Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2023

Қостанай облысында 165 елді мекен жарықсыз қалды

97 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен қарлы боранның салдарынан облыс аумағында 165 елді мекеннің электр желілері істен шығып қалды. Жарықсыз қалған елді мекендерде электр энергиясын  қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында 165 елді мекен жарықсыз қалды

Дүлей боран 4 тұрғын үй мен 15 мектептің шатырын жұлып әкеткен. Аталған ғимараттарға келген материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.

Өңірдегі жағдайға байланысты облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов халықпен байланысқа шығып, арнайы мәлімдеме жасады.

«Төтенше жағдай департаменті мен полиция, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тұрғындардың амандығы үшін барынша күш-қайрат жұмсап жатыр. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күре жолдың бойында қар құрсауында қалған автокөліктер мен адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Бүгін облыста 14 авариялық-құтқару жұмысы жүргізілді. 20 адам құтқарылды. Оның ішінде 1 жүкті әйел және 1 бала бар.

Қостанай облысы бойынша мобильді бекеттерге барлығы  166 полиция қызметкері және 83 қызметтік автокөлік, 68 төтенше жағдай қызметкері және 14 техника, 78 жедел медициналық жәрдем бригадасы, энергетика саласындағы 38 бригада жұмылдырылды.

Облыс бойынша 257 жылыту пункті дайындалды. Орындардың жалпы саны 11 255.

Өкінішке қарай дауыл көтерілетіні туралы ескертулерге қарамастан, жолға шығып кетіп жатқан автокөлік жүргізушілері азаяр емес», деді А.Әбенов.

 

Қостанай облысы