Қоғам • 01 Қаңтар, 2024

Біртұтас қоғам қасиеті

287 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біз әр жылдан жақсылықты үміт етеміз. «Қараша, желтоқсанмен – сол бір екі ай» шамасында түрлі деңгейде есеп беріледі, нәтиже шығарылады. Таразының бір басына жоспар, екін­ші басына оның орындалуы қойылады. Біреу қуанады, екінші ойланады, үшінші сын естіп ширы­ғады. Бұл да – табиғи үдеріс. Бәрі табан ақы, маңдай термен келеді. Бабаларымыз «Еңбекке ебі жоқтың елдікке себі жоқ» деген. Халықтың осы ерекше өлшемі қазір де көкейкесті.

Біртұтас қоғам қасиеті

Кеше, Міржақып Дулатұлы айтқандай, «ақыл таппай дағдарып, жанашыр таппай сандалып» жүрген қиын кезеңдерде азаттыққа қол жетпесе де, зерделінің сөзін тыңдау, отбасы мен ұлтқа адами жанашырлық, намысқа суарылған білім – елдіктің жолы еді. Бүгін елдікке септесудің жөні де, мән-мазмұны да өзгерді. Ойланып-толғанған, тағдыр шыңдаған азат еліміз бар, талай сыннан өткен асты-үсті қазына, біртұтас жеріміз бар, осы қос құндылықты халық игілігіне жаратсақ деген асыл арман бар – бәрімізден жаңарған елдік пен мемлекетшілдік төңірегіне топтасуды, далада да, қалада да күллі істе білікті, жауапты болуды талап етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтсақ: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматы­мыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиет­тер­ді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады».

Әр шаңыраққа аптасына бес рет «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», бір рет «Ана тілі», «Теңге монитор» (қосымша), «Ұйғыр авази», «Ұлан», «Дружные ребята», айына бір мәрте «Ақиқат», «Мысль», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған» басылымдары келсе, мұны үлкенді де, кішіні де біртұтас қоғам қасиетіне ұйыстыратын ақпараттық күш деп бағалаған жөн. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Қазақ» газетінен тамыр тартатын, ертеден бас­тағы қадірі мен баспа­хана­дағы қарпі­не дейін Алаш тәжі­ри­б­есінен өткізген бүгінгі «Қазақ газет­тері» серіктестігі. Сөзімізге дәлел – алма­ғайып шақтағы «Еңбекші қазақтың» елдік ұстанымы, тәуелсіздіктің елең-алаңында туған «Ана тілі» газетіндегі Ақаңның рәмізді бейнесі мен сөзі. Кейбір азаматтың көкейіндегі сұраққа бірден жауап бере кетейік: алашшыл «Тілші» газетінің (Алматы) төңкеріс­тен кейін тараншы тағдырына алаң­дауы, ұлт зиялыларының Орынборда «Юношеская правда» газетіне болысуы, тіпті әрідегі Алаш үкіметінде 10 орынды өзге этнос өкілдеріне қалдыруы үзілмеген үйле­сім арқауын айғақтайды.

Сонымен 2023 жылдың 6 қаңтарынан «Egemen Qazaqstan» серіктестігі (құра­мына бұған дейін «Казахстанская правда» газеті енген) «Қазақ газеттері» серік­тестігі болып қайта құрылды. Ұжым мойынына біраз елдік жүк артылды. 12 газет-журналдың бойына қан жүгіртіп отырған 300 қаламгер ұлт тұлғалары аманаттаған «Қайратыңа әділдікті жолдас ет, Әділдікке ақылыңды қолдас ет» нақыл-қағидасымен бір жылды арт­қа тастады. Газет қағазы екі есе қым­баттаған күрделі шақта көмегін аяма­ған елдің мемлекетшіл тұлғаларына, сала­лық министрлігімізге, журналис­тер қауымдастығына, тілекші оқырман қауым­ға тәңір жарылқасын айтамыз.

2023 жыл Отанымыз үшін реформа­лар аясында өтсе, «Қазақ газеттері» серік­тестігі құрамындағы басылымдар Мемлекет басшысы идеясымен жүз­ге асып жатқан саясат пен эконо­ми­ка­дағы серпінді өзгерістерді жұрт­шы­лыққа жүйе-жүйесімен жеткізе білді. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әді­летті Қазақстанды құрамыз десек, сая­си-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер» деген па­йымы да қаламгерлеріміздің көкейінде, санасында тұрды. Осы аяда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі», (А.Байтұрсынұлы) – газет-журналдың негізгі бағытына тән мына қызметтерді атқаруға жұмылды. Бірінші, өзгеріс үстіндегі мемлекет пен қоғамның, әлемнің жаңалықтарын ха­лық­қа жеткізді. Екінші, түрлі ақпарат ағы­нын елшіл пайым-парасатпен қоры­тып, жүйелеп, жариялауға тырысты. Үшінші, мемлекетшіл қоғамдық пікір қа­лып­тастыруға алтын көпір болды. Төр­тінші, үзіліссіз мәдениет (бұған дәстүр, ғылым-білім, руханият т.б. кіреді) пен қоғамдық үйлесімнің жоқшысына, насихатшысына айналды.

Біз қоғам мен билік арасындағы сұх­баттастыққа, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының салалануына, ел дамуы мен саяси реформалар мәнін аға буыннан мектеп баласына дейін жасына шақтап түсіндіруге көңіл бөлдік. Тілшілеріміз алқалы топқа да, зәрулігі көп қарапайым орталарға да барды. Мағжан ақын жырлағандай, «Оңнан естi жел бiраз қырын ескен, Соң туса да, оң туса, қалмас көштен» екеніне замандас­тарын сендірді.

Қазақстанның абыройы мен мәртебесі – әлемнің айнасында. Мем­лекет бас­шысының былтырғы халық­аралық ресми сапарлары жоғары деңгейде сәтімен өтті. Елдегі үйлесім­ге келсек, ұлттық біре­гейліктің жаңа ке­зеңін анықтаған Ха­лық ассамблеясының 32-сессиясы, Ұлы­таудағы пәтуаны Түркістанда дәйек­ті дәрежеге көтерген Ұлттық құрылтай қоғамның пейілі мен көңілін демдеді.

Өткен жылдың соңында халқымыз 20 миллиондық межені бағындырды. Сан сапаны да, әл-ауқатты да арттыратын кезеңге көтерілдік. Мұғалім мен дәрігер қауымы, енді мәдениет қыз­мет­керлері жалақысының өсуі, зиян­ды кәсіп жұмысшыларына көрсетіле бас­таған арнаулы әлеуметтік қолдау, биыл­дан басталатын қанатқақты «Ұлт­тық қор – балаларға» жобасы жұрт ең­сесін көтерді. Мұның сыртында заң­сыз жекешелендірген 10 миллион гектардан астам жердің, сыртқа шығарылған миллиардтаған активтердің мемлекетке қайтарылуы халықтың билікке сенімін тұрлаулы етті. Сондай-ақ жұртшылық айналасынан сезіне бастаған заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті бекемдеу шарттары, әділдік, инклюзив­тік, үнемшілдік т.б. экономикалық жаңа таным-түсінік өмірдің қалыпты жағдайына айналып келеді. Қазақстан экономикасын өрістететін қос сала – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы болса, бүгінде мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, импортқа тәуел­ділікті азайтатын өңдеу саласын жедел дамыту мен экономиканы әр­тараптандыру, инновациялық агро­өнер­кәсіп кешенін орнықтыру мен жер­гілікті шаруаларды өнім өңдеуге ын­таландыру нақты қолға алына бастады. Бұл ауқымды жұмысқа да іскерлік, құнттылық, сенім, жауапкершілік аса қажет. Ең бастысы, мүдделі қоғам мен ын­­талы азамат ортақ істе бір ағза­ға ай­на­луына мүдделіміз. «Күшті Прези­дент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкі­мет» тұжырымдамасының теті­гі де елдік мұратқа сенген қалың жұрт­шы­лықтың арқасында жүзеге асады. Біз Мемлекет басшысының ашық ой-пайы­мын, қатаң талабын осы арнада көреміз.         

Әлбетте, мұның орындалуына бәріміз жауаптымыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа» дейді. Таяу жылдары «Жайлы мектеп» жобасымен 400-ге таяу білім ошағы, ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынады. Жасанды интеллект, тұрмыс пен қызметті цифрландыру, инновациялық инфрақұрылым бізге де жетті. Әрине, бұлар да қоғамның тұтастығына қызмет етуі керек. Осы саланың да өзегінде мәдени дәстүр, классикалық парасат-пайым тұрғаны жөн. Жапонның тұтас смарт пен цифрландыруға құрылған «Қоғам 5.0» стратегиясында да ұлт дәстүрі мен өнерінің сипаты бар.

Осыдан тура 100 жыл бұрын, 1924 жылы 12-17 маусым аралығында, сол кездегі ел астанасы Орынборда «Қазақ білімпаздарының тұңғыш тобы» атты жиын өтті (орысшасы «Первый съезд ученых казахов»). Ол шақта бүгінгі Түркиядағыдай съезд, форумды «топ» дейтін (Мағжанның «Тоқсанның тобы» туындысының аудармасы – «Съезд девяносто»). Осы тарихи жиынның бар­лық үдерісі (қаулы-қарарына дейін) «Еңбекшіл қазақ» (бүгінгі «Егемен») газетіне басылған. Біз мұны азаттықтың алдында, 1990 жылы сараптап мақала жазған едік. Съезд әліпбиді реттеуден бастап мәдени мұраны жүйелеуге дейінгі ауқымды елдік-идеологиялық жұмыстың жүгін көтерді. Мысалы, бас­тауыш білімге қатысты Алаш ұста­нымын көрсетейік: «Баланы үйретудегі мақсат – тіршілік ісіне даярлау. Баланың жасына өлшеп, өнер (технология) білімін үйрету». Ал орта сыныптарда (баулу мектебі) кәсіптің әліппесі мен тұр­мыс жүйесін оқыту көзделген. Ар­нау­лы, жоғары мектепке қатысты да сын­дарлы шешім шығарылған. Осы жиын­ның ешқашан мәнін жоймайтын ұлттық терминология, аты-жөн туралы қаулысының негізі – дәстүрге негізделген әлемдік тәжірибе.

Ғасырлық тарихы бар білімпаздар тобы­ның маңызы – біртұтас қоғам қа­сиеті мен мүддесін ескергенінде. Оған Мәскеуден елге келуіне ты­йым са­­лын­ған Әлихан Бөкейханның, Түркі­с­тан республикасынан Халел Дос­мұ­­ха­мед­ұлының, Бұхарадан Мырза Наурыз­бай­ұлының және басқа да білікті Алаш тұлғаларының, соның ішінде БАҚ өкілдерінің белсенді қатысуы – елеулі факт. Міне, осының бәрі бізге ізашар газетіміз арқылы жетіп отыр.

Жылашар сәтте ұлт баспа­сөзі­нің бас қаламгері Ахмет Байтұр­сын­ұлының мына сөзін оқырман есі­не салғымыз келеді: «Мойындағы борыш­ты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі... Борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал».

Қоғамның бірлігі мен берекесі жолындағы парызды өтеуге не жетсін!