Спорт • 30 Желтоқсан, 2023

Канелоны 100 пайыз жеңемін: Жәнібек Әлімханұлы мексикалық чемпион туралы айтты

1770 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO және IBF тұжырымдарының чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) даңқты мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альваресті (64-2-2, 39 KO) оп-оңай жеңетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Канелоны 100 пайыз жеңемін: Жәнібек Әлімханұлы мексикалық чемпион туралы айтты

Qazaqstan телеарнасына сұхбат берген Qazaq Style алдағы жоспарларымен де бөліскен.

- Бізде қазір екінші орта салмақтағы әлем чемпионы «Канело» болып тұр. Оны 100 пайыз жеңе аламын. Өйткені мен оның әрбір жекпе-жегін, жаттығуларын білемін. Бақылап отырамын. Қарап жүремін. Оның кемшілігі мен артықшылығын айта аламын. Оның бәрін дәптерге жазып отырамын. Егер онымен қолғап түйістіретін болсам, қандай тактика қолданып, қандай айламен жеңу керектігін білемін. Мен оны бір раундта үш рет құлата аламын. Бұл жай сөз емес. Құдай қаласа, кездесіп жатсақ, іспен дәлелдеуге тырысамыз, – деді Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, қазақ боксшысы соңғы жекпе-жегін биыл 14 қазанда неміс Винченцо Гуальтьеримен өткізіп, атыншы раундта техникалық нокаутпен жеңді. Осылайша ол өзінің WBO титулын қорғап, қарсыласында болған IBF чемпиондық белбеуін иеленді.

Қазіргі таңда Жәнібектің промоутерлері америкалық даңқты боксшы кіші Крис Юбенкпен жекпе-жек өткізуге тырысып жатыр. Юбенктің өзі бұл кездесуге қарсы болмағанымен, оның промоутерлері әзірге келіссөзге барар емес.