Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бәсеке табалдырығын 2018 жылы аттаған алғырлар ордасы бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық хабқа айналып үлгерді. Осы уақытқа дейін технопарк құрамындағы ІТ компаниялардың жалпы табысы 1,6 млрд долларды құрады. Тартылған инвестиция көлемі 517 млн долларға жетіп, ашылған жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асты. Халықаралық деңгейдегі IT орданың тыныс-тіршілігі көз сүйсінтеді.
IT саланың дамуына бірден-бір негіз болып отырған технопарк ел аумағында, бүкіл әлемде жоғары технологиялық компанияларды тіркеу, дамыту ісімен айналысады. Негізгі мақсаты – стартап мәдениетін дамыту, нығайту, инновациялық жобалар арқылы ел экономикасын көтеру. Басым технологиялық бағыттар ретінде 7 орталығы бар: Blockchain, SpaceTech, 5G, GameDev, Defence Tech, OTS Digital Center, AI. Мақсатты аудиториясы стартаптарға, венчурлық инвесторлар мен бизнес-періштелерге, отандық және шетелдік IT компанияларға, IT сала мамандары мен әуесқойларға арналған.
Мұнда стартаптарды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылады. Ең танымалы – акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар. Акселераторда іріктеу критерийлеріне сәйкес стартапты жедел дамыту үшін жетекші жаттықтырушылар 300 сағаттан астам кеңес береді. Сондай-ақ табысты кәсіпкерлердің тәлімгерлік бағдарламалары өткізіледі. Ал инкубациялық бағдарламада қатысушыларға бірыңғай коворкингке, білім базасына, сарапшылардан кеңес алуға және қаржыландырудың бірінші раундын тартуға көмек беріледі. Мысалы, «Google For Startups» компаниясымен бірге жүзеге асырылып жатқан «Silkway Accelerator» бағдарламасына қатысу үшін 1 мыңнан астам өтінім түсті. Төрт лектің нәтижесінде 49 үздік жоба акселерация бағдарламасын аяқтады. Компаниялардың жалпы капиталы 400 млн доллардан, ал ай сайынғы кірісі 1,5 млн доллардан асты. Бағдарламаның барлық кезеңінде стартап-жобалар жалпы алғанда 26 млн доллардан астам инвестиция тартып, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, АҚШ және басқа да елдердің нарығына шықты.
«Startup Garage» бағдарламасы дамудың бастапқы кезеңдерінде жан-жақты қолдауды ұсынады, ал Scalerator отандық стартаптардың жаһандық нарыққа шығуына көмектеседі. Соңғысын жүзеге асыру барысында қатысушылар жалпы сомасы 416 млн теңгеден астам экспорттық келісімшарттар мен келісімдер жасады. Draper University-мен серіктестікте, Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылатын Hero Training акселераторы стартаптарға АҚШ-тағы Кремний алқабына жолдама алуға бірден-бір мүмкіндік ұсынады. Бүгінгі таңда инновациялар ошағына 27 стартап жол тартты, алдағы уақытта Орталық Еуразиядан жыл сайын кемінде 30 әлеуетті жобаны жіберу жоспарда бар. Осыншама қыруар жұмыстың артында технопарк қызметкерлерінің еңбегі жатыр.
– Біздің кеңсенің жауапкершілік аймағы бірқатар стратегиялық және операциялық міндетті қамтиды. Мен инновациялық коворкинг кеңістіктерін, үдеткіштер мен инкубаторларға жауап беретін HubSpace бағдарламасын жүзеге асыратын топты басқарамын. Біз Astana Hub инфрақұрылымын жақсартатын жаңа тұжырымдамалық шешімдерді енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұған заманауи технологияларды енгізу, басқару әдістерін жетілдіру кіреді. Негізгі бағыттарымның бірі – стартаптардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Біз инфрақұрылымды ұйымдастыруға назар аударамыз, қауіпсіздікті, ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз етеміз және кәсіпкерлердің сапалы жұмысы мен өзара іс-қимылына ықпал ететін жағдайлар жасаймыз, – деді технопарктегі Инфрақұрылымды дамыту кеңсесінің директоры Мәдина Әбілқасымова.
Бүгінде технопаркке 1 384 IT компания тіркелген, оның 391-інің шетелдік үлесі бар. Оларға бизнесті дамыту, бағдарламаларын масштабтау, арнайы салықтық және визалық шарттар, ақпараттық-білім беру және материалдық инфрақұрылым жағынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Технопарктің стартап-экожүйесін жетілдіру үшін мемлекеттік қаржыландыру есебінен 2023 жылы 4,2 млрд теңге бөлінді, соның ішінде 2 млрд теңге адами капиталды дамытуға жұмсалды.
– Astana Hub-ты құру бастамасы 2016 жылы көтерілді. Қазақстан жаһандық технологиялық трансформацияда белсенді рөл атқаруға тиіс. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай ІТ экспорт көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту және елімізді өңірдегі жетекші цифрлық орталықтардың біріне айналдыру міндетін қойды, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай кемінде 100 мың IT маман даярлап шығаруды тапсырғаны мәлім. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, олардың 20 мыңы Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасы аясында білім алады. Бұл – еліміздің жекеменшік мектептерін қаржыландыру бағдарламасы. Онда әрбір студентке 600 мың теңгеге дейінгі көлемде грант беріледі. Tech Orda 18-45 жас аралығындағы еліміздің кез келген азаматына IT технологияларды игеруге мүмкіндік береді. 2023 жылы еліміздің 83 IT мектебі осы бағдарлама бойынша талапты қыз-жігіттерді оқытып жатыр. Оқу мерзімі 6 айдан 2 жылға дейін, сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мәселен, Атырау тұрғыны Абзал Ерғалиев Tech Orda бағдарламасы бойынша 10 ай бойы қаладағы iBrainCode мектебінде білім алған. Қазір NCOC компаниясында мұз және гидрометеорологиялық зерттеулер жөніндегі жетекші инженер болып жұмыс істейді.
– Осы курсты оқыған соң көптеген сұрақтың жауабын таптым. Білімімді шыңдадым. Енді соны өз саламда жүйеге енгізіп, пайдаланып жатырмын. Мәселен, компьютерлік жүйелер мен бағдарламалау жүйелерін қолдана отырып, оңтайлы нәтиже алу үшін деректермен жұмыс істеу қабілетім артты. Курстың бағдарламасы мен әдістемесі ұнады. Бәрі анық, айқын әрі түсінікті. Мұндай курстар бізге өте қажет. Мен осыған дейін мұндай сабақтардың бірнешеуін оқыдым. Бәрі ақылы болды. Бірін түсінсең, енді бірін түсінбейсің. Әр сабақтың әдістемесі болуы керек деп ойлаймын. Өзге курстар сол жағынан ақсады. Ал мұнда оқытушылар мықты болды. Қарапайым тілмен жеткізе білді. Оған қоса Tech Orda-да тегін білім алдым. Тағы бір маңызды нәрсе айтқым келіп отыр. Tech Orda-да тек қана IT саласына қатысы жоқ азаматтар да оқи алады екен. Басқа салада жүрген жастарға мол мүмкіндік берілген. Қысқа мерзімде ІТ маманы болып шығады. Бұрын бұл саланы меңгеру қиын болса, қазір ақпараттық технологиялар дамыған сайын жеңілдей түсті. Бағдарламалаумен күнде айналысу керек. Сонда шеберлік қалыптасып, белгілі бір нәтижеге жетесіз, – деді Абзал Ерғалиев.
Tech Orda бағдарламасы Astana Hub базасында 2021 жылдан бастап іске асырылып келеді. Сол кезде қанатқақты жоба елдің түкпір-түкпірінен 100 ғана студентті қамтыса, 2022-2023 жылдары 6 мыңнан астам отандасымызға тегін оқуға ваучер берілді. Tech Orda-дан бөлек Alem School, No Code/Low Code School, Startup School, Beta Career, Freelance School, IT-Aiel және тағы да басқа білім беру бағдарламалары аясында 20 мыңнан астам адам ІТ білімін жетілдірді.
– Бастамаларымыз, соның ішінде Google for Startups және Draper University сияқты алпауыттармен серіктестігіміз, Кремний алқабында IT стартаптарымызға арналған Silkroad Innovation Hub қауымдастығын іске қосуды қолдау, Digital Bridge және Digital Almaty IT форумдарын өткізу – осы мақсатқа жету жолындағы қадамдарымыз. Әрине, іс-шараларымыздың барлығы Цифрлық даму министрлігінің және серіктестеріміздің қолдауымен жүзеге асып жатыр, – деді М.Мәдиев.
Қатысушылардың жобалары ішкі нарықта да, әлемдік нарықта да жоғары сұранысқа ие. Отандық стартаптар миллиондаған пайдаланушыны тартып қана қоймай, халықаралық деңгейде танымал болып жатыр. Мысалы, «Citix» ақпараттық-навигациялық жүйесі Түркия мен БАӘ нарығына шықты және жуырда әлемге әйгілі венчурлық инвестор Тим Дрейперден 1 млн доллар инвестиция тартты. «Beyne.ai» бет-әлпетін тану және фейкті анықтау жүйесі бүкіл экожүйені құруға және ірі компаниялармен интеграцияға көшті. Алақан биометриясына негізделген «Alaqan» өз өнімін түріктің 500 клиникасына енгізіп жатыр. «SmarTestPrep» Индонезия, Вьетнам және Латын Америкасы нарығына жол тартып, мыңнан астам үміткерге жалпы көлемі 10 млн доллар шәкіртақы алуға көмектесті. «Droppy» Таяу Шығыстағы, АҚШ пен Латын Америкасындағы коммерциялық емес ұйымдар және министрлік өкілдерімен 120-ға жуық интеграция жүргізіп, ойынын Play Market және Apple Store дүкендеріне шығарды. «iDos Games» стартапының 170 елден 300 мыңнан астам тіркелген және белсенді пайдаланушысы бар, бұл оның әлемдік ойын индустриясындағы маңызды рөлін көрсетеді. Инсульт диагностикасын жасау үшін жасанды интеллект пен нейрорадиологияға негізделген «CerebraAI» АҚШ-тың «TechCrunch» рейтингі бойынша үздік жаһандық стартаптар қатарына кірді. Бұл – елімізді ақпараттық технологиялар саласында әлемдік аренаға шығарып жатқан келешегі зор стартаптар қатарының аз ғана бөлігі.
Astana Hub базасында «Alem School» мектебі бар. Өзге мектептерге ұқсамайтын білім ордасында мұғалім жоқ, баға қойылмайды, диплом берілмейді. Бірақ тегін оқыту арқылы ұрпақ біліктілігін арттырып отыр. Жалғыз өзі бір университеттің жұмысын атқарып отырған мектептің жетекшісі, отандық ІТ-саласының сарапшысы Данабек Қалиаждаров IT ордаға дән риза. «Astana Hub-тың біздің салаға тигізген әсері оң болды. Себебі салық аз төлеуге мүмкіндік берді. Барлық жағдай жасалған десек те болады. Ірі ІТ компаниялар жиналған ортада нарыққа ілесу де, жұмыс істеу де оңай. Ең бастысы шетелге шығатын мүмкіндік тауып, сенімді байланыс орнатып бере алады», дейді ол.
Жергілікті IT қауымдастықтарды құруға, IT таланттардың тұрақты ағынын қалыптастырып, оларды ел аймақтарында жетілдіруге бағытталған өңірлік IT-хабтарды дамыту – Astana Hub қызметінің басым бағыттарының бірі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен, әкімдіктер мен жеке бизнестің қолдауымен еліміздің 12 өңірінде IT хабтар іске қосылды. Жуырда Атырау және Маңғыстау облыстарында тағы екі хаб ресми түрде ашылады.
Технопарк Pizza Pitch, Speaker Night, Startuphana сияқты түрлі іс-шараны тұрақты түрде өткізеді. Әрине, технопарк жұмысында Орталық Азиядағы ең ірі IT форум дәрежесіне жеткен Digital Bridge дәстүрлі халықаралық форумының маңызы ерекше. Былтыр жасанды интеллект тақырыбына арналған форум 30 мыңнан астам қатысушының, оның ішінде 30 елден делегация, 300-ден астам IT компания өкілдері, 450 спикер, 100-ден астам инвестор мен бизнес-періштелер, сондай-ақ 150-ден астам стартаптың басын қосты.
Astana Hub платформа базасында «Ұлттық инновациялық жүйе» бірыңғай терезесі қанатқақты жобасын іске қосты. Бұл қадам – платформаны дамытудағы маңызды кезең. Инновациялық экожүйенің бірыңғай базасы болып, оны масштабтау мен кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер ашады. Енді IT саласының қатысушылары ғана емес, сонымен қатар инноваторлар, ғалымдар, зерттеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар және экожүйенің басқа қатысушылары да платформаның бағдарламалары мен қызметтерін пайдалана алады. Жоба 2023 жылғы 7 желтоқсанда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысында қолдау тапты. «Барлық кәсіпорын, инноватор және ғылыми қоғамдастық өкілі осындай платформа бар екенін білуі керек. Оның аясында Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы тапсырыс берушілер мен мердігерлер бір алаңда өзара іс-қимыл жасай алады, тапсырыстарды орналастыра немесе қабылдай алады. Ең бастысы, платформа пайдаланушыларға ыңғайлы болуы керек», деген еді Үкімет басшысы.
Қазіргі уақытта жүйе қанатқақты режімде және тұрақты пайдаланушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа аудиторияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету мақсатында кейбір жаңартулар мен модификациялар енгізілді. Порталдың негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерден бастап оларды барлық салада коммерцияландыру мен экспортқа, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушы компанияларда цифрлық шешімдерді енгізуге дейінгі барлық кезеңінде еліміздің инновациялық экожүйесін дамыту.
Технопаркті қолдау бағдарламалары қатысушылармен байланысты олардың қажеттілігі мен мақсатын реттеуге негізделген. Ол қатысушылардың дамуына және табысқа жетуіне көмектесетін мүмкіндіктер мен қызметтер ұсынады. Технопарктің атқарып жатқан жұмыстарына қарап, шетелдік тәжірибені белсенді түрде зерттеп жатқанын көрдік. Оны Astana Hub-тың директоры Мағжан Мәдиевтің «Белсенді дамуды жалғастыру маңызды. Бизнесті дамыту және масштабтау, кешенді қолдаудың жаңа құралдарын енгізу, арнайы салық және виза шарттарын кеңейту, ақпараттық білім беруді қолдау және стартап-қоғамдастықтың өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне, технологиялық дамуға сәйкес материалдық инфрақұрылымды жаңғырту – біздің бас жоспарымызда» деген сөзінен де ұғындық.