Бұдан бөлек 62 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 50 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, жалпы газбен қамтылған елді мекендер саны 515-ге жетіп, қамту деңгейі 62 пайыз болды. Сарыағаш қаласында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. Бірақ кәріз жүйесінің болмауына байланысты пайдаланбай бос тұрған. Модульдік кәріз жүйесін салу есебінен былтыр 585 отбасы баспаналы болды. Облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 278 млрд теңгені құрады. Жыл басынан 853 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Қосымша жыл соңында 199 мың шаршы метр 59 тұрғын үй тапсырылды. 2018 жылы облыстың оңтүстік 5 ауданындағы 800 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтитын «Қызыләскер» қосалқы стансасының құрылысы басталған. Стратегиялық маңызды нысанның құрылысы толық аяқталып, жыл соңында пайдалануға берілді. Жалпы, облыста электр қуатына тапшылық бар, энергияның 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені шешу үшін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Сайрам ауданында заманауи бу-газ қондырғы стансасының құрылысы басталды. Биыл қосымша 19 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады. Он елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылып жатыр. Нәтижесінде, елді мекендердің қамту деңгейі 88,7 пайызға жетеді. Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы 2012 жылдан бері жөндеу көрмей, 85 пайызға тозған. Өткен жылы 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтіп, 4,7 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылды. Облыс үшін стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысы басталды. Ал жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асты. Өнеркәсіп өнім көлемі 2,3 пайызға артып, 864 млрд теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібінде 17 жоба іске қосылды, 534 жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы саласында 1 трлн теңгеден астам қаржының өнімі өндіріліп, облыс республикада көш бастады. Жыл басынан салаға 92 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша дақылдарынан рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталды. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мәселесі Үкімет алдында көтеріліп, нәтижесінде, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Осы мақсатқа 500 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілді. Мал басы мен өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсті. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Былтыр 335 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар толық орындалды. Президент тапсырмасына сәйкес ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылып жатыр. Бұл мақсатқа 19,8 млрд теңге бөлініп, 3220 жоба қаржыландырылды. Қанатқақты жобаға 64 ауылдық округ белгіленіп, 75 жаңа кооператив ұйымдастырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3517 жаңа жұмыс орны ашылды.
Облыс экономикасына 848 млрд теңге инвестиция тартылып, көлемі 1,4 есеге артты. Жеке инвестиция 1,5 есе артып, 588,4 млрд теңге болды. 2023 жылы іске асыру жоспарланған 56 инвестициялық жобаның 52-сі іске қосылып, 1785 жұмыс орны ашылды. Өткен жылы 110 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланса, жыл соңында 116 мың жаңа жұмыс орны қалыптасты. Өз ісін ашуға ниетті 1 687 адам қайтарымсыз грант алған. Сонымен қатар 600-дей жастың жобаларын қаржыландыруға 2,5 пайызбен 3 млрд теңгеге жуық несие тартылды. Облыста үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі 4 бағытта шешілуде. Бюджет және «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы жалпы 35 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда барлығы 63 мектеп салынады. Оның 29-ының құрылысы биыл аяқталады. Қалған 34 мектеп 2025 жылы тапсырылады. Жеке инвестиция есебінен 35 мектеп салынды. Шалғайдағы елді мекендерде тұратын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған 101 автобус сатып алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1-4 сыныптағы 200 мың оқушыны тегін ыстық тамақпен және мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді. Осы мақсатта 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Облыста 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа медициналық нысан салынады. Сондай-ақ құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, көптеген әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр.
Түркістан облысы