Мардымсыз жалақыға еңбек етіп жүрген ТКШ секторындағы кадрлардың тұрақтамауы кейінгі жылдары жиілеген.
Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2017-2022 жылдары электрмен, газбен және жылумен қамтамасыз ету саласындағы мамандардың тұрақтамауы 13,7%-дан 16,4%-ға, сумен жабдықтау және қалдықтарды басқару санатында бұл көрсеткіш 24,5%-дан 28,3%-ға ұлғайғанын алға тартады. Бұл орташа экономикалық деңгейден жоғары 22,1%-ды құрап отыр.
Биыл шілде айында коммуналдық қызметтерге тарифтерді түзету туралы шешім қабылдау кезінде де кадр тапшылығы маңызды дәлелдердің бірі болғаны анық. Сондықтан осы жылдан бастап, жалпы, елімізде коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру қолға алынды. Электрмен, газбен және жылумен жабдықтау санатында 22,1%-ға өсіп, 303,9 мың теңге көлемінде, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласында 22,6%-ға ұлғайып, 219,8 мың теңгеге жуық жалақыға енді қол жеткізіп отыр деуге болады.ТКШ қызметкерлері үшін мұндай айлық әлі де аздық етері даусыз.
Қалай десек те, Табиғи монополияларды реттеу комитеті еңбекақыны арттыру және салада кәсіби мамандар мен білікті кадрларды сақтаудың аса қажеттілігіне баса мән беру керектігін біраздан бері қозғап жүргені бар.
Жылу, электр және сумен жабдықтау, сонымен қатар канализация саласындағы 300-ге жуық табиғи монополиялар субъектілерінің қызметкерлері «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша жалақының өсуі орташа есеппен 50% бен 100%-дың аралығын құрады. Мәселен, кейбір жылу беру орындарындағы жұмысшылардың жалақысы 150-180 мың теңгеден 300 мың теңгеге өскен.
Жалпы, салалар бойынша көрсеткіштер де әртүрлі. Жылу беру жүйесінің мамандары, сантехниктер мен басқа да жұмысшылардың шаруасы өте ауыр әрі жауапты. Аязды күнге қарамай, суда, ағынды суларда, тұтас бір қаланың немесе ауданның өмірін қамтамасыз етуге жауапты стратегиялық маңызды нысандарда жүріп, кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын тиімді қамтамасыз етіп отырғандықтан жалақы да соған сай болуы керек.
Мәселен, кезекші электрик биыл қазанда 143,7 мың теңгеге қол жеткізген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үштен бірге өскенімен, мұндай жалақы әлі де аздық етеді. Бұл коммуналдық саладағы орташа жалақының небәрі 50,5%-ын құрайды. Электр энергетикасы және жылумен жабдықтау саласындағы басқа жұмысшылар да осындай жағдайда.Кезекші механик осы жылдың қазан айында – 177,2 мың, дәнекерлеуші – 176,3 мың, сантехник 208,3 мың теңге жалақы алған.
Су шаруашылығы мен тұрмыстық қатты қалдықтар секторындағы жағдай да мәз емес. Ұлттық статистика бюросының мамандары бұл саланың динамикасын бақылау үшін алты мамандықты таңдап, оның бесеуінде жалақы өткен жылмен салыстырғанда 20%-50% өскенімен, жоғары деуге келмейтінін айтады. Сантехник – 146,3 мың теңге, қалдықтарды жинаумен айналысатын маман – 203,4 мың теңге, автоматика слесарі 225,8 мың теңге жалақысымен белгілі болған.
Одан әрі жұмыс істеу және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына ТМС белсенді қатысуы сектордағы негізгі ірі кәсіпорындар үшін жағдайды түзетуі керек. Мемлекет реттейтін кәсіпорындарға арналған мұндай жақсарту жоспары жалпы коммуналдық салаға оң әсер ететінін атап өткен жөн. Қазір осы саланың негізгі кәсіпорындарында жалақы бұдан әрі өсе беретіндіктен, өз қызметкерлерінің айлықтарын көтеруге тиіс. ТМС-те бәсекеге қабілетті еңбекақыны құру, коммуналдық саладағы барлық жұмысшыға тиімділік танытары анық. Жалақының өсуі энергетика және сумен жабдықтау саласына жас мамандарды тартуға мүмкіндік бар.
Қазақстан энергетика қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұсынған ақпараттарға қарағанда, кейінгі жылдары салада 50 жастан асқан кадрлардың үлесі артқан. Себебі жастардың ТКШ жүйесінде тұрақтамауы жалақының төмендігі мен жұмыстың ауырлығынан көрінеді. Былтыр коммуналдық саладағы жалақы экономикалық қызметтің басқа түрлерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен болған. Сумен қамтамасыз ету саласындағы жалақының көлемі – 145,6 мың теңге, жоғары оқу орнын тәмамдағандар үшін – 192,4 мың теңгені құраса, электр және жылумен қамтудағы жас жұмысшылардың табысы бұлардан біршама жоғарырақ, орта білімі барлар – 196,3 мың теңге, жоғары оқу орнын бітіргендер 232,6 мың теңгені құраған.