Ұлттық спорт • 31 Желтоқсан, 2023

Көшпелілер ойындары ұлттық рухты асқақтата түседі

156 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 жылғы 7 қыркүйекте Астанада V Көшпелілер ойындарының алауы тұтанады. Қазақстанның спортшылары үшін «Ұлы дала дүбірі» деген ұранмен өтетін жарыстың мәні де, маңызы да зор. Бір аптаға созылатын байрақты бәсекеде әлемнің 100-ден аса мемлекетінен келген 3 000-ға тарта спортшы өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Көшпелілер ойындары ұлттық рухты асқақтата түседі

Көшпелілер ойындары 2014 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келді. Алғашқы үш бәсекенің шымылдығы Қырғызстанда түрілді. «Айыр қалпақты» ағайындарымыз оны жоғары деңгейді өт­кізуге барынша күш салды. Уақыт озған сайын аталған жарыстың беделі мен мәр­тебесі өсіп, көрермендер саны күрт артты. Соған сәйкес, қатысушы коман­далардың қатары да көбейе түсті. Бір сөзбен айтсақ, бұл ойындар этно- с­порттың Олимпиадасына айналды. Екі жылда бір өтетін осы спорттық сайысты 2022 жылы Түркияның ежелгі Изник қаласы қабылдады. Анадолы елінде Қазақстан құрамасы өте жақсы көрсет­­кішке қол жеткізді. Ал біздер үшін ең маңыздысы – Көшпелілер ойын­дарының бағдарламасына көкпардың енуі. Бұл өзгеріс «Көкпар» десе делебесі қозып, қаны қыз-қыз қайнайтын қазақ жанкүйерлерін қатты қуантты. Тұңғыш рет ұйымдастырылған жарыста біздің жігіттер қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

про

– V Көшпелілер ойындарының бағдарламасына спорттың 20 түрі еніп отыр. Бірқатар жарыс «Қазанат» атшабарында өтеді. Қазір Астана қала­сының әкімдігі сол ипподромда күр­делі жөндеу жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, ол таяу уақытта аяқталып қалар. Одан бөлек жекелеген күш са­йыстары Жақсылық Үшкемпіров атын­дағы жекпе-жек сарайында, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар «Думан» қонақүйінде, ал басқа бәсекелер «Алау» мұз айдыны мен «Qazaqstan» жеңіл

атлетика сарайында ұйымдастырылады. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты «Ас­тана арена» стадионында, ал жабылу рәсімі «Қазанатта» өтеді. Бәсе­келер аяқталған бетте жалпы командалық есеп­тің қорытындысын шығарамыз, – дейді Ұлттық және ат спорты түрлері ор­та­­лығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Қазақстан құрамасы жарыс бағдар­ламасына енген барлық спорт түрі бойынша бақ сынайды. Басты мақсат – көпшілік көңілінен шығатындай нәтижелі өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастау. Әсіресе біз көкпар, қазақ күресі, аударыспақ және жамбы ату сынды ата-бабаларымыздан кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыс­тарда толағай табысқа қол жеткізуге тиіспіз. Бұл күндері бас командамыздың сапында Сырым Ізбасаров, Ғалымжан Ізжанов, Ералхан Айкөз, Айтбек С­ары­бай, Құрманбек Тұрғанбек, Әсел Да­лиева және тағы басқа мықтылар бар. Ең байтақ Қазақ елінің бас шаһарында өтетін дүбірлі додада сол дүлдүлдермен қатар, жарыс жолына шығатын басқа да саңлақтарға зор сенім артылып отыр.

– Қазақ қауымы үшін Көшпелілер ойындарының маңызы айрықша, – деп жал­ғастырды әңгімесін Бақдәулет Сә­битов. – Өйткені ұлттық өнеріміз ұлық­талып, бүкіл әлем жұртшылығы назарына ілігетін тұсы осы. Аталған жарысқа Қазақстан құрамасы үздіксіз қатысып келе жатқаны өздеріңізге де мәлім. Көрсеткен нәтижеміз де көңіл көншітерлік. Тұңғыш рет ұйымдастырылған ойындарға 19 елдің спортшылары қатысса, 2022 жылы Түркияда өткен сайыста әлемнің 102 мем­лекетінің дүлдүлдері бақ сынады. Демек жер жаһанның тең жартысы бұл сынға қызығушылық танытады деген сөз. Оның үстіне Астанадағы жарыстың жеңімпаздарына халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы беріледі. Бұл – спортшылар үшін үлкен мотивация! Бұған дейін ондай атақ берілмейтін. Осы тамаша дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тауып, Көш­пелілер ойындары ресми жарысқа ай­налса, ұлттық спортпен айналысатын жас­тардың саны да күрт артатыны айдан анық.

Қазіргі кезде барлық спорт түрі бо­йынша ұлттық құрама командалар жасақталды. Жерлестеріміз ке­мін­де төрт-бес оқу-жаттығу жиынын өткізуді көздеп отыр. Арасында рес­пуб­ликалық және халықаралық тур­нир­лерге қатысу да жос­парланып отыр. Бір сөзбен айтсақ, елордада алауы тұ­танатын V Көш­­пелілер ойындарына дайын­дығы­мыз өте жақсы. Енді Қазақ елінің өрен­дері осы керемет спорт­тық шараны аса жоғары деңгейде ұйым­дастырып қана қоймай, барынша зор табысқа қол жет­кізуге тиіс.