«Қазірдің өзінде біздің орталық арқылы ел экономикасына 10,9 млрд доллардан астам қаражат, оның ішінде AIX биржасы арқылы – 4,6 млрд және қатысушылардан 6,3 млрд инвестиция тартылды. Осылайша, орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында қойылған міндет орындалды. Ортамерзімді келешекте біз инфрақұрылымды дамытуды жалғастырамыз және нарыққа көміртегі квотасы мен тұрақты қаржыландыру сияқты сұранысқа ие құралдарды ұсынатын боламыз», дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектұров.
Биыл АХҚО-да 600-ден астам жаңа қатысушы компаниялар тіркелген. Олардың жалпы саны әлемнің 78 елінен 2 300-ден астам компанияны құрайды. Қаржы орталығы қызметінің барлық кезеңінде АХҚО қатысушылары ел бюджетіне 68,5 млрд теңге көлемінде салық төлеп үлгеріпті. Әсіресе көлік, логистика, агроөнеркәсіптік және өндіруші кешендер, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), IT сияқты бағыттар едәуір жақсы дамыған. Орта дәліз жобасы бойынша «ҚазМұнайГаз» еншілес құрылымы Аbu Dhabi Ports Group-пен бірлесіп АХҚО-да Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнын тіркеді. Екі ірі танкер Ақтау портына келді. ҚТЖ Грузия мен Әзербайжанның ұлттық компанияларымен бірлесіп Орта дәліздің құрлықтағы жобаларына инвестиция салу үшін ортақ кәсіпорын құрды. AIX-те қарыз құралдары нарығы оның 56 листингі арқылы рекордтық өсуді көрсетеді.
Тартылған капиталы биыл 1,95 млрд доллардан асатын 7 үлестік құрал орналастырылған. Оның арасында AIX ресми тізіміне «KEGOC» АҚ акциялары енгізілді. Осы жылы отандық және еуропалық 14 брокер мен кастодиан AIX мүшелері атанған.
«Aстана» халықаралық биржасында сауда-саттық көлемі өткен жылы 173 миллион долларды құраса, осы жылы 510 миллион долларды көрсетіп отыр. AIX орталық депозитарийіндегі жеке шоттардың саны 1,5 млн-нан асып, қараша айында биржадағы сауда-саттықтың 61 пайызы шетелдік инвесторлар тарапынан жасалған. Соңғы кездері активтер мен қорларды басқару секторына қызығушылық артуына байланысты АХҚО басқаруындағы активтер көлемі 82%-ға өсіп, бүгінде 1 миллиард долларды құрап отыр.
Қазіргі кезде тіркелген қорлардың саны жыл ішінде 20-дан 37-ге дейін ұлғайды. Ал басқарудағы инвестициялық қорлар активтерінің көлемі 616 млн долларға жетті.
Инвестицияларды тартуға жәрдемдесу үшін АХҚО еліміздің қаржы нарығында бұрын болмаған жаңа өнімдер мен қызметтерді дамытуды жалғастыруда. Мәселен, былтырғы жылдан бергі деректер бойынша АХҚО криптобиржаларының отандық банктермен өзара әрекеті жөніндегі қанатқақты жоба аясындағы транзакциялар көлемі шамамен 220 миллион долларды құрайды. Тек сауда-саттық өткен жылмен салыстырғанда 104 есе өсіп, 217 млн доллардан асыпты. Клиенттер саны 6,7 есе ұлғайып, тұтынушы саны 41 384 жетті.
АХҚО краудфандингтік платформалары жалпы сомасы 35 млн доллар болатын 300-ден астам жобаны қаржыландырған. Биылдың өзінде 14,3 млн долларға 150 жоба қаржыландырыпты. Оның арасында IT, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызметтер, өндіріс және машина жасау сияқты салалар бар. Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті АХҚО-да қаржылық қызметтер көрсететін 20 компанияға рұқсат беріп, 7 ASP кеңесшісі (көмекші қызметтерді жеткізушілер) тіркелді. Мұндай компаниялардың жалпы саны 116-ға жетіп отыр.