Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2023

Аяз ата резиденциясы ашылды

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңында Шығыс Қазақстанда «Аяз ата­ның туған күні» атты фэнтези-қойылым өтті. Ер­тегі қойылымын халық ертегі­лерінің кейіпкерлері Ер Төс­тік пен Ақшақар жүргізді.

Аяз ата резиденциясы ашылды

Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет

Аяз ата салтанатты рәсімге өзімен бірге күні-түні сарайы­н әртүрлі дұшпан мен жауыздан қырағылықпен қорғайтын қазақ халық ертегілеріндегі тұрақты серіктес батырларын ерте ке­ліпті. Аяз атаны туған күні­мен құт­тықтауға әр елден ертегі кейіп­керлері келген екен.

Мерекеге жиналған балалар Аяз ата мен Ақшақарды, Санта Клаус пен Лапландиядан келген эльфтерді, айдаһарларымен келген қытайлық Аяз ата Шань Дань Лаоженді қол соғып қарсы алды. Содан кейін Аяз атаның қалалық резиденциясының сал­танатты ашылуы өтті. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, оның туған үйі Катонқарағай ауданындағы Коробиха ауылында орналасқан. Ал мұнда облыс орталығындағы Аяз ата резиденциясы этнопаркте орналасады.

Резиденцияның ішінде шай, тәтті-дәмділер сататын сауда нүк­телері, пошта және Аяз ата­­ның жұмыс орны, екінші қабатында оның жатын орны орналасқан. Содан кейін Аяз ата көпшілік қонақтарымен бірге Республика алаңына бет алды. Мұнда Аяз аталар мен Ақшақарлардың шеруі болып, олар басты алаңда саппен жүріп өтті.

Аяз ата мен балалар Шығыс Қа­зақстан облысының бас шыршасын жағу рәсімін өткізіп, жаңа жылдық шыршаны айнала қол ұстасып ән шырқап, би биледі. Мерекелік кеш облыстың түрлі ұжым әртістерінің орын­дауындағы музыкамен, әндермен және би өнерлерімен жалғасты.

 

ӨСКЕМЕН