Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жүк айналымы жақсарып, тасымал артқан
Жылдың 11 айындағы көрсеткіштерге қарағанда көлік саласында даму үрдісі анық байқалады. Жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 895 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 3,9%-ға артық. Оның 380,5 млн тоннасы темір жолмен, 262 млн тоннасы автомобиль көлігімен тасымалданды. Бұл ретте жүк айналымының ұлғаюы да осы жылдың қаңтар-қарашасында 3,1%-ға артқаны мәлім болды. Ел бойынша транзиттік тасымалдар көлемі 29,3 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға өскен. Ал контейнерлік тасымал көлемі 1,18 млн эквивалентті контейнерді құрап, 2022 жылғы көрсеткіштен 14%-ға артқанын көрсетеді.
Теңіз саласына қатысты ақпараттарға ден қойсақ, теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 6,5 млн тоннаны құрапты. Оның ішінде мұнай – 49%-ға, металл – 59%-ға және паромдық жүктер 14%-ға өскен. Оның 4,9 млн тоннасы экспортпен, 1,1 млн тоннасы импортпен, 0,5 млн тоннасы транзитпен тасымалданған.
Жүзеге асқан жобалар
Биыл 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізілді. Үш жоба аяқталды. Олар – БАҚАД, Қандыағаш – Мақат, Үшарал – Достық. Онда тұрғындардың арыз-шағымдары ескеріліп, осыдан 4-5 жыл бұрынғы 6 негізгі жобаның, ұзақмерзімді құрылыс нысандарының жүзеге асырылуына басты назар аударылды. Олар – Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Меркі – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахан жобалары. Бұл жобалар бойынша елді мекендерде айналма жолдар салудан бөлек, 923 шақырымында көлік қозғалысы ашылды.
Батыс Қазақстандағы ұзақтығы 245 км құрайтын Казталовка – Жәнібек, Үнге – Бисен – Сайхын жолдарын күрделі жөндеу жобасына айрықша ден қойылып, қазіргі кезде 220 км жол жүру қарастырылған. Жоғарыда аталған жобаларды толық аяқтау 2024 жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазіргі уақытта автомобиль жолдары саласында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Бұйыртса, 2024-2030 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 9 мың км-ден асатын перспективалық және басым жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруды бастау көзделіп тұр. Ондағы 3,7 мың км – І санат, 1 мың км – ІІ санаттағы жолдар. Оның 4,7 мың шақырымы республикалық желі арқылы жүзеге асырылса, 4,5 мың шақырымы өңірлік жобалардың үлесінде.
«Таяуда Көлік министрлігі елдегі салынуы ұзаққа созылған негізгі автожол құрылыстары аяқталуға жақын екенін жариялады. Олардың қатарына Астана – Алматы жолы да кіреді. Жергілікті тұрғындар, жүк көліктерінің жүргізушілері және саяхатшылар жеке тәжірибелерінен елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын негізгі жолды жөндеудің қаншалықты ұзаққа созылғанын жақсы біледі. Қазіргі уақытта оның басым бөлігімен жаңа асфальтпен қозғалыс қамтамасыз етілген. Бірақ ұзақ уақыт бойы Құрты мен Бурылбайтал ауылдары арасындағы учаске ең күрделі күйінде қалып келді. Бір жыл бұрын тапсырыс беруші KLV Inşaat A. S. компаниясымен «Құрты – Бурылбайтал» жолының 2 295-2 380 км-лері аралығындағы 85 км-лік учаскесін қайта жаңарту туралы келісімшартқа қол қойды. Мердігерге 2023 жылы жаңа жабынның бір жағында автокөліктердің өтуіне бірден қозғалыс ашу міндеті қойылды. Мердігер ұйым учаскеге арнайы техниканың 219 бірлігі мен 280 жұмысшыны жұмылдырды. Олар бүгінге дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының үлкен көлемін жасап үлгерді. Учаскенің бүкіл ұзындығында айналма жолдар жоқ, өйткені мердігер талапты орындады және ені 2 жолақты жабынның төменгі қабаты бойынша бір бағытта қозғалысты қамтамасыз етті. Келісімшартқа сәйкес жобаны толық аяқтау 2025 жылдың соңына көзделген. Жұмыстар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүргізіліп жатыр», деді Көлік министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
Теміржолдың таудай міндеті
Бұйыртса, 2025 жылға қарай 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол желісін төсеу және сол арқылы транзиттік теміржол тасымалы көлемін 35 млн тоннаға дейін жеткізу мақсаты тұрғаны мәлім. Өткен қараша айында Достық – Мойынты телімінде екінші жолдың құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыру учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге (12-ден 60 жұп пойызға дейін) және пойыздар қозғалысының жылдамдығын тәулігіне 1 500 км-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биылғы жылдың қараша айында Алматы стансасын айналып өтетін айналма жолдың және Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды.
Алматы айналма стансасы жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа дейін қысқартып, Алматы теміржол торабын 40 пайызға жеңілдетсе, «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы Орталық Азия бағытындағы өткізу қабілеттілігін 10 млн тоннаға арттырады. Бұлармен бірге, «Бақты – Аягөз» жобасы бойынша іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру Қытай мен Қазақстан арасындағы өткізу қабілетін тағы 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік жасайды.
Ең бастысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен «Қазақстан темір жолы» ҰК-сы біртіндеп Көлік-логистикалық компания болып толығымен қайта құрылуы тиіс. Ел экономикасының басты драйверіне айналатын бұл жобаны іске асыру міндетін жоспарға сай кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатқан ұлттық компания межелі мәреге таяп қалғанын бұған дейін жазғанбыз. Ендігі айтпағымыз теміржолға артылған осынау таудай міндет Президентпен қатар ел-жұрттың да жіті қадағалауында.
Транзитті Транскаспий дәлізі
Қазақстанның Көлік министрлігі Транскаспий халықаралық көлік бағыты (TХКБ) дамытуды белсенді жүргізіп жатыр. 2023 жылдың 11 айында Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы TХКБ бағыты бойынша жүктерді ауыстырып тиеу 107%-ға өсті, яғни, 2,5 млн тонна жүк ауыстырылды. TХКБ әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузия аумақтарында TХКБ-дағы тар жолдарды бір мезгілде жою бойынша Жол картасы шараларын іске асыру бағытында нақты іс-шаралардың шешімі қабылданды.
TХКБ бағытын дамыту үшін UTLC ұқсастығы бойынша өткен қазан айында Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның теміржол әкімшіліктері логистикалық қызметтердің бірыңғай операторын құру туралы құрылтай құжаттарына қол қойды және бір келісімге келді. Оның үстіне сол айда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Бір белдеу, бір жол» жоғары деңгейдегі форум аясында ҚХР Даму және реформалау мемлекеттік комитеті және Қытай Көлік министрлігімен TХКБ дамыту туралы екі бірдей келісімге қол қойылды.
Келісімдер экспорт-импортты, екі елдің аумақтары бойынша контейнерлік пойыздар үшін транзиттік тасымалдауды арттыру, TХКБ бойынша жүк тасымалдаудың әлеуетті жылдық көлемін болжау, аумақта жылжымалы құрамды қадағалау бойынша деректер алмасу бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздейді. Екі елдің, ҚХР-ға мұнай құбырларын, порт инфрақұрылымының TХКБ жобаларын қаржыландыруға жәрдемдесу, сондай-ақ TХКБ бойындағы мультимодальды көлікті дамыту, көліктің автомобиль, теңіз және теміржол түрлерінің артықшылықтарын тиімді пайдалануына керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша логистикалық қызметті жетілдіру мақсатында «бір терезе» арқылы TХКБ бойымен тасымалдауға қатысушылардың өзара іс-қимылының орталықтандырылған цифрлық үдерісін құру мәселесі қарастырылып жатыр.
Негізінде цифрлық көлік дәлізін толық іске қосу 2024 жылға жоспарланған. PSA-мен бірге Calista Asia-europe теміржол платформасы арқылы TХКБ бағыты бойынша «KTZ Express» АҚ логистикалық және экспедиторлық қызметтерін сату терезесін ұйымдастыру қаралып отыр.
Маршрутты дамыту бойынша шараларды жүзеге асыру 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарына жүктерді автомобильмен жеткізу мерзімін қысқарту мақсатында 515 шақырымдық республикалық маңызы бар «Шалқар – Бейнеу» автожолын салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде және ЕҚДБ тарапынан жобаға инвестиция салуға қызығушылық бар.
Теңіз айлақтарының мүмкіндігі
Ақтау және Құрық порттарында терминалдық қуаттарды ұлғайту бойынша бірқатар салмақты бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды қайта жасақтау және жүк тиеу жабдықтары мен жабдықтарын жаңарту жоспарланғаны белгілі.
Құрық портында астық терминалын салу жобасы аяқталып, 2030 жылға дейін аяқталатын «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу жобасы іске асырылып жатыр. Сонымен бiрге теңiзде жүзу қауiпсiздiгiн арттыру мақсатында Каспийдегі су деңгейiнiң айтарлықтай төмендеуiне байланысты 2024-2025 жылдары Ақтау жеңе Құрық порттары акваторияларында тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
Жоғарыда аталған жобалар сәтті іске асырылса, Қазақстанның теңіз порттарының өткізу қабілетін 10 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлік сыйымдылықты жылына 300 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік тудырады.
Авиациядағы ауқымды іс
«Әуе қатынасын дамыту барысында биыл жаңа рейстер пайда болды және олар қаншаға өсті? Жақын арада қай елдерге әуе рейстерін ашу жоспарланған еді?» деген сұраққа да тоқталып өтсек. Негізінен қазіргі күнде азаматтық авиация саласының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Әуежайдың биылғы жолаушылар ағыны 25 млн-нан астам адамға жетеді деген болжам бар. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 22%-ға артық.
Отандық әуе компаниялары тасымалдайтын жолаушылар саны – 13 млн-нан астам. Өткен жылғымен салыстырсақ, бұл көрсеткіш те 18%-ға көбейген.
Бәрін қорытындылай айтқанда, пандемияға дейінгі кезеңдегі ішкі тасымалдау көлемі толығымен қалпына келтірілді, тіпті асып түсті деп ауыз толтырып айта аламыз. Өйткені 50 бағыт бойынша, аптасына 640 рейстен жасалған. Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көліктік қолжетімділігін және ішкі туризмді дамыту мақсатында 7 облыста 23 ішкі әуе бағыты субсидияланады. Сондай-ақ осы жылы. Әуе кемелерінің паркі 9 бірлікпен толықты.
Бүгінгі таңда Қазақстанның халықаралық әуе қатынасы әлемнің 28 елімен жасалған. Рейстер аптасына 567 рейс жиілігімен 110 бағыт бойынша 4 отандық және 30 шетелдік әуе тасымалдаушыларымен орындалады. Сондай-ақ әуе кемелері біздің елден аптасына 57 рейс жиілігімен 13 мемлекетке қатынайды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі лоукостер әуекомпаниясы AirAsia келесі жылдың наурыз айынан бастап Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе рейсін ашатынын хабарлады. Оған қоса өзге де шетелдердің авиациялық биліктерімен бірқатар келіссөздер жүргізілді.
Бұлармен бірге салада Ирландияның авиациялық басқармасы (IAA) сарапшыларымен ұшу қауіпсіздігінің еуропалық тәжірибелерін енгізуде AAC-ға техникалық көмек көрсету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың қазан айында Еуропалық комиссия өкілдерімен техникалық кездесу өтті.