Қаржы • 26 Желтоқсан, 2023

Елімізде жаңа бес мыңдық банкноталар айналымға шықты

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық Банкі 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды айналымға шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде жаңа бес мыңдық банкноталар айналымға шықты

фото: Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа 5000 теңге дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Түсі — қызыл-қызғылт сары. Банкноттың беткі жағында:

— көкте қалықтап ұшқан құс пен Өмір ағашының бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);

— ДНҚ спиралі және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнек бейнеленген шексіздік символы;

— жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру (Қорған Талды II, б. д. д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде).

Банкноттың сырт жағында ою-өрнекпен безендірілген қалқан фонындағы бүркіт бейнеленген. Негізгі бейненің артында дөңгелек қазақтың ою-өрнегі орналасқан.

Номиналы 5 000 теңге болатын жаңа банкноттар 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енді және жыл бойы айналымдағы 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңге болатын ұлттық валюта банкнотасымен ауыстырылады.

Яғни, ескі үлгідегі барлық банкноттар бір жыл ішінде айналымнан біртіндеп алынады. Тиісінше, банкноттар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноттарға айырбастаудың қажеті жоқ.

2023 жылдың 25 желтоқсанынан 2024 жылдың 24 желтоқсанына дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноттар айналымда қатар жүріп, есеп айырысуға жарамды саналады.

Ұлттық банктың түсіндіруінше, жаңа үлгідегі банкноттар 2024 жылдың наурыз айында ғана жаппай айналымға шығады. Себебі оларды еліміздің барлық өңіріне жеткізіп, жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және кассалық техника т. б.) бейімдеу үшін уақыт қажет.