Үкімет • 28 Желтоқсан, 2023

Премьер-министр Qarmet-тегі өзекті мәселені шешуге 1 апта уақыт берді

47 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Qarmet компаниясының қызметі, жұмысшылардың қауіпсіздігі мен өнім көлемін ұлғайту мәселелері бойынша жиын өткізді. Жиынға орталық аппарат басшылары және компанияның жаңа иесі Андрей Лаврентьев те қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Премьер-министр Qarmet-тегі өзекті мәселені шешуге 1 апта уақыт берді

Фото: primeminister.kz

Qarmet-ке қатысты қабылданған жедел шешімдердің арқасында желтоқсан айында кәсіпорында өндіріс көлемі өсіп, ферроқорытпа мен көмір қоры артқан. Дайын өнімді жөнелту қайта жанданып отыр.

Кәсіпорын қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартылып, еңбекақы уақтылы беріле бастаған. Сондай-ақ салық, МӘМС төлемдері де жүргізіліп жатыр.

Отырыс барысында қатысушылар комбинатты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнім экспортын қолдау салық салу, анықталған экологиялық мәселелерді жою және басқа да бірқатар мәселені талқылады.

2024 жылы Qarmet алдындағы негізгі міндеттер ретінде жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа инвестициялық келісімшарттар жасасу және өнімсіз шығындарды азайту, т. б. арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселелері қойылды.

Жалпы жаңа бизнес-модель аясында алдағы жылдары өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру, қауіпсіздік көрсеткіштері мен экологиялық жағдайды түбегейлі жақсарту (атап айтқанда, газға көшу), шығарылатын өнім номенклатурасын қайта қарау және т. б. шаралар қабылданады.

Премьер-министр мемлекеттік органдар комбинаттың өзекті мәселелерін шешуде қажетті қолдау көрсетуі керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов бір апта ішінде ең басым міндеттер бойынша қажетті шешімдерді қабылдауды тапсырды.