Қоғам • 28 Желтоқсан, 2023

Астанадан Бурабайға жаңажылдық арнайы пойыз қатынайды

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елордадан Бурабайға дейінгі арнайы брендтелген электр пойызы іске қосылды. Бұл – Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жобасы, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанадан Бурабайға жаңажылдық арнайы пойыз қатынайды

Ерекше пойыз жолаушыларға мерекелік атмосфера сыйлау үшін жаңа жылға сай безендірілген. Вагон жолсеріктері бір уақыт Аяз Ата мен Ақшақар кейпіне еніп, жолаушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыстайды. Мерекелік безендірілген пойыз құрамы жаңажылдық демалыс маусымы аяқталғанға дейін қатынайды.

«Биыл екінші жыл қатарынан жаңа жыл қарсаңында ҚТЖ-мен бірлесіп брендтелген туристік пойызды іске қосып отырмыз. Мұндай пойыз жолаушыларға мерекелік атмосфераны сыйлап қана қоймай, туристерді де тартуға мүмкіндік береді», деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

1

Айта кетейік, былтырғы жаңажылдық электр пойызымен 16 мыңнан астам жолаушы тасымалданған.

Мерекелік пойыз құрамы 28 желтоқсаннан бастап аптасына бес рет қатынайды. Елордадан Бурабай курортына пойыз Нұрлы жол вокзалынан таңғы сағат 06:12-де жөнелтіледі. Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға Астана-1 вокзалынан да отырғызу қарастырылған. Бұл жерге экспресс пойыз таңғы сағат 06:37-де келіп, 07:00-де жүріп кетеді.

3

Туристік пойызды іске қосу аясында ҚР ПІБ «Бурабай даму» ЖШС ерекше рейстің кестесіне сәйкес қысқа тур ұйымдастырды. Жаңажылдық тақырыпты жалғастыру мақсатында Бурабайдағы Санта резиденциясына барып, Бурабайландта таңғажайып күн өткізу ұсынылады. Мұнда бұғы немесе ит жегілген арбамен, квадроциклмен, қарда жүретін көліктермен серуендеуге, атқа мінуге болады.

3