Суретті түсірген – автор
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Катонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылынан Катонқарағай ауылына көшірілетін болды. Сол секілді Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен Марқакөл ауданы құрылады.
Бұл жаңалықты естіген Катонқарағай мен Марқакөл тұрғындарының қуаныштары қойындарына сыймады. Катонқарағайлықтар кешкілік мәдениет үйіне жиналса, Марқакөл жұрты ауылдың кіреберіс қақпасында бас қосып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеролик арқылы алғыстарын жеткізді.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Жаңа жыл қарсаңында сіз бізді қуанышқа бөлеп отырсыз. Катонқарағай жеке аудан болды. Сізге зор алғысымызды айтамыз! – деді аудан тұрғыны, ардагер журналист Жәнібек Қызыр.
Сол секілді шекара шебінде жатқан Марқакөл тұрғындары да ақжарма тілектерін жаудырып жатты.
Қуанса қуанғандай. Мәселен, Марқакөлдің түу түкпіріндегі Балықтыбұлақ, Шанағатты секілді ауылдың тұрғындары тілдей қағаз үшін 200-300 шақырымды басып өтіп, аудан орталығы – Күршімге сабылысты. Сайрап жатқан болса, тағы бірсәрі. Тау қойнауындағы ауылдардың аудан орталығына жетулері бейнет еді. Сол сияқты Катонқарағайдың арғы басындағы Аршаты, Берел елі де жүздеген шақырымды артқа тастап, Үлкен Нарынға шабылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ асып, ел тілегін орындады. Иә, мемлекет басшысына Шығыс Қазақстан тұрғындарының алғысы шексіз.
Әлбетте, құрылған аудандар бір күнде аяқтан тұрып кете қоймас. Дейтұрғанмен, ресми түрде дербес аудан болып, жұмыс істейтін болады. Тарихи сәттің басында тұрған жауапты жұмысшылар үшін оңай болмасы анық. Десе де, Жаңа ауданның халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла кіріскендері дұрыс шығар.
Шығыс Қазақстан облысы