Сонымен қоса, ел адамдарының бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алғанына да тоқталды.
Қ.Тоқаев «Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ» екенін де ерекше атады. Соның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық зомбылыққа, қатыгездікке қатысты әрекеттерге де мүлдем төзбеушілік танытатын кез келгенін тағы да ескертті. Осылайша, Президент «Мен елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды» деп ойын тарқатып берді.
Кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік тәртіпке шақырады. Мүлдем төзбеушілік – бұл азаматтардың кері, қарымта әрекеті немесе кез келген ұсақ құқық бұзушылықтардың өзіне бой алдырмауы, кері жауап қайтаруы. Азаматтардың өздерінің құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысуын қамтамасыз етуі – құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастырудың басты шарты. Әрбір азамат еліміздегі заң мен тәртіп үстемдігін қалыптастыруға жауапты болуға тиіс. Еліміздің әр тұрғыны кез келген зорлық зомбылықтың, тәртіпсіздіктің, залалды әрекеттің жолын кесуге міндетті. Әрбір саналы азамат ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, бөтеннің мүлкін бүлдіру, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, жыныстық қол сұғушылықты ымдайтын, жыныстық қысым көрсететін, үйбұзар және басқа да әрекеттерді жасауға мүмкіндік тудырмай, күресе білгені жөн.
Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек, заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.
Қ.Тоқаев мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы және оған қарсы күрес жүйесіндегі заңнамалық негіз Конституция, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» арнаулы салалық Заң, қылмыстық және әкімшілік кодекстерде көрсетілген.
Заң отбасы-тұрмыстық қатынастарда, яғни неке-отбасы қатынастарындағы адамдар, жеке тұрғын үй, пәтер немесе өзге де тұрғын үй-жай шегінде бірге тұратын адамдар арасындағы, сондай-ақ бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастарда зорлық-зомбылық профилактикасын реттейді.
Жалпы алғанда, талдау көрсеткендей, әлемдік практикада отбасындағы зорлық-зомбылықтың болдырмау мәселесінде 2 негізгі тәсіл қалыптасты. Соның бірі – жазалау әдісі. Бұл жанжалдасушы тараптар арасындағы қатынастарды тоқтату және оған кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту арқылы зорлық-зомбылық циклін бұзуға бағытталған. Бұл тәсіл заңнамасы балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату жолына түскен қазіргі заманғы елдерде басым болып отыр.
Екіншісі – ресторативтік әдіс. Ол жанжалды реттеуге және отбасылық қатынастарды сақтауға бағытталған және көбінесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шараларды пайдалануды, әлеуметтік қызметтердің жанжалды реттеуге қатысуын, сондай-ақ түзету-тәрбиелеу және медициналық, ең алдымен, психологиялық көмектің мәжбүрлеу бағдарламаларын қолдануды көздейді.
Біздіңше, бұл бағытта әлемдік тәжірибені ескерген жөн.
Үнзила ШАПАҚ,
Мәжіліс депутаты