ең артында қалмайық десек, АЭС-ті толық игеріп, ел игілігіне дұрыс пайдаланайық!».
Ал «Күміс еріктілер» ҚБ өкілі Эльвира Рафикова елімізге АЭС ауадай қажет деп санайтынын айтты.