Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2023

Су қоймасындағы техникалық көпір

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонау 50-жылдары Бұқтырма су электр стансасы салынып, Күршім мен Марқакөл жұрты аралда қалып қойғандай күйге түскен-ді. Жаз шықса, пароммен қатынап, қыс түссе, мұзбен жүрген тұрғындардың мәселесін Президент «Egemen Qazaqstan» газетінен оқып, Үкіметке тапсырма берген-тұғын.

Су қоймасындағы техникалық көпір

Суретті түсірген – автор

Мемлекет басшысының тапсырмасы дереу қолға алынып, 2020 жылы арман болған көпір құрылысының қазығы қағылды. Қарқынды жұмыс нәтижесінде қос жағалаудан қарама-қарсы бас­талған техникалық көпір құры­лы­сы Самар – Күршім аудан­­дары­­ның шекарасында түйісті. Қос аудан­ның жұрты әрлі-бер­лі көпір­мен өтіп, арқа-жарқа болысты.

Ескерте кетейік, уақытша көпір тек техникаларды, құрал-жабдықтар мен мамандарды жұмыс орнына үздіксіз және жедел жеткізу үшін ашылды. Жолаушылардың жүруіне рұқсат етілмейді. Техникалық көпірдің ұзындығы – 1 153 метр. Басынан аяғына дейін 13 құрылыс алаңы бар.

Күні кеше Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшер­баев кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

пачт

– Көпір Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Ертеңгі күні логис­тиканы, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мұнда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Көпірдің бәріміз үшін, бірінші кезекте, шалғайдағы шекаралас аудандарымыз; Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарының тұрғындары үшін маңызы зор. Мен бұл стратегиялық маңызды жобаны 2024 жылы аяқтайтынымызға сенімдімін, – деді Ермек Көшербаев.

Қос жолақты автомобиль көпірі Күр­шім ауданының Құйған ауылы­ның тұсындағы ені ең кіші учаскесінде салынып жатыр. Дегенмен, бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болады.

Қазіргі уақытта 18 тіректің 12-сі орнатылып, алты тіректі орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, кірме жолдар, су өткізу құрылыстары мен айналма жолдар ретке келтірілу басталған.

– Егер бүгінгі таңда кезек күту уақытын есептемегенде, су қоймасы арқылы пароммен өтетін уақыт 40 минутқа созылса және пароммен әрбір жүріп өткені үшін көп ақша төлеуге тура келсе, құрылыс аяқталғаннан кейін су қоймасын екі минутта ғана кесіп өтуге болады, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Бүгінгі таңда нысан рес­пуб­­ликалық меншікке, яғни Автомобиль жолдары ко­митетіне тапсырылды. Құрылыс жұ­мыс­тарының сапасы тұрақты бақы­лауға алынған. Жол актив­тері сапасының ұлттық орталығы 14 рет келіп, 20 сынама сынақтан өткізді. Барлық анықталған ескерту жойылды. Тұрғындардың да алғысы шексіз.

– Көпір келесі жылы пай­далануға беріледі дегенді естіп, қуанып жатыр­мыз. Жұмыстың қарқынды жүргізіліп жатқанын көрдік. Қос жағалаудан құры­лысы басталған технологиялық көпірдің ортада түйісуі үлкен жаңалық болды. Білуімше, бұл жұмысты ширата түседі. Күршім мен Марқакөл тұрғындары атынан Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлына алғыс айта­мыз! Жаңа жыл елімізге жақсы­лығымен енсін! – деді Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есманбек Ақтекенов.

Жаңа жыл қарсаңында Күршім және Самар аудан­да­ры­ның тұр­ғы­ндары бірінші болып, техноло­гиялық өткел бо­йынша бір жаға­лаудан екінші жағалауға өтті.

 

Шығыс Қазақстан облысы