Сұхбат • 27 Желтоқсан, 2023

Бақыт Қайырбеков: Менің бақытым – әкемнің тәлімі

665 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Өмірі де, өнері де аңызға айналған тұлғалар болады. Сондай айбоз ардақтының бірі – Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков. Көркемсөз өнерінің қай жанрына болсын қалам тартып, толымды, шұрайлы шығармалар берген біртуар суреткердің артында мол мұра қалды. Оның бәрі әдебиетіміздің асыл қазынасына айналды. Біз бүгін қабырғалы қаламгердің баласы, белгілі ақын, аудармашы, режиссер Бақыт Қайырбековпен әкесінің жұртшылыққа беймәлім қыры мен сыры туралы әңгімелестік.

Бақыт Қайырбеков: Менің бақытым – әкемнің тәлімі

– Қазір Ғафекеңді көзі көрген қаламдастары мен замандастарының қатары да сиреп қалды. Кейінгі жас­тар ардақты ақын туралы жақын білгісі келеді. Жалпы, әкеңіздің болмысы, мінезі қандай еді, әңгімені содан өрбітсек...

– Осы сұраққа жауап беруге аздап қиналамын. Неге десеңіз, мен қазақтың байырғы дәстүрімен әжемнің бауырында өсіп, соның тәрбиесін алдым. Әжемнің мінезі қаталдау еді. Әкемді менің жаныма жолата бермейтін. Екеу­міз ағалы-інілі секілді болдық. Оған «сіз» деп сөйлеуші едім. Әжем 10- сыныпта оқып жүргенде дүние салды. Одан кейін Мәс­кеуге оқуға кеттім. Оны тәмамдаған соң қызметке орналастым. Үйлендім. Сон­дықтан әкемнің қасында жүріп, тәлім-тәрбиесін толық алдым деп айта ал­маймын. Бірақ ата-анамды өте жақсы көрдім. Екеуінің де қолдары ашық, дас­тарқандары мол, қонақжай жандар болатын. Біздің үйден қонақ үзілмейтін. Мен немесе қарындасым сабақтан «5» алып келсек, соның өзі тойға ұласатын. Соғыстан кейінгі қиын­шылық жылдары біз Алматыдағы Тас­тақ шағын ауданында пәтер жалдап тұрдық. Осы үйде әкемнің достары, жолдастары жиі бас қосатын. Бәрі де белгілі ақын-жазушылар. Құдды, біздің үй әдебиет салоны секілді еді. Өлең оқиды, ән салады. Таңға дейін дуылдап отырады. Арасында ойын ойнайды. Ойындары да қызық, мектеп оқушылары секілді қолдарына бір-бір қалам мен ақ парақ алып, соған атақты адамдардың есімдерін жасырады. Біреуі бас әрпін айтады, келесісі соны тауып­ алуы керек. Әкем кейін Тастақтан жер алып, үй салды. Жыр жинақтары жарық көріп, елге таныла бастады. Ол кісінің мінезі ашық, жайдарлы, «бі­реуге болсын» деп тұратын кең адам еді. Жамандықпен жаны қас болатын. Үнемі көңілді жүріп, ортасын думанға айналдырып жіберетін. Табанда тауып айтатын айтқыштығы да бар.

– Мәскеудегі М. Горький атын­дағы Әдебиет институтында оқуы­ңызға ол кісінің ықпалы болды ма?

– Әрине. Мектепте математиканы ­өте жақсы оқыдым. Осы пәннен өтетін түр­лі олимпиадаларға қатысып, жүлде­гер болдым. Орта мектепті бітірген соң фи­зика-математика факультетіне барамын деп дайындалып жүрдім. Бірақ бәрі басқаша өрбіді. Сол жылы Жазушылар одағына М. Горький атындағы әдебиет институтынан Қазақстаннан талапкерлер қабылдауға мамандар келеді. Әкем маған соны айтып келді де: «Сен өлең жазасың ғой, соны маған жинақтап бер. Құжатыңды тапсырып көрейік», деді. Бозбалалық шақта бәрі де өлең жа­зады ғой. Бірақ ақын боламын деп ойлаған емеспін. Сол жылы аталған оқу орнына бізден 300-ден аса үміткер құжат тапсырыпты, соның ішінен бе­сеуміз қабылдандық. Мәскеудегі қы­зыққа толы студенттік жылдар көзді ашып-жұмғанша зуылдап өте шықты. Диплом қорғайтын күн де келді. Бірақ оны алдын ала ата-анама айтқан жоқ едім. Сөйтсем, сол күні маған айтпай әкем Мәскеуге ұшып келіпті. Залда отырғанын көріп, құлап қала жаздадым. Дипломдық жұмысымды өте сәт­ті қорғадым. Өлеңдерімді, аударма­ларымды оқыдым. Аудармалардың ішін­де әкемнің де туындылары бар еді. Бір жағынан ол «менің өлеңдерімді дұрыс аудармапсың» деп айта ма деп қорықтым. Бірақ комиссия мүшелері аудармаларымды жоғары бағалады. Әкем де дән риза болды. Содан мені кезінде орыстың ұлы ақыны А. Пушкин тоқтап, ауқаттанған бір мейрамханаға алып барды.

Мәскеуден оқу бітіріп келгеннен кейін «Жазушы» баспасының орыс редак­циясына қатардағы редактор болып орналастым. Әдебиет институында сабақ берген білікті ұстаздарымыз көр­кем шығармаға жоғары талап қоятын. Соны біздің де бойымызға сіңірді. Ал мұн­да жағдай мүлде басқаша. Автор­лардан түрлі қолжазбалар түседі. Оның ішінде жақсылары да, орташа­лары да, тіпті іске алғысыздары да кездеседі. Сондай татымы жоқ кейбір қолжазбаларды «жарамайды» деп иелеріне қайтарып бергем. Сол үшін бәлеге қалдым. Қазақстан Компар­тия­сы Орталық комитетінің мәдениет бөлі­міне менің үстімнен арыз түсіпті. Бір күні бөлім меңгерушісі шақырып жатыр деген хабар жетті. Бардым. Михаил Иванович Есенәлиев есімді жүзі жылы кісі қабылдады. «Балам, бір топ ақын-жазушылар, оның ішінде майдангер қаламгерлер бар. Соның бәрі баспаға бір жас редактор келіп, бізге қалай жазуды үйрете бастады деген арыз түсір­ді. Бұған не айтасың?» деді. Өзіммен бірге сол қолжазбаларды, оған жаз­­ған пікірлерімді, ескертпелерімді алып бар­­ғам. Ол кісі соны бір сағатқа жуық асық­пай отырып қарап: «Балам, сенікі дұрыс, бара бер», деді қолымды қысып. Сол кездегі лауазымды тұлғалардың мінезі, мәдениеті қандай бөлек. Қа­зір­гі шенеуніктермен мүлде салыстыра алмайсың. Уақыттың қалай өзгергенін содан байқайсыз. Арызды жазғандар­дың бәрі – әкемнің таныстары. Оған да айтыпты. Бір күні маған: «Балам, қат­ты кетпесеңші, сен әлі жассың», деді. «Әке, мен өзіме берілген жұмысты орын­­дадым. Егер оны дұрыс істемесем, сіз­дің атыңызға кір келеді», деп едім, «Жа­райды», деді бірауыз сөзбен. Бұ­дан кейін ол кісі менің қызметіме, жұ­мысыма араласқан емес.

– Әкеңіздің қандай ақыл-кеңесі ойыңызда қалды...

– Әкемнің жас күнімде маған айт­қан үш кеңесі бар. Соны өміріме темірқа­зық етіп ұстанып келемін. Біріншісі – ешкімге уәде берме, бердің бе, орында. Екіншісі – бір жұмысты бастасаң, оны соңына дейін жеткізіп, тиянақты орындауға ұмтыл. Үшіншісі – бүгін іс­тейтін жұмысыңды ешқашан ертеңге қалдырушы болма. Былайша айтқанда, қарапайым ғана айта салған сөз секілді. Бірақ маған ерекше әсер етті. Оның айтқан осы үш кеңесі – өмірде мені үнемі алға жетелеп, бәле-жаладан құт­қа­рып келеді.

– Шығармашылықпен қай кезде айналысатын еді?

– Әкем ұйқыдан боза ала таңнан тұ­рып, таңғы асын ішіп алғаннан кейін сегізге дейін тапжылмай отырып жұмыс істейді. Оған газет-журналдан, телевидение мен радиодан көп тапсырыс түсетін. Соның барлығын орындай­ды. Мақала дейсіз бе, аударма дейсіз бе, сце­нарий дейсіз бе, өте жылдам жазады. Темекісін тартып, ыңылдап отырып, өлеңді де бұрқыратып тастайды. Бірақ өлеңді қолымен көлегейлеп жазады. Бір байқағаным, әкем шығармашылық­пен түске дейін өнімді айналысушы еді. Кейде маған таңертең хабарласып, «Мен­ ананы жаздым, мынаны жаздым, сен не істедің?» деп сұрап, «жыныма» тиетін. Ұйқымыз қанбайтын жас кезіміз ғой. Негізінен күнделікті қалыптасқан тәртібі солай. Одан кейін таңғы тоғызда «Жұлдыз» журналындағы қызметіне барады. Ондағы жұмыстарын да түске дейін аяқтап тастайды. Содан кейін қолы бос. Түстен кейін түрлі жиындар­ға қатысады. Тамаша ақын Жарасқан Әбдірашев әкеме арнаған эпиграммасында болмысын дәл бейнелеген. Кешке үйге келеді. Теледидарға көп үңіл­мейді. Ерте ұйықтап қалады. Қазір мен де әкем секілді ерте тұрып, барлық жұмы­сымды түске дейін орындауға тырысамын.

Жалпы, ол кісі бірге жүрген қалам­дастарының туындылары туралы ащы сын жазып, артық пікір айтқан емес. Бір қайнауы жетпеген шығарма болса да, соны өзі түзеп, күзеп, толықтырып, журналға жариялайтын. Кейде екеуміз оңаша әңгімелесіп отырғанда, сол туралы айтқанда, «Қайтесің, кім ақын, кім ақын емес, оны оқырманның өзі бағалайды», деп сөзін қысқа қайыратын.

Әкем өмірінің соңғы жылдарында кей­бір мақалаларын орысша жазды. Кейде маған сол дүниелерін «Үсті­нен қарап берші», деп ұсынатын. Ба­сын­­­да қарап, одан кейін қойдым. Бір­де со­ған рен­жігендей кейіп танытты. Со­сын: «Сіздің орысша жазған ма­қа­­­ла­ларыңыздан қазақтың рухы, мі­не­зі аңқып тұрады. Сөйлемдеріңіз де көр­кем. Мен оны түзесем қарабайыр болып қалады», деп түсіндірдім. Ол орысша да шешен сөйлеп, сауатты жазатын.

– Әдеби ортада кімдермен жақын сыйласып, араласты?

– Жоғарыда Тастақта тұрғанымыз­­да үйге ақын-жазушылар жиі келетінін ­айттым. Әжем қайтыс болғаннан кейін әкем өзі салған үйін сатып, ақын Қай­не­кей Жармағамбетовтің үш бөлме­лі пәтерін­де бір жылға таяу тұрдық. Қайнекей аға әкемнің оқуына да, Алма­тыда жұ­­мыс­қа қалуына да қолдау көр­сет­кен. Ол кісі мені қатты жақсы кө­ретін. Кітапха­насы өте бай болатын. Мен сол кітапханадан көп кітап алып оқы­дым. Сырбай ағамыздың отбасымен бір үйі­міз секілді араластық. Одан кейін Сә­бит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов секілді әде­биет алыптарымен де жақын сый­лас­ты. Бұл кісілер анамның қолы­нан дәм татты. Әкем Сәбеңмен бірге талай іссапарға шықты. Сол сапар­да түскен суреттерінің біразы үйде сақ­талған. Ал Ғабеңмен сыйластығы мүл­­де бөлек. Ғабең қайда барса, әкем де сон­­да баратын. Ешқашан қасы­нан қал­­дырмайтын. Ол кісі де әкемнің шы­­­ғар­­машылығын жоғары бағалады. Әкем Ғабең туралы «Елтінжал» атты жи­­на­­ғында жазушының туған жері, елге сапары, шығармашылығы туралы кең қамтып жазды. Досым Валерий Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі» атты деректі хикаяты әкемнің аштық туралы жазған бір әңгімесінен басталады. Бұл әңгімені оған Ғабит Мүсірепов айтып берген. Өйткені Ғабең алапат аштық жылдары Торғайға барып, сол оқиғаларды өз көзімен көрген. Айтулы ақын Тайыр Жароковпен де іні-дос болды. Жазушы Мұхамеджан Дүзенов те үйге жиі бас сұғатын. Әкем өзін Қасым Аманжоловтың шәкіртімін деп санайтын. Ақынның асқақ мінезін, өлеңде­рін аузынан тастамайтын. Сондай-ақ оның сол кездегі одақ көлемінде жақын сый­ласатын ақын достары да көп еді. Солар­дың біраз жыр жинақтарын қазақ­ша­ға аударды. Атақты партизан жазушы Қасым Қайсенов пен Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен қазақ баты­ры Рақымжан Қошқарбаевпен де ты­ғыз араласты. Өзінен жасы кіші бол­са да, Сағи Жиенбаев, Тұманбай Мол­дағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Шәміл Мұхамеджанов секілді ақын інілерін ерекше жақсы көрді.

– Ғафекеңнің жұртшылыққа бей­­мәлім тағы қандай қырларын біле­сіз?

– Әкем әдебиеттегі қадамын жыр­­­шы­лықтан бастаған. Бала күнінен Қа­зақ­станның халық ақыны, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Нұрхан Ахмет­­бе­ковтің «Ұры Қарға», «Есім сері» ат­ты дастандары мен көне қиссаларды ­жаттап алып, ауылдағы жиын-тойлар­да айтып жүріпті. Айтысқа да қатыс­қан. Бұл балалық шағы туралы баяндайтын «Желқайық» атты кітабында кеңірек қамтылған. Әкемнің екінші қыры – ән­шілігі. Әсіресе Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін қоңыр дауысымен өз мәнеріне салып орындайтын. Бұл әнді талай әнші айтты, бірақ ол басқаша шырқайтын. Алпысқа толған­да туған жері – Торғайға барып, «Мен саған сәбимін» атты деректі фильм түсірдім. Әкемнің айтуында осы әнді жазып алсам деп ойладым. Бірақ оның түрлі іс-шаралардан қолы босамады. Алматыға кететін соңғы күні ғана жазып алдым. Бұл кезде әкемнің дауысы ептеп қарлығып қалған еді. Сонда да таспаға дауысын түсіріп алғаныма қуана­­мын. Әкем анам екеуі қосылып, Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры» әнін де керемет шырқайтын.

Әншілік дегеннен шығады. Бірде Татарстанға барсам, әкем сөзін жазған «Ана туралы жыр» атты әнді жергілікті тұрғындар татардың халық әні деп айтып жүр екен. Содан кейін мен ондағы жақын достарыма әннің тарихын баян­дап бердім. Ұмытпасам, 1965 жылы біздің үйге жұқалтаң бір ер адам келді. Әкем оны құшақ жая қарсы алып, екеуі әңгімелесіп отырды. Жақында анасы қайтыс болған ба, әкеме ана туралы ән шығардым, соған сен сөзін жазып бар деп айтып отырғанын естідім. Бұл композитор Шәмші Қалдаяқов еді. Ол кісі үйден шығып бара жатып, есіктің жанында тұрған пианиноны қолымен нұсқап: «Мұны кім ойнайды?» деп сұрады. Әкем мені көрсетіп: «Балам ойнайды», деп жауап берді. Мен алты жасымнан Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектепте оқығам. Шәмші аға пианиноға отыра қалып, өзі шығарған әуенді ойнады да, нота жазылған дәптерге «Композитор болсаң Бахтай бол, ақын болсаң әкеңдей бол», деп қолтаңбасын жазып берді. Әкемнің анаға деген құрметі бөлек еді. «Анам­ның қуаты» атты алғашқы өлеңі 1941 жы­лы аудандық газетте жарық көрген. Оның шығармашылығының бір өзегі ана тақы­рыбына арналған. Ана туралы жаз­­ған өлеңдері өте көп. «Ана туралы жыр» әні­нің сөзін жазуына да оның осы та­қы­рыпқа етене жақындығы себеп бол­са керек.

– Әкеңіз туралы түсірген деректі фильмге тоқталасыз ба?

– Ол туған жері – Торғайды ерекше жақсы көрді. Алматыдан қиян түкпір­дегі Торғайға жету оңай емес. Арқалық­тан әрі 300 шақырым жол жүресің. Қара жол соғып тастайды. Бірақ әкем елге табаны тиісімен шаршағанын мүлде ұмы­тып, көңілі көтеріліп, жадырап, жасарып шыға келетін. Торғай өзеніне барып шомылады. Қарияларға сәлем беріп, ағайын-туыспен кездесіп, арқа-жарқа болады. Оның шығармашылығында туған жер тақырыбы үлкен рөл ат­қа­рады. Әкем бала күнінде әке-шеше­сі­нен, ағалары­нан ерте айырылып, көп қиыншылық көр­ген. Соны өзі айтып отыратын. Алпыс жылдық тойы Тор­ғайда ауқымды ата­лып өтілді. Біз со­ған деректі фильм түсіру үшін түсірілім тобымызбен бардық. Фильмде әкемнің өмірін, тағдырын жан-жақты қамтуға тырыстым. Ата-анасы туралы да құнды деректерді келтірдім. Естеліктер айтылды. Шығармашылығы жайында баяндалды. Ел адамдарының ақынды аялаған жылы құшағы көрініс тапты. Халқымыздың дәстүрін қайта жаң­ғыртып, әкемді туған жерінің топы­рағына аунаттық. Әкем бұл фильмді кө­ріп, «көзі тірімде бір ескерткіш орнат­тың», риза болды.

Бұдан бөлек, ол 3-4 деректі фильмі­ме түсті. Мәселен, «Салт-дәс­түрлер» ту­ралы туындымда ертекші қарияның бейнесін сомдады. Сонда оған шапан кигізіп, қолына қобыз ұстат­тым. Бөрік әкеп беріп едім «Балам, бұл біреудің бас киімі ғой, тағдыры тиіп кетер», деп кимеді. Өз бас киімін киді. Жалпы, ол кісінің бақсылық қасиеті бар еді. Жас балаларға көзім тиеді деп тіке қарамайтын. Қобызды музейден алған едік. Фильмді түсіріп жатқанда камера бұзылып қалып, біраз әуреге түстік. Әкем соны көріп: « Балам, мына өнерді қайтесің? Азабы көп екен. Бірнеше адам сабылып жүресіңдер. Бір құрылғы істен шықса, жұмысың тоқтап қалады. Сен ақынсың ғой. Ақынға не керек? Жүрдек қалам, ақ парақ және сигарет қажет», деп айтқаны есімде. Бірақ ол кісінің экранда бейнесі, дауысы қалды. Бүгінге дейін 100-ге жуық деректі фильм түсірдім. Соның бәрі көңілімнен шық­ты деп айта алмаймын. Бір жағынан ойласам, әкемнің айтқан сөзінде жан бар секілді.

– Арқалы ақын әдебиеттің бар­лық жанрында өнімді еңбек етті. Шығар­маларының бәрі кітап болып шықты ма?

– Әкем 1994 жылы өмірден өтті. Алдағы жылы дүниеден озғанына 30 жыл болады. Анам көзі тірісінде әкем­­­нің барлық әдеби мұрасына бас-көз болып, шығармаларын жинақтап, қол­жаз­баларын тергізіп, көп жұмыс істеді. Тиісті жауапты мекемелерге хат жазып, баспаларға ұсынды. Нәти­же­сінде, 10 томдығы жарық көрді. Анам­ның арқасында әкемнің мерейтойлары жақсы аталып өтілді. Қостанай, Астана қалаларынан ақын есімін мектепке беруге ұйытқы болды. Әке-шешемнің бір-біріне деген махаббаты ерекше еді. Анам өзі өмірден өткенше әкемнің рухына адал қызмет етті. Әкем аудар­мамен де табанды айналысты. Әсі­ресе Байронды аударуға біраз күшін жұм­сады. Денсаулығын да аямады. «Қо­рымда қанша сөзім бар, соның бәрін сал­дым», деп айтып отыратын. Сондай-ақ Лев Толстойдың «Соғыс және бей­біт­шілік» романын да тәржімеледі. Бұл туралы оқырмандар көп білмейді. Әлі де баспа бетін көрмеген туындылары бар. Енді соларды жинақтап, кітап етіп шығарсам деймін. Бірақ ақын шы­ғармалары әдебиет зерттеушілері тарапынан толық зерттелді дей алмаймын. Газет-журналдарда шағын мақалалар жарық көргенімен, ауқымды жазылған дүние аз. Әкем туралы сөз болса қалса, әзіл әңгімелері алдымен ауызға ілігеді. Оның сүйекті поэмалары, дастандары, балладалары, өлеңдері, прозалық дүние­лері, аудармалары өз зерттеушісін күтіп жатыр.

– Міне, сіз де ол кісінің жасынан асып барасыз. Бірақ әкеге деген сағы­ныш басылмайтыны анық...

 – Рас айтасыз. Сағынамын. Әкем­нің арқасында елден тамырымды үз­ген жоқпын. Туған еліне өзімен бірге жиі ертіп апаратын. Қариялардың қа­сына отырғызып, солардың әңгімесін тың­­дататын. Торғайдың ақсақал­дары ас­тарлап өте шешен сөйлеуші еді. Олар­­дың елдің, жердің тарихы тура­лы айт­қандарын ойыма тоқыдым. Жусан­ның исі қандай керемет! Қалада өссем де, ұлттық құндылықтарды бала күнімнен бойыма сіңірдім. Сол үшін әкеме ризамын. Оның өмірден өткеніне біраз жыл болса да, әлі күнге дейін жанымда жүргендей сезінемін. Түсіме кіреді. Рухымен қолдайды. Менің бақытым Ғафудай әкем болғаны және оның тәлі­мі деп білемін.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»