Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2023

Саяси пікірлер тоғысқан алаң

93 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды рефор­ма­лардың жемісін көрді деп айтуға толық негіз бар. Наурызда Парламент сайлауы өтті. Мәжіліске алты партия өтіп, бірмандатты округтерден депутаттар сайланды.

Саяси пікірлер тоғысқан алаң

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы халыққа Жолдауында Парламенттің кезектен тыс сайлауын өткізу жоспарымен бөліскен-ді. Осылайша, саяси реформалар пакеті заңды жалғасын тапты.

«Бұрынғы тәртіп бойынша сайланған биліктің өкілді орган­дарының кезектен тыс сай­лау науқаны арқылы жаңа­руы заңдылық. Сондықтан Мәжі­лістің және барлық деңгейдегі мәс­лихаттардың сайлауын келе­сі жылдың бірінші жартысын­да өткізуді ұсынамын. Біз көп­шіліктің мүддесін білдіретін депу­таттардың жаңа құрамын жа­сақ­таймыз. Бұл қадам мәс­ли­хаттар мен Парламент жұ­мысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүм­кін. Мұндай тәсіл атқарушы би­лік­ке бүкіл қоғамның талап-тіле­гін ескеретін тиімді ше­шімдер қабылдауға мүмкіндік береді», деген еді Мемлекет басшысы.

Сөйтіп, Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтті. Жалпы, елі­мізде саяси жаңғырту үдері­сінде парламентаризмді дамыту ісіне ерекше мән беріліп келе жатқанын атап өткен жөн. Ата заңға енгізілген өз­герістер мен толықтырулар әділ әрі ашық ережелері бар сая­си жүйе қалыптастырды. Мә­се­лен, саяси партияларды тір­кеу рәсімі айтарлықтай же­ңіл­­детілді. Тіркеудің қажетті шегі төмендетілді. Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға тө­мен­деді. Яғни 20 мың қол жи­наудың орнына 5 мың қол жинау жеткілікті. Бастамашы топ мүшелерінің қажетті саны да 30 пайызға азайды. Пар­ламент пен мәслихаттарды пар­тиялық тізім және бірмандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылды. Сай­лау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды.

Биыл бірінші рет пропор­ционалды-мажоритарлы жүйе арқылы Мәжіліс депутат­тары сай­ланды. Осыған сәй­кес, тө­менгі Палатадағы де­пу­тат­тық корпустың 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Яғни 69 депутат сая­си партиялар атынан сайланса, қалғанын халық тікелей өздері таңдады.

Сайлауға қатысты аз-кем мәлі­мет бере кетсек. Сайлаушы­лар­дың нақты­ланған тізімдеріне сәйкес, Қазақстан азаматтарының жалпы саны 12 млн 35 мың 578 адамды құрады. Жалпы саны 6 млн 366 мың 441 дауыс берілді. Сайлауалды жарысқа тіркелген барлық 7 саяси партия, оның ішінде 2 жаңа партия қатысты. Азаматтардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі­нің арқасында жекелеген округтердегі бәсекелестік 1 мандатқа 63 адам.

Сонымен «Amanat» партия­сы 53,9 пайыз дауыс жинады. Яғни 3 431 510 адам қолда­ды. Екінші орынды «Ауыл» ха­лық­тық-демократиялық партиясы иеленді. Оларға 10,9 па­йыз бұйырды (693 938 адам). «Respublica» партиясы 8,59 па­йыз (547 154 адам) дауыспен үшінші орынға тұрақтаса, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 8,41 пайыз (535 139 адам) қолдауға ие болды. Қазақ­стан Халық партиясын таң­дағандар электораттардың 6,8 пайызын құрады. Яғни 432 920 адам оларға дауыс берді. Мәжіліске алтыншы болып өткен Жалпыұлттық социал-демо­кратиялық партиясына сайлау бюллетеньдерінің 5,2 па­йызы (331 058 адам) бұйырыпты. «Байтақ» жасылдар партиясы 2,3 пайыз (146 431 адам) дауыс жинады. Алайда Парламентке өту шегі 5 пайызды құрағандықтан, Мәжіліс құрамына енген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, «Бәрі­не қарсымын» бағанын элек­торат­тардың 3,9 пайызы таңдаған. Осылайша, 248 291 адам өз қарсылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норма енгізілгені мәлім. Енді олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар қосылды. Осылайша, олардың билік мінберінде өз дауысын естір­туге толық жағдай жасалды. Бұл норма депу­таттық мандатты бөлу кезінде де қол­даныл­ды. Санаттағы өкілдердің – әйел­дердің, жастардың, мүге­дек адамдардың саны жиын­тығы бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрады.

Тағы бір айта кететін мәселе – Мәжіліс­тегі 29 депутат мажо­ритарлық жүйе бойын­ша сайланды. Ең қызығы, һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлық жүйе бо­йынша сынға түскен үміткерлердің басым бөлігі, яғни 435 кандидат өзін-өзі ұсын­ған. Дегенмен бұл сайлауда «Amanat» ұсын­ған үміткерлердің бәсі жоғары болды. Мә­селен, талай жыл Парламентте еңбек еткен, заң шығарушы органның ұң­ғыл-шұңғылын жете білетін Нұртай Сабильянов Абай облысы атынан сайланды. Сондай-ақ Сеул Олимпиадасының грек-рим күресінен күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов та Ас­тана қаласындағы №1 сайлау округі­нен оза шапты. Бұдан бөлек, «Amanat» тізімінде VІІ шақы­рылым депутаты болған Еділ Жаңбыршин, Гүлдара Нұрымова да бар.

Белгілі блогер, халық ара­сын­да «Дәулеттен» атымен та­­ныл­ған Дәулет Мұқаев Астана қа­ласындағы №2 сайлау округі­нен сайланды. Ұзақ жыл оп­позициялық «Дат» басылымын басқарған Ермұрат Бапи да өз округінде жеңіске жетті. Сонымен қатар белгілі заңгерлер Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан секілді азаматтар да Мәжіліс құрамына енді.

Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеевтің айтуын­­ша, биыл халықтың саяси бә­секеге қызығу­шылығы артқан. Сондай-ақ тұрғындар аралас сайлау жүйесі тоғызыншы тер­риториядағы демократияны дамытуға ықпал ететін жол деп есептейді.

Ал институттың ғылыми-теориялық талдау және әдіс­темелік қамтамасыз ету бөлі­мі­нің меңгерушісі Арман Ешмұратов сай­лауға қатысты қызық мәлі­метпен бөліс­ті. Еуразиялық интеграция институты елдегі сайлау­лардан кейін арнайы сауалнама жүргізіпті. Соның нәтижесіне сәйкес, ха­лық­тың басым бөлі­гі аралас сайлау жүйе­сін жақ­таған. Сондай-ақ өзін-өзі ұсын­ған үміт­­кер­лерге қолдау білдір­гендердің саны көп.

Қорыта айтқанда, аралас жүйеде сайлаушылардың мүд­десі ұлттық және өңірлік дең­гейде толық көрініс табаты­­ны анық. Көктемдегі сай­лау­дан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлық­тай өзгерді. Саяси партиялар­дың фракциялары, бірмандатты округтен сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бас­тамашылық етіп, өзек­ті мәсе­лелерді батыл көтере бастады.