Президент • 03 Қаңтар, 2024

Мемлекет басшысы: Азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын

1594 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында күрделі мәселенің бірі – халықтың қарызға батуы, несие туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы: Азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын

«Мен азаматтарымыздың қарыз­ға белшеден батқанына қатты алаң­даймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.

Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатқанына тоқталды.

«Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі.  

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға ен­гізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өз­герістер банктерге, микрокредит ұйым­­дарына және коллектор агент­тік­теріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компаниялары­на сатуды шектеу ұсынылады. Коллек­тор компания­лары қарызды өзіне ал­ған соң мәселені реттеп көруге мін­дет­ті болады. Банк омбудсменінің өкі­лет­тігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжат­ты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бас­таманы қолдауға дайынмын», деді Мемлекет басшысы.