Экономика • 04 Қаңтар, 2024

QazaqGaz: Жетістіктер мен алдағы жоспарлар

81 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

QazaqGaz ұлттық компаниясы 2022 жылдың басынан бастап елдегі түрлі жобаларға 400 млрд теңгеден аса қаражат инвестициялады. Сонымен қатар ел басшылығы, Үкімет, Энергетика министрлігі және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен QazaqGaz компаниясы газ саласында ауқымды реформалар жүргізді. Компания өз қаражаты есебінен газ тасымалдау жүйесін жаңғыртып, жүйелі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алды. Жүргізілген жұмыс оң нәтижесін берді. Айталық, «Самұрық-Қазына» қорына 27 млрд теңге сомасында дивидендтер төленді. Мұндай нәтижелі салым компания тарихында бірінші рет болып тұр.

QazaqGaz: Жетістіктер мен алдағы жоспарлар

Стратегиялық инфрақұрылымдық жобалар

2023 жылы жүзеге асырылған маңыз­ды жобалардың ішінде Маңғыстау облысында ұзындығы 308 км құрайтын «Бей­неу – Жаңаөзен» магистралдық газ құбы­рының екінші желісін іске қосуды атап өтуге болады.

Жоба елді мекендерді, ірі өнер­кәсіптік нысандарды, сондай-ақ Маң­ғыстау об­лысының негізгі энерге­ти­ка­­лық кә­сіп­орны жылу және электр энер­гия­сын өндіретін «МАЭК» ЖШС тұрақты газбен жабдықтауды қамта­масыз етеді. Газ құбырының екінші желі­сінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құрайды. Бұған дейін «Окарем – Бейнеу» газ құбыры осы ба­ғыт бойынша 3 млрд текше метрден аса газ айдауды қам­та­масыз еткен бола­тын. Екі газ құбы­ры­ның жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 миллиард текше метрге жетеді.

Сондай-ақ өңірде Құрық ауылынан Сарша елді мекеніне және «Жылы жағажай» курорттық аймағына дейін газ құбыры іске қосылды. Бұл бес дема­лыс базасын газдандыруға, Каспий теңі­зінің жағалауындағы болашақ ту­рис­тік және ойын-сауық нысандарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бер­ді. Өңір­дегі тұщыту зауыты да газға қо­сы­лады.

2023 жылы «Мақат – Солтүстік Кав­­каз» магистралдық газ құбырының қо­салқы құрылысы (негізгі құбырға парал­лель салынатын, оның өткізу қа­білетін арт­тыруға мүмкіндік беретін құ­быр учас­­кесі) аяқталды. Аталған жобаны іс­ке асы­руға 86 млрд теңге қаражат жұм­сал­­ды. Осы жобаның арқасында өңір­дегі бар­­лық тұтынушы, сонымен қа­тар Атырау арнайы экономикалық айма­ғының резиденттері, «Ұлттық индус­триялық мұнай-химия технопаркі» газбен қамтамасыз етілетін болады.

– Жобаның мақсаты – ең алдымен Аты­рау облысының энергетикалық қауіп­­­сіздігін қамтамасыз ету және оны кү­шей­ту. Сонымен қат­ар тұрғын­дар­ды газбен қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуметтік ахуалы мен еңбек жағдайларын жақсартуға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ жоба аясын­да ірі өнеркәсіп орындарының газға кө­шуіне ықпал етеді, – деді QazaqGaz бас­қар­ма төрағасы Санжар Жаркешов.

 

Газдандыру қарқыны арта түседі

Энергетика министрлігінің ресми деректері бойынша елімізде газдандыру көрсеткіші тұрақты түрде өсуде. 2022-2023 жылдары 412 елді мекен газбен қамту жүйесіне қосылып, нәтижесінде 628 мың адам көгілдір отынға қол жет­­кіз­­ген. Энергетика саласындағы кем-кетік­тер мен газ тасымалдау жүйесі­нің тоз­ғандығына қарамастан, республика тұрғындары жыл бойы үздіксіз газбен қамтамасыз етілді.

вап

– 2030 жылға қарай халықты газбен қамтамасыз ету көлемін 65 пайызға жет­кізу міндеті тұр. 2022 жылы бұл көрсет­­кіш 59 пайызға жетіп отыр. Мы­салы, қара­ша айында Түркістан облысы, Төлеби ауданының бірнеше елді мекеніне газ тартылды. Соның нәти­жесінде, бүкіл аудан 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілді, – дейді QazaqGaz басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Өткен жылдың аяғындағы жағдай бойынша елімізде 11 млн 700 мың адам тұрмыстық газды пайдаланып отыр. 85 400 жаңа абонент табиғи газға қосылды. Абоненттердің жалпы саны 2 409 мың бірліктен асты. Ал газ құбырларының ұзындығы 3 757 км-ге ұлғайып, 67 474 км-ді құрады.

2023 жылы Астана қаласы бойын­ша 2 мыңнан аса абонент газға қо­сыл­ды. Елордада газдандырылған або­нент­тердің жалпы саны 10 мыңнан асып отыр. Бұдан бөлек, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ қазандықтарын та­биғи газға қосып, елорданың сол жаға­лауындағы жоғары қысымды айналма газ құбырына газ беруді сәтті жүзеге асырды. Осы жобалардың барлығы жылумен қамтамасыз етудегі тапшылықты жоюға және Астана экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

 

Саланы цифрландыруға көңіл бөлінді

QazaqGaz қолданыстағы газ желілерін жаңғырту (магистралдық газ құбырлары жүйелеріндегі 2,6 мыңнан аса ақаулар жойылды) және жаңаларын салу бойын­ша жұмыстарды жалғастыруда. Атап айтқанда, пайдаланушының цифрлық тәжірибесін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Отандастарымыз 2023 жылдың қазан айынан бастап eGov.kz порталдағы онлайн-сервис арқылы өз үйлерін және басқа да нысандарды газдандыру үшін тиісті техникалық талаптарды алуына жол ашылды.

2023 жылы QazaqGaz және цифрландыру саласындағы әлемдік көшбас­шы­лардың бірі Рresight (G42) газ саласын цифрлық трансформациялау жө­нінде ынтымақтастық туралы келі­сімге қол қойды. Аталған келісім аясын­да бола­шақта газды есепке алудың транс­парент­тілігін арттыруға, оны тиімді басқаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

 

Газ өндірісі және инвестиция

QazaqGaz жаңа барлау жобалары негізінде газдың ресурстық базасын кеңей­туді жалғастыруда. Сонымен қа­тар газ саласындағы бағаны айқындау реформасы аясында жер қойнауын пай­­даланушылардан газды сатып алу баға­сын ынталандыратын формула бекітілді.

Қазақстанда газдың орташа сатып алу бағасы 1 мың текше метріне шамамен 40-50 долларды құрайды. Ал жаңа формула негізінде компанияларға газды 110-120 долларға сатуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестиция тартатыны анық.

Газдың ресурстық базасын дамыту шетелдік серіктестермен ынтымақтас­тық арқылы да жүзеге асырылады. Мысалы, 2023 жылы Қытайдың GEO-Jade Petroleum корпорациясымен При­дорожное және Придорожное Южное кен орындарын бірлесіп игеру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша қытайлық компания кен орнын игеруге толық қаржы бөледі. Жобалау жұмыстары 2024 жылы басталады.

– Біз елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту бойынша барлық шараны жасап жатырмыз. Сондықтан QazaqGaz Қазақстан Республикасының Энергетика ми­нистрлігімен және «Самұрық-Қазы­на» қорымен бірлесіп, саланың инвес­ти­циялық тартымдылығын қамтамасыз ету үшін газ саласында ауқымды реформа­лар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар газ кен орын­дарын игеруде салаға инвестор­лар тартуда, – деп түсіндірді Санжар Жар­кешов.

2023 жылдың төртінші тоқсанында Жамбыл облысының Мойынқұм ауда­нында жаңа «Анабай» газ кен орны пай­далануға берілді. «Qazaqgaz барлау және өндіру» ЖШС (QazaqGaz енші­лес кәсіпорны) кен орнын игеріп, 3 бұрғы­­ланған ұңғыманы қайта іске қосты және Анабай – Жарқұм газ құбырын тартты.

«QazaqGaz ресурстық базаны кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Компания қабылдаған тауарлық газ кө­лемін ұлғайту жөніндегі Жол картасы­ның жобасында бірнеше газ кен орындарын, оның ішінде жаңа «Анабай» кен орнын іске қосу көзделген. Сонымен қатар QazaqGaz жаңа учаскелерді геологиялық барлауға келісімшарттар алу бойынша жұмыс жүргізуде», деді С.Жаркешов.

2028 жылы өндіру көлемі 44 миллион текше метрге жетеді деп жоспарланып отыр.

 

Табыстар мен жоспарлар

2023 жылы Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау басталды. Бұл 823 км созылған «Орталық Азия-Орталық» магистралдық газ құбыры жобасының 3,5 айда рекордтық көрсеткіште аяқталуының нәтижесінде мүмкін болды. Бұдан бөлек, PetroChina International компаниясымен 2023-2026 жылдарға арналған жаңа экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Бұл – қос тарапқа экономикалық тұрғыдан тиімді келісім. Осы арқылы Қазақстан газын Қытайға экспорттау жөніндегі ынтымақтастықты жаңа деңгейге шыға­руға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы QazaqGaz басшысы Қытаймен жаңа экспорттық келісімшарттың талаптары мен перспективаларына қатысты Қы­тай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) және PetroChina International бас­шылығымен бірқатар келіссөз жүргізді.

Алға қойылған мақсаттарға қол жет­кізу үшін QazaqGaz 12 даму бағыты мен 50-ден аса жобадан тұратын кешенді стратегия әзірледі. Ұлттық компания отандық газ саласы үшін жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлуде.

QazaqGaz жоспарында upstream, downstream және midstream блоктарын­да жаңа жобаларды іске асыру тұр. Осы мақсатқа салынған қаржы 3 трлн теңге­ден асады. Олардың қатарында газ­дың ресурстық базасын кеңейту, транс­ферттік қаржыландыру арқылы инвестор есебінен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, Бейнеу – Бо­зой – Шымкент газ құбырының екінші желі­сінің өткізу қабілетін арттыру, сұйы­тылған табиғи газ өндіретін зауыт­тар салу және Қазақстанның авто­ма­гистралдарында көлікке газ құю станса­ларының желісін қалыптастыру секілді іргелі жобалар бар.

Өткен жылдың маңызды қорытын­дыларына Morningstar Sustainalytics ха­лықаралық рейтингтік агенттігі QazaqGaz компаниялар тобы қызметінің әлемдік деңгейдегі тұрақтылығына алғаш рет баға берді. ESG - 19,2 рейтин­гін алған QazaqGaz газ саласында тек ұлттық нарықта ғана емес, сонымен қатар жаһандық нарықта көшбасшы орында тұрғандығын көрсетті. Бұл рейтинг компанияның әлемдік нарық­қа шығуға бағытталған даму страте­гиясындағы басты қадамы болды және Initial Public Offering (IPO) перспективаларын дамытуға оң әсерін тигізді.

 

Газ тасымалы мен экспортындағы жаңа бастамалар

«Интергаз Орталық Азия» АҚ (QazaqGaz еншілес кәсіпорны) Алматы жылу электр стансаларын газға көшіру үшін газ инфрақұрылымын дайын­даудың екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті. Оның аясында ұзындығы 62,4 ша­қырымды құрайтын Алматы – Бай­серке – Талғар газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ға табиғи газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ газ құбырындағы төтенше жағдайлардың алдын алады.

Сонымен қатар газ құбыры Алматы қаласын Талғар автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГТС) арқылы то­лық көлемде газбен қамтуға және газ та­рату стансаларына қосылған желі­лер­ге газ беруді тоқтатпай, желіде күр­де­­лі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкін­дік береді.

2023 жылы Алматы энергетикалық кешенінің газ инфрақұрылымын салудың бірінші кезеңі аясында АГТС-тің іске қосылып, Алматы – Байсерке – Талғар және Қазақстан-Қытай газ құбырлары арасын­дағы TIP-04-тің ашылу рәсімі өтті. Айта кету керек, 3-АГТС үшінші ЖЭО-ны табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған Алматы жылу электр стансаларының газ инфрақұрылымын дайындаудың бірінші кезеңі мерзімінен бұрын аяқталды. Оның үстіне, біз екінші кезеңді – Алматы – Байсерке – Талғар газ құбырының екінші тармағын салуды бастадық», деді Санжар Жаркешов.

Жүзеге асырылған, жоспарда тұр­ған жобаларды және халықаралық рейтингтік агенттік берген бағалауды ескеретін болсақ, Қазақстанның газ саласында көшбасшы атануына барлық мүмкіндігі бар. Осы ретте Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының қол­дауымен QazaqGaz газ индустриясын жан-жақты реформалауды жүзеге асыр­мақ. Ал бұл елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына зор ықпал етері анық.