Айта кетейік, ауыл шаруашылығы мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері ауылдық округтерге ауқымды скрининг жүргізген болатын. Скрининг нәтижелері бойынша әр елді мекеннің бағыты анықталып, цифрлық платформа әзірленді.
«Қаражатты бөлу кезінде әр ауданның ерекшелігін ескерген жөн. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік беру немесе жаңа жұмыс орындарын құру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Сондықтан әкімдіктер осыған баса мән беруі керек», деді Тамара Дүйсенова.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин өңірде жүргізілген жұмыс нәтижелері туралы айтып берді. Оның айтуынша, облыстағы өзекті мәселелердің бірі – импортқа тәуелділік. Сондықтан әрі қарай бірқатар бағыт бойынша өнім өндіру қолға алынбақ. Мәселен, мал шаруашылығы бойынша 2,5 мыңнан аса, өсімдік шаруашылығы бойынша 264, құс шаруашылығы бойынша 285 жоба ұсынылып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары ұйымдасқан шаруашылықтардан үй жануарларын сатып алуды ережеге енгізуді ұсынды, бұл ретте олар сату операторлары ретінде белгіленбек. Осылайша, бағдарламаға қатысушылар арасында малды алып-сату фактілерінің алды алынбақ. Сондай-ақ өңір жеке қосалқы шаруашылықтарды жұмыс істеп тұрған ірі фермерлік шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындары айналасында шоғырландыруға баса мән бермекші.
Айта кетейік, тұрғындардың табысын арттыру бағдарламасы өңірде жұмыссыздар санын 1 210-ға, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарын 157 адамға қысқартуға жол ашты.
Батыс Қазақстан облысы да өз тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге ниетті. Өңір басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің сөзінше, қазірде өңір өзін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сегіз түрімен толық қамтып отыр. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен азық-түліктің тағы жеті түрі бойынша көрсеткіштерді жақсаруды көздеп отыр.
Жоба аясында бастапқыда қаржы көбіне шикізат базасын құруға бағытталмақ болған, енді аймақ қайта өңдеуге басымдық бермек. Келер жылға облыс сомасы 8 млрд теңге болатын 1 345 жоба жоспарлап отыр. Оның басым бөлігін мал мен құс шаруашылығына бағыттау көзделіп отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша алынған әр малға чип орнатылуы керек. Осылайша, қаражатты мақсатына сай пайдалану жағы бақылауда болмақ. Елді мекендер арасындағы қашықтықты ескере отырып, ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуетін тиімді пайдалануға көмектеседі.
Түркістан облысының жоспары сәл өзгеше. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 64 ауылдық округ қатысқан. Аралық нәтижелерге сәйкес 3,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан 340 адам шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 19 жаңа нысан ашылып, 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Азаматтардың өз кәсібін ашуына 120-дан аса жоба мақұлданды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының сөзінше, келесі кезеңде басқа елді мекендерді қарастыру көзделген. Шикізатты қайта өңдейтін зәкірлік жобаларды құруға баса назар аударылатын болады.
Сонымен қатар кеңес барысында несиеге кепілдік беру, өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту мәселелері қозғалды. Олардың барлығын мүдделі мемлекеттік органдар қарайтын болады.