Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгер Әбдірахман Бисейітовтің соғысқа дейінгі өмірі мен еңбек жолы жайындағы көптеген құжаттар отбасы архивіндегі баға жетпес құндылық іспетті. Әсіресе, қан майданнан сүйікті жары Айша мен бауыр еті – балаларына жазған хаттары еріксіз елең еткізіп, жауынгердің адами болмысын көз алдымызға әкеледі.
Әбдірахман Бисейітов 1906 жылы дүниеге келген. Ұстаз болсам деген асау арманның жетегінде асқақ Алатаудың баурайындағы Алматыға келіп, жоғары білім алып шығады. Бар саналы ғұмырын да ұстаздық етуге арнайды. Әр жылдарда қарапайым мұғалімдіктен бастап, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісіне дейін көтеріліп, біліктілігі мен парасат-пайымын көрсете біліпті.
Міне, осынша жылдар сырғып өтсе де өткен күннің белгісіндей отбасының бойтұмарына айналған сарғайған қағаздарды ақтарған сайын кейіпкеріміздің бейнесі етжақыныңдай өзіне тартып, баурай түседі.
Нақты қай күні берілгенін ажырата алмасақ та, мына бір өндірістік мінездеме сонау отызыншы жылдары беріліпті.
“Ә.Бисейітов жолдас осы жылдың қыркүйегінен бастап Карл Маркс атындағы орта мектептің мұғалімі және оқу меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде өзіне жүктелген міндетті қашанда ұқыпты әрі адал атқарды.
Аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі: Лавренко (қолы, мөрі)”
Жұбайы Айша Тоқтамышевамен 1929 жылы 31қарашада шаңырақ көтергенін айғақтайтын неке туралы куәлік те сақталыпты. Уфада туып, ержетіп, 1920 жылдың соңында Қазақстанға қоныс аударған Айша алғашқы да мәңгілік махаббатын Жамбылда кездестіреді. Жүректері үндесіп, көңілдері жарасым тапқан жұбайлар Шолпан, Ахат, Эрнест, София есімді бүлдіршіндей ұл-қыздарды тәрбиелейді.
Соғыс басталар алдында Әбдірахман Бисейітов отбасы Жамбыл облысы Михайловка ауылынан үй сатып алады. Свердлов ауданы білім бөлімінің меңгерушісі Косуновтың берген анықтама қағазына қарағанда, ол Михайлов орта мектебінде 1937-1942 жылдар аралығында мұғалім, мектеп директоры бола жүріп, Қызыл Армия қатарына шақырылуына байланысты қызметінен босатылған.
Әке мектебінің бір тізбе кілттерін қаннен-қаперсіз сылдырлатып ойнаған құйтақандай Софияны көпке дейін қолынан түсірмей, бұлармен қимай қоштасқан сондағы жан тебірентерлік сәт тұңғышы Шолпанның жадында мәңгіге қалыпты. Содан кейін армияға шақырылған екі ауылдасымен бірге жайдақ арбаға мініп, Жамбылдағы әскери комиссариатқа аттанады. Бірте-бірте бұлдырап, алыстап бара жатқан әке бейнесі Шолпан апайдың әлі күнге дейін көз алдында.
Оның отбасы мен балаларының “әкенің көзіндей” сақтап келген құжаттардан білгеніміз, Әбдірахман Бисейітов 1942 жылдың 25 тамызында Харьковтағы әскери-саяси училищесінің курсанты болыпты. Ал майданнан жолдаған хаттары оның Ташкент қаласында әскери дайындықтан өткенінен хабар береді.
Майданнан жолданған үшбу хаттар Бисейітовтер отбасын тап бір мерекедегідей шаттыққа бөлеп, үздіксіз келіп жатты. Ондайда жүзі бал-бұл жанған Айша апай балаларының ортасында күйеуінің хатын дауыстап оқыр еді. Тіпті үйге туысқандары мен көршілерінің тайлы-тұяғына дейін қалмай жиналатын. Әдетте хатын: “Ардақты жолдасым Айша”, деп бастайтын да, ары қарай балаларының атын жеке-жеке атап: “Сүйсем сусынымды қандыратын Шолпаным, Ахатым, Ертісім, Софиям аман жүрсе, арманым жоқ, – дейді де, мен 5 желтоқсаннан бастап майданға кетіп барамын. Аппақ қар жамылған қалың қарағайдың ішінде жаумен алысып жүріп-ақ, өзіңе арнап әлі талай жыр жолдарын жазармын. Сендерді қанша сағынсам да, мына жұлқына соққан долы жел дауысымды жеткізер емес. Мына хаттарым менің өзімдей болып сыр шертсін...” – дейді.
Әбдірахман жұбайынан өзі қызмет еткен мектебі мен ауылдастарының, ағайын-туыстарының хал-жағдайларын жиі сұрап отырады.
Автоматшылар батальонының командирі болған Әбдірахман Бисейітов ұрыс даласында қас батырларша жаумен алысып, ерлікпен көз жұмды. Артында екі көзі төрт болып, сарыла күткен сүйікті жары мен балалары қалды. Ана жесір атанып, төрт бірдей бүлдіршін жетімдік қамытын киді. Әйтсе де, Әбдірахманның өзіне арнаған:
“Жылама, Айша, жылама,
Көздің жасын бұлама.
Қайратыңды бойға жи,
Қайғысыз өмір бола ма? – деген жыр жолдары жан жарасына демеу болды ма, Айша апай белін бекем буып, қызы Шолпанмен бірге еңбек майданына араласты. Қыстың бет қаратпас қақаған аязында да, жаздың тынысыңды тарылтар қапырық ыстығында да олар тынымсыз еңбек етті. Майдандағы солдаттарға сәлемдемелер жіберіп тұрды. Бұғанасы қатпаса да ересектерден қалыспай, еңбек майданына араласқан Шолпан апай омырауына бес медаль таққанын осы күні мақтанышпен айтып отырады.
Әбдірахман ағаның көзі тірі болса, ұрпағына көңілі толып, марқайған болар еді. Бүгінде елінің лайықты азаматтары болған ұрпақтары әке атына кір келтірген жоқ.
Арыстай әкенің “ақылдым” деп сүйсінетін Шолпаны мен “күлдіргім” деп еркелететін Софиясы әке жолын қуып, ұстаз болды. Ахаты инженер мамандығын таңдап, кандидаттық диссертация қорғады. Эрнест отандық мультификациялық фильмдердің негізін қалап, көшбасынан көрінген белгілі өнер иесі.
Шиеттей бала-шағамен жесір қалып, небір қиыншылыққа да мойымаған қайратты ана – Айша Бисейітова ұзақ та бақытты ғұмыр кешті. Балаларын қатарынан қалдырмай оқытты. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Немере сүйіп, қызығына ортақтасты. Еліміздің әр түкпіріне қоныс тепкен балаларының үйіне жиі барып, айлап қонақ болып қайтатын. Балалары да ана көңіліне қаяу түсірмей, құрмет пен сүйіспеншілікке бөледі. Ардақты ана 80 жасқа толып, өмірден озды. Алайда, майданнан жеткен сол бір сағынышқа толы хаттар өмірінің соңғы күндеріне дейін жүрегін жылытып, көңіліне жұбаныш болғандай. Жауынгердің әрбір хаты бір үзік сырын әлі де ішіне бүгіп, ендігі “ана дүниеде” табысқан жарының бір өзіне ғана ашылар құлыптың құпиясы сияқты...
Дина ӘБІШЕВА. АСТАНА.